Ұлтты ұйытқан ұлық мейрам

Ежелден жаңару мен жақсылықтың бастауы, ырыс пен берекенің арқауы болған түркі тілдес мемлекеттердің ең ұлық мейрамы – Наурыз мерекесі Қаражал қаласында биылғы жылы да жоғары деңгейде аталып өтті.

Ақтың молаятын, күннің ұзаратын кезге дөп келетін бұл ерекше мейрам өңірде дәстүрлі түрде онкүндік іс-шаралар жоспарына сәйкес тойланады. Оған дүйім ел белсене атсалысады. Мемлекеттік мекемелер қызметкерлері кабинеттерін Наурыз нақыштарымен әрлеп, жұмыс орнына ұлттық киімдермен келеді.

Әлбетте, мейрам Көрісу күнінен бастау алады. Бірін-бірі қыстан аман шығып, көктемге жеткендігімен құттықтайды. Өкпе-назы болса, туған-туыс, дос-жаран, көрші-қолаң татуласып, қайта табысады. Бұл күн 14 наурызда әлеуметтік желі арқылы мекеме басшыларының құттықтауларымен басталды. Сондай-ақ, шуақты мереке аясында «Жайлау күні», «Шежіре күні», «Тарихқа тағзым күні» атты іс-шаралар онлайн және офлайн түрде өтіп жатты.

Күн мен түн теңеліп, жер-дүние шуаққа кенелетін Ұлыстың ұлы күні, яғни, 21-нен 22-не қараған күні қалада дүркіреген той болды десем, артық айтқандық емес. Сол сәтте мәдени-сауық орталығының іші де, сырты да адамға лық толды. Сахна бір мезет босамады. «Армысың, әз-Наурыз» атты концерттік бағдарламамен басталған қойылымдар ұлттық салт-дәстүрлермен жалғасты. Сол арқылы мекемелер ұжымдары өзара сайысқа түсті. Ең әсерлісі және көрермен көзайымына айналған мекеме жеңімпаз атанды. «Құда түсу», «Наурыз жыры», «Баланы қырқынан шығару», «Беташар» «Қыз ұзату» сынды қазақи дәстүрлер қойылымы бірінен-бірі өтеді. Ұлттық құндылықтарды сақтау әрі насихаттау мақсатында ұйымдастырылған байқауда топ жарып, «Қыз ұзату» дәстүрімен №1 қазақ мектебі 1 орынды ұтып алды. «Наурыз жыры» дәстүрімен қалыс қалмаған, қалалық орталық аурухана ұжымы 2 орынға ие болды. Ал, қала әкімі аппаратының ұжымы мен мекемелері «Құда түсу» дәстүрімен және №7 мектеп ұжымы «Бесікке салу» дәстүрімен 3 орынға қол жеткізді.

Қатысушылардың барлығына Алғыс хаттар мен қаржылай сый-сияпаттар табысталды.

Сол күні орталық алаңда қайырымдылық дастарқандары жайылып, ұлттық тағамдар таратылды. Жастар ресурстық орталығының қызметкерлері «Бауырсақ пати» этноконкурсын ұйымдастырып, жұртшылыққа ыстық бауырсақтан ауыз тигізді. Аталмыш конкурсқа 8 мекемеден қыз-келіншектер қатысты. Қазылар алқасының шешімі бойынша қалалық білім бөлімінің іс жүргізушісі Мәдина Рахимова 1 орынды ұтып алды. Ал, 2 орын Қаражал қалалық орталық ауруханасының медбикесі Айзада Жолшыбековаға бұйырды. №3 мектептің мұғалімі Александра Пушканова 3 орынға ие болды.

Сондай-ақ, жас жігіттер арасында «Сақырлаған самаурын» сайысы өтті. Бұл сайыста атында айтып тұрғандай, кімнің самаурыны сақырлап тез қайнаса, сол жеңімпаз атанды. №1 жалпы білім беретін мектептің атынан қатысқан Жан Асланның самаурыны лезде қайнап, 1 орынды еншілесе, 2 орынды қалалық орталық ауруханадан Дүйсенбек Мұқышев иеленді. №7 мектеп мұғалімі Айдын Торғайбеков пен тау-кен техникалық колледжінің өндірістік оқыту шебері Бауыржан Тиыштықбаев 3 орынға табан тіреді.

Қалалық денешынықтыру және спорт бөлімі бірнеше сайысты онлайн және офлайн түрде өткізді. Қазақ күресінен 70 және +70 келі салмақ дәрежесінде қалалық турнир ұйымдастырылды. 70 келі салмақ дәрежесі бойынша Ұлан Наукенов жеңімпаз атанды. Ақжол Егінтаев 2 орынды иеленсе, Нұрбол Аханов 3 орынды қанағат тұтты. Ал, +70 келі салмақ дәрежесіндегі сынның жеңімпазы Тілектес Жәкенов болды. 2 орын Жанәділ Төкенге бұйырса, 3 орынды Әнуар Шайхин иеленді.

Асық атудан өткен қалалық турнирде Санжар Киікбай мергендігін дәлелдеп, 1 орынды иеленді. Ал Бекжан Бейбітұлы 2 орын алса, Дамир Орынбек 3 орынға тұрақтады.

Сондай-ақ, қол күрестен Виктор Шевцов 1 орынды иеленді. Марлен Мусин 2 орынға табан тіресе, 3 орынды Батырлан Сүйіндіков алды.

Спортшылар арасында кір тасын көтерушілер де аз емес екен. Қайрат Хамзин белсенділік танытып, жеңімпаз атанды. Ал, Ерсұлтан Сембек 2 орынды иеленді. 3 орынды Қазыбек Әлқуатов місе тұтты.

Ұлық мейрамда қайырымдылық шаралары да ескерілді. Республикалық «Қайырымды ұлт» акциясы аясында еңбек ұжымдарының ат салысуымен «Наурыз кәдесі», «Наурыз қоржын» сыйлықтары көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға таратылды.

Тағы бір айрықша айта кетер жайт – мейрам күні жеке кәсіпкер Наржігіт Кәрібаев өзінің көлік жүргізушілерімен бірге қала тұрғындарын тегін тасымалдады. Бұл қызмет таңғы сағат 9.00-ден 19.00-ге дейін көрсетілді. «Нартай» ЖК көлік жүргізушілері ұлттық киім киіп, көліктерін мерекелік құттықтаулармен безендіріп, халықтың алғысына бөленді. Бұл Наржігіттің алғашқы қайырымды ісі емес екенін қала тұрғындары жақсы біледі.

Иә, Наурыз – халық үшін ұлан-асыр той. Тіршілік атаулы жаңаратын, нұр молығатын, пейіл түзелетін, көңіл көркейетін кезең. Бір мейрамда қаншама игі іс атқарылып, ізгі ниет көрсетілді. Сол үшін де оның алар орны биікте, тарихы тым тереңде.

Ұлт мерейін өсіріп, бар болмысымызды айшықтайтын қасиетті Наурыз мейрамы елімізге, әр отбасына бірлік пен қуаныш, құт-береке, бақыт пен молшылық әкелсін!

Ұлыс оң, ақ мол болсын!

Мөлдір ХАМИТҚЫЗЫ