30 оқу орны, 300 грант

Ұлытау облысы жастарының биылғы мүмкіндігі осындай. Яғни, Ғылым және жоғары білім министрлігі биыл біздің облысымызға 300 білім грантын беріп отыр. Бұл грант иелері еліміздің 30 жоғары оқу орындарында тегін білім ала алады.

Бұл мәселе Ұлытау облысының өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен «Мемлекеттік грант – 2023. Ұлытау облысының жастарына арналған гранттар» деген тақырыптағы брифингте мәлім болды. Аймақтың ақпарат саласы қызметкерлерімен болған кездесуде облысық білім басқармасының басшысы Сапура Төлекова студенттер үшін жасалынған мүмкіндіктерді жіпке тізіп шықты.
– Биыл Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігі еліміздің оңтүстік, батыс және жаңадан құрылған өңірлерінің жастарын оқыту үшін 5000 нысаналы грант бөліп отыр. Мұның 300 білім гранты Ұлытау облысына тиесілі.
Гранттар қатарында педагогикалық ғылымдарға 50, жаратылыстану ғылымдары, математика және статистикаға 55, Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар бойынша 45 және инженерлік, өңдеу және құрылыс салаларына 150 грант қарастырылған, – дейді Сапура Сейдуалиқызы.
Спикердің айтуынша, аталған 300 грантты иеленген жастар еліміздің 30 жоғары оқу орнында тегін білім алу мүмкіндігіне ие болады. Мемлекеттік грант иегерлері жатақханамен, стипендиямен қамтамасыз етіледі және диплом алғаннан кейін жұмыс орнын өзі таңдауға мүмкіндік бар.
– Мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша білім алушыларға ай сайынғы мемлекеттік стипендия педагогикалық және денсаулық сақтау бағытынан басқа мамандықтарға 36660 теңге болса, педагогикалық және денсаулық сақтау бағытындағы студенттерге – 58800 теңгені құрайды, – дейді басқарма басшысы.
Сапура Сейдуалиқызы сондай-ақ, мемлекеттік грант конкурсына қатысуға қажетті құжаттарды да тізбектеп айтып берді. Құжаттар (өтініш, 075 формадағы медициналық анықтама, 3*4 фотосурет, білімі туралы құжат (аттестат немесе диплом), ҰБТ сертификаты) 13-20 шілде аралығында қабылданады.
Қазіргі таңда құжаттарды қабылдау жоғары оқу орындарының қабылдау комиссияларында, шалғай өңірлер үшін egov.kz электронды үкімет порталы және Ұлттық тестілеу орталығының сайты арқылы жүргізілуде.
– Сонымен қатар, биыл Ұлытау облысы әкімі де жастар үшін 90 білім грантын бөліп отыр. Бұл өңір жастары үшін таптырмас мүмкіндік. Атап айтқанда, педагогикалық ғылымдарға 38, бизнес, басқару және құқық салаларына 5, инженерлік, өңдеу және құрылыс салаларына 47 грант қарастырылған, – дейді Сапура Төлекова.
Брифинг соңында спикерге тақырып аясында сұрақтар қойылып, тұщымды жауаптар берілді.

Ізтай БеЛГІБАЙҰЛЫ