ЖҰМЫСТЫ ТҰТЫНУШЫНЫҢ МАТЕРИАЛЫНАН ОРЫНДАУ

«Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» ҚР Заңының 38 бабына сәйкес егер жұмыс толық немесе ішінара тұтынушының материалынан орындалатын болса, орындаушы сол материалдың сақталуына, оның дұрыс пайдаланылуына жауапты болады.

Жұмысты орындау (қызмет көрсету) туралы шартта немесе өзге де құжатта тұтынушы материалының нақты атауы және сипаттамасы көрсетілуге тиіс.

  1. Орындаушы:

1) тұтынушыны оның берген материалының жарамсыздығы немесе сапасыздығы туралы ескертуге;

2) материалдың жұмсалғандығы туралы есеп беруге және оның қалдығын қайтаруға міндетті.

  1. Орындаушы тұтынушыдан қабылдап алынған материалды жоғалтқаны және бүлдіріп алғаны үшін Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес жауап береді.

Орындаушыға берілетін материалдың құнын тұтынушы шартта немесе оны иеленуді (сатып алуды) растайтын өзге құжатта (түбіртекте, тапсырыста) айқындайды.

  1. Егер орындаушы тұтынушыны материалдың жоғалуына (бүлінуіне) әкеп соғуы мүмкін айрықша қасиеттері туралы ескерткен болса, орындаушы тұтынушыдан қабылдап алған материалды толық немесе ішінара жоғалтқаны (бүлдіріп алғаны) үшін жауапкершіліктен босатылады.
  2. Орындаушы тұтынушының нұсқауларын сақтау және тұтынушыға байланысты өзге де мән-жайлар орындалатын жұмыс сапасының өзгеруіне әкеп соғатыны не оны мерзімінде аяқтауға мүмкіндік бермейтіні жөнінде тұтынушыны уақтылы ескертуге міндетті.

Егер тұтынушы орындаушының уақтылы және негізді ескертуіне қарамастан, шартта белгіленген мерзімде жарамсыз немесе сапасыз материалды ауыстырмаса, жұмысты орындау тәсілі туралы нұсқауларын өзгертпесе не жұмыс сапасының өзгеруіне әкеп соғатын өзге де мән-жайларды жоймаса, орындаушы шартты бұзуға құқылы.