Қыстың қақаған аязы мен көктемнің ызғарлы желі де бірте-бірте шегіне жетіп, табиғат өз ырғағына қайта түсе бастады. Айнала бусанып, жер беті жасыл шапан жамылып, тіршілікке жаңа тыныс берген шуақты күндер ауылымызға да жетті. Қыс бойы халықты жылумен қамтамасыз еткен қазандықтар өз жұмысын тоқтатып, жылу беру маусымы табысты түрде аяқталды.
Осы кезеңді тиімді пайдалана отырып, тұрғындардың қыстан кейінгі көңіл-күйін, өткен маусымда орын алған түйткілді мәселелерді және алдағы уақытқа қатысты ой-пікірлері мен ұсыныстарын тыңдау мақсатында кент әкімі Қайрат Жансағымов арнайы бекітілген кестеге сәйкес Жәйрем кентінің тұрғындарымен бірқатар кездесулер өткізді.
Бұл жүздесулердің негізгі мақсаты – елмен етене байланыс орнатып, халықты толғандырған мәселелерді ашық талқылау және оларды шешудің нақты жолдарын белгілеу болды.
Әкімнің жұмыс сапары көп қабатты тұрғын үйлер орналасқан 2-орамнан бастау алды. Кездесу барысында тұрғын үй қорын басқарудың жаңа тетіктері, соның ішінде мүлік иелерінің бірлестігін құру немесе азаматтық-құқықтық шарт негізінде үйлерді бірлесіп басқару мәселелері кеңінен қозғалды.
Сонымен қатар, орам аумағының тазалығы, сенбіліктер ұйымдастыру, ағымдағы жылы атқарылып жатқан және алдағы уақытта жоспарланған абаттандыру жұмыстары, қараусыз жүрген мал мен қаңғыбас иттер мәселелері де назардан тыс қалмады.
Кездесуге кент әкімімен бірге Қаражал қалалық мәслихатының депутаттары Марлан Шамбулов, Гауһар Наурызбаева, әкім аппаратының жауапты мамандары, жергілікті шаруашылық мекемелерінің басшылары және полиция бөлімінің өкілдері қатысты. Мұндай кең құрам тұрғындар тарапынан қойылған сұрақтарға жедел әрі нақты жауап беруге мүмкіндік жасады.
Жалпы, көп жылдан бері қозғалыс таппай жүрген күрделі мәселелер бұл жолы аса көп көтерілген жоқ. Бұрын халықтың жанайқайына айналған шатырлардың тозуы, жертөлелердің жай-күйі, жылу беру сапасына қатысты түйткілдердің соңғы жылдары кезең-кезеңімен шешімін тауып келе жатқаны айтылып, тұрғындар өз ризашылықтарын білдірді.
Сонымен қатар, нақты мәселелер де көтерілді. Мұратбаев көшесіндегі №9 үй тұрғындары шатырды жөндеуге көмек көрсетілуін сұраса, Әуезов көшесіндегі №8 және №10 үйлердің тұрғындары жауын-шашын кезінде үй маңына су жиналып, жүріп-тұрудың қиындап кететінін жеткізді.
Металлург көшесіндегі №17 үйдің тұрғындары аула ішіндегі жол қауіпсіздігін реттеу, көгалдандыру жұмыстарын жүргізу үшін су тарту, сондай-ақ үй қасбеттерін жөндеуге ықпал етуді өтінді.
Ал Әуезов көшесіндегі №2 үйдің тұрғындары бірнеше жылдан бері көтеріліп келе жатқан мәселені қайта алға тартып, үйлерінің апаттық жағдайда тұрған-тұрмағанын анықтау мақсатында арнайы техникалық экспертиза жүргізу қажеттігін айтты.
2-орам тұрғындарын көптен бері мазалап келе жатқан ортақ мәселенің бірі – қараусыз қалған, сыртқы келбеті әбден тозып, қоқыс жиналатын орынға айналған темір гараждар болды. Жеті үйдің тұрғындары бұл гараждарды толығымен жою арқылы орам аумағын ретке келтіріп, көріктендіру қажеттігін бір ауыздан жеткізді.
Барлық қойылған сұрақтар бойынша кент әкімі Қайрат Жансағымов жан-жақты түсініктеме беріп, әр мәселе бойынша нақты тапсырмалар жүктеді. Кездесу қорытындысында арнайы хаттама толтырылып, қозғалған мәселелердің орындалу мерзімдері айқындалды.
Жиын соңында жергілікті полиция бөлімінің бастығы Медет Искаков тұрғындар алдында сөз сөйлеп, соңғы уақытта жиілеп кеткен алаяқтық әрекеттер туралы ескерту жасап, халықты барынша сақ болуға шақырды.
Сонымен бірге, күннің жылынуына байланысты көшеде мотоциклдер мен скутерлер санының артып келе жатқанын атап өтіп, екі дөңгелекті көліктердің жол-көлік оқиғаларына жиі себеп болатынын ескертті. Осыған байланысты ата-аналарға кәмелеттік жасқа толмаған балалардың мұндай көліктерді басқаруына жол бермеуді қатаң бақылауда ұстауды өтінді.
Кездесуден кейін 2-орам аумағында орналасқан, жұмысын тоқтатқан қазандықтар да назардан тыс қалған жоқ. Қыстай халықты жылумен қамтамасыз еткен екі қазандық нүктесі толығымен тазартылып, ішкі аумақтары, тіпті едендеріне дейін жуылып, тәртіпке келтірілді.
Бұдан кейін Қайрат Аманкелдіұлы бастаған жұмыс тобы І орам тұрғындарымен кездесіп, олардың да мұң-мұқтажы мен ұсыныс-пікірлерін тыңдады.
Алдағы уақытта келесі кең көлемді кездесу жылу беру маусымы басталар кезеңге жоспарланып отыр. Сонымен қатар, халықпен байланыс мұнымен шектелмей, әкімнің есеп беру кездесулері, жеке қабылдаулар және жергілікті WhatsApp желілері арқылы келіп түсетін өтініш-шағымдар негізінде тұрақты түрде жалғасын табатын болады.
Халықпен жиі жүздесіп, ел мұңын тыңдап, тұрғындарға барынша жақын болу – баршамызға ортақ міндет.
Теректі ШАҒАТАЙ
