Ұлытау облысында «Amanat» партиясының саяси менеджмент академиясының модульдік оқыту бағдарламасы басталды

Ұлытау облысында «AMANAT» партиясының Саяси менеджмент академиясы ұйымдастырған модульдік оқыту бағдарламасы өз жұмысын бастады. Үш күнге жоспарланған оқу семинары Жезқазған қаласындағы Абай атындағы мамандандырылған мектепте өтуде.

Оқу-семинарына Ұлытау облысының барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары, ауыл әкімдері, бастауыш партия ұйымдарының төрағалары мен мүшелері, сондай-ақ партия филиалдарының қызметкерлері қатысуда.

 

Семинардың ашылу салтанатында «AMANAT» партиясы Ұлытау облыстық филиалының төрағасы Бауыржан  Шыңғысов сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі. Ол қазіргі кезеңде саяси менеджмент, тиімді коммуникация және көшбасшылық дағдыларын жетілдірудің маңыздылығына тоқталып, мұндай оқыту бағдарламаларының партиялық кадрлардың кәсіби әлеуетін арттырудағы рөлін атап өтті.

Оқыту бағдарламасының спикерлер қатарында «AMANAT» партиясының Саяси менеджмент академиясының лекторы, партияның Орталық аппараты Саяси жұмыстар департаменті директорының орынбасары Гүлнар Нұрахметханова, Назарбаев Зияткерлік мектебі Педагогикалық шеберлік орталығының тренері, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген білім беру қызметкері Ділдахан Ибрагимов, Экономикалық зерттеулер институты Өңірлерді зерттеу орталығының директоры Нұрболат Құрмет, Саяси менеджмент академиясының тренері Нұрлан Дулатов, Ұлытау облыстық мәслихатының депутаты, экономика және бюджет жөніндегі тұрақты комиссияның төрағасы Виктория Ставицкая, журналист, AlmaU университетінің тренері Салтанат Оңғар және Саяси менеджмент академиясының әдіскер-тренері Бақыт Әділбекова бар. Олар қатысушылармен өз тәжірибелерімен бөлісіп, саяси коммуникация, көшбасшылық, қоғаммен байланыс, өңірлік даму, әлеуметтік-экономикалық талдау, тиімді басқару және командалық жұмыс бағыттары бойынша дәрістер мен тәжірибелік сабақтар өткізеді.

Бағдарламаның негізгі мақсаты – партия мүшелерінің кәсіби біліктілігін арттыру, заманауи басқару дағдыларын дамыту және өңірлердегі саяси жұмыстың тиімділігін күшейту. Модульдік оқыту аясында қатысушылар жаңа білім мен тәжірибе жинақтап, өзара пікір алмасу арқылы кәсіби байланыстарын нығайтуға мүмкіндік алады.