Әйел – ана, әйел – батыр, әйел – жар

Білесіздер ме, дүниедегі ең сұлу кім? Дүниедегі ең сұлу – ол әйел, ол – ана! Неге? Әйел – бар мұратын отбасының игілігіне арнаған әлемдегі ең асыл, ең ізгі адам. Әйел – бар тілегін, арманын перзентінің жолына арнаған әлемдегі ең мейірімді жаратылыс. Әйел – бақытты некені ерінің талайынан күткен әлемдегі ең адал жан. Әйел – ұлттың ұйытқысы. Әйел – ұрпақтың анасы.

Даңқты батыр атамыз – Бауыржан Момышұлы «Біздің жерімізде еркек – діңгек, әйел – гүл. Діңгек – жапырақсыз, гүлсіз, қазақша айтқанда «қу бас» деген сөз. Әйел – құнарлы топырақ, онда адамзат дәні өсіп, жетіледі. Біз – сол дәннің жемісіміз. Әйелсіз адамзат «жемісі» ешқашан да болмайды» деген екен. Қандай тауып айтылған сөз!

Расында да, әйел – өмірдің мәні, әйел – тіршіліктің сәні, әйел – шаңырақтың ұйытқысы. Бір сөзбен айтқанда, әйелдің адамзат өміріндегі орны мен рөлі ерекше. Атам қазақ ықылым заманнан бері бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербеткен аналарға ерекше құрмет көрсеткен. Қыздарын қадір тұтып, төрінен орын ұсынған. Қазақтың әйелдері де, қыздары да сондай құрметке лайық болғаны тарихтан мәлім. Сонау Тұмар анамыздан бастап кешегі Әлия мен Мәншүкке дейінгі аралықта даналығымен, ақылдылығымен, батырлығымен еліне, жеріне қорған болған бұрымдылар аз емес.

Ендеше, бүгін мақтасақ – барлығын жеңетін, тіршіліктің бұлағы Әйел-Ананы мақтайық. Оның алдында ажал да бас иегендіктен әйелді батыр деп дәріптейік. Ханды да, дананы да, батырды да өмірге әкелген әйелді – асыл жар деп ардақтайық. Бізге қажымас қайрат беретін – Әйел-Анаға бас иейік!

Айтыстың Асанқайғысы атанған ақын Жүрсін Ерман айтқандай «Қай жерде, мейлі, қай елде, әлемнің мәні – әйелде…».

Әйелдер мәңгі жасасын!

Ізтай БЕЙСЕНБАЕВ.