Жігіттер алаңға шықты

Ұлыстың Ұлы күні – Наурыз мейрамына арналған іс-шаралар аясында Жәйрем кентінің 50 жылдық мерейтойы мен «Казцинк» компаниясының 25 жылдығына орай, «Жәйрем кен байыту комбинаты» АҚ кәсіподақ ұйымы мүшелерінің (ерлер) арасында кәсіподақ ұйымының ұйымдастыруы, Спорт федерациясының жүргізуімен волейболдан жарыс өткізілді.

Екі жылға жуық пандемияға байланысты жарыс өткізуді айтпағанда, спорт залға кіруге шектеу қойылғандықтан, жандары спортты қалайтын жандардың көңілдерін кірбің басып жүр еді. Кесапаты мол кеселдің беті қайтып, бұқаралық іс-шараларға рұқсат берілген сәттен бастап, жұмыскерлерді спорт залында жинауға жедел кірісіп кеттік.

Үш мереке құрметіне ұйымдастырылған жалаулы жарысқа 9 команда қатысты. Сайысқа түсуден бұрын бір-бірімен еркін жүздескендеріне қуанған спортшылар сынына Спорт федерациясының жаттықтырушылары төрелік етті.

Сағыныса көріскен сайыскерлер жүлделі орындарға бірнеше сағат бойы таласып, нәтижесінде І орынды «Батыс» каръерінің командасы, ІІ орынды полиметалл байыту фабрикасының командасы, ал ІІІ орынды теміржол цехының командасы иеленді.

Жеңімпаз және жүлдегер командаларға қаржылай сыйлықтар мен дипломдар табысталды.

Гауһар НАУРЫЗБАЕВА,

«Жәйрем кен байыту комбинаты» АҚ кәсіподақ ұйымы төрағасының орынбасары.