Таза Қазақстан – таза қала, жарқын болашақ

Қоғамның дамуы тек экономикалық көрсеткіштермен өлшенбейді. Азаматтардың мәдениеті мен жауапкершілігін айқындайтын негізгі өлшемдердің бірі – қоршаған ортаның тазалығы. Осы тұрғыда елімізде жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» акциясының маңызы зор.
Қалалар мен елді мекендердегі тазалық жұмыстары жыл бойы күн тәртібінен түспейді. Әсіресе күз мезгілінде қоқыс жинау, жиналған жапырақтарды шығару, қоғамдық аумақтарды ретке келтіру жұмыстары қарқынды жүргізіледі. Бұл шаралар қаланың санитарлық жағдайын жақсартумен қатар, тұрғындардың да тұрмыс сапасына тікелей әсер етеді.
Тазалық сақтау – тек коммуналдық қызметтің міндеті емес, ол – әрбір азаматтың күнделікті өмір салтына айналуы тиіс. Қоқысты дұрыс жәшікке тастау, ортақ аумақты таза ұстау, аулаға немқұрайды қарамау – болашақ ұрпаққа жасалған қамқорлық. Жеке жауапкершілік пен қоғамдық белсенділік қатар өрілгенде ғана нақты нәтижеге қол жеткізуге болады.
«Таза Қазақстан» – бұл тек сенбіліктер мен бір реттік іс-шара емес. Бұл – ұрпақ санасына тазалық мәдениетін сіңіруге бағытталған ұзақ мерзімді бастама. Ортақ мүддені қорғап, табиғат пен қоршаған ортаны аялай білген қоғамның келешегі де жарқын болмақ.
Таза қала – өркениетті елдің келбеті, ал оны сақтау – әр азаматтың парызы.

Сагинтаева Гульнар Сапаровна
Қаражал қаласының Мансап орталығы директоры