Құрметті жерлестер!

Абай күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймыз!

Биыл əлемдік деңгейдегі ғұлама ойшыл, ұлы ақын, ағартушы, ұлт руханиятының темірқазығы Абай Құнанбайұлының туғанына 177 жыл толады.

Мемлекет басшысының тапсырмасымен Үкімет қаулысына сәйкес, 10 тамыз – Абай күні болып белгіленді. Тарихи шешімнің қабылдануының мәні – тереңде. Өйткені, әр заманда әрбір ұлт пен мемлекеттің келбетін сындарлы ой-толғауларымен, жарқын да жасампаз идеяларымен айқындаған тұлғалар болған. Ұлыларын ұлықтаған ел ғана болашаққа батыл қадам жасайтынын тарих сан мәрте дәлелдеді

Абай мұрасы – елімізді, халқымызды әрқашан жаңашылдыққа, әділдікке, ғылым-білімге, өркениетке жетелейтін баға жетпес құндылық.

«Адамзаттың Абайы» атанған ұлы кемеңгердің асыл сөздері – бүкіл әлемге ортақ құнды қазына. Ал туған халқы үшін ақын өсиеті – адамгершілік асыл қасиеттерді биік ұстай отырып, алға жетелеуші зор рухани күш.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, Абай – қазақтың әлемдік деңгейдегі кемеңгер данышпаны. Оның еңбектері өзінің өзектілігін жоғалтпай, күні бүгінге дейін ұлтымыздың және бүкіл елдің әлеуметтік, мәдени, рухани өмірінің бағыттарын анықтап келеді.

Қымбатты жерлестер!

Баршаңызды ұлт руханиятының үлкен қуанышы саналатын Абай күнімен құттықтаймыз! Бізге жол көрсетіп тұрған шамшырақтай болған Абай тұлғасы жарқырай түссін!

Бұл күн бірлігі бекем қазақ даласын татулыққа шақыратын, адамгершілікке үндейтін қастерлі күнге айналсын!

Тілектес ДОСАЕВ,

Қаражал қаласының әкімі.

Зәмзагүл ОСПАНОВА,

қалалық мәслихат хатшысы.