Жеті өлшеп, бір пішетін азамат

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында кәсіби маманның қадірін білу керек екенін, еңбекқор адам мемлекетті дамытатынын баса айтып, «елімізде еңбекқор адам, кәсіби маман ең сыйлы адам болуға тиіс. Осындай азаматтар мемлекетімізді дамытады. Біз қарапайым еңбек адамына құрмет көрсетуіміз керек», – дегенді.

Ия, күнделікті күйбең тіршілікте бар сенгені тұла бойындағы қара күші мен болмысындағы еңбекқорлық болып, ақ адал еңбегімен нанын тауып жүрген қарапайым еңбеккерлерге деген құрмет қашанда жоғары болуы тиіс.

Бүгінгі мақаламызға арқау болып отырған азамат та көзін тырнап ашқаннан екі қолына сенген, көз майын тауысып, жалындаған отқа да, қақаған аязға да қарсы тұрып, өз еңбегімен өзіне де, айналасына да зор пайдасын тигізіп жүрген жан. Ол — «Жәйрем кен байыту комбинаты» АҚ «Батыс» кенішінің дәнекерлеушісі Әміров Нұрлан Дүйсенбекұлы.

Нұрлан Әміров 1977 жылы Жезқазған қаласында дүниеге келген. Орта мектепті тәмамдаған соң, Жезқазған қаласындағы №9 училищеге «Газбен және электрмен дәнекерлеуші» мамандығына оқуға түсіп, 1995 жылы «Қазахмыс» корпорациясының Мыс зауытына, металлургия бөліміне жұмысқа тұрады. Ол жерде 2010 жылға дейін еңбек етіп, кейіннен Қарағанды қаласына, артынша Жәйрем кентіне қоныс аударып, «Жәйрем кен байыту комбинаты» АҚ-ның «Жомарт» кен орнында вахтамен жұмысқа орналасып, міне, содан бері тапжылмастан комбинатта еңбек етіп келеді. Жұмыста өз ісіне адал, жүктелген міндеттіліктерге үлкен жауапкершілікпен, ұқыптылықпен қарайтын және айналасына тек күлімдеген қалпымен жағып тұратын азамат ұжымдастарына да өте сыйлы, сонымен қатар, басшылары алдында да үлкен құрметке ие. Өндірістік үрдістерде шұғыл түрде атқарылатын дәнекерлеу жұмыстары күннің аптап ыстығына да, қақаған аязына да қарамайтыны белгілі. Себебі, сәл ауытқуды, болмашы кідірісті қаламайтын өндірісті тоқтатуға болмайды. Ал ондай талаптың орындалуына әрбір жұмыскер бар күшін салуы тиіс және Нұрландай азаматтар бар күшін салады да.

«Батыс» карьерінің учаске бастығы Найль Игемберлин:

Біздің дәнекерлеуші Нұрлан Әміров «Жәйрем кен байыту комбинаты» АҚ-ның өте құнды мамандарының бірі. Ол өзіне жүктелген барлық жұмысқа кірісер алдында, үлкен оймен, жоспармен, уақыт үнемдеп және сапалы түрде орындалуын көздеп, жұмыстың тек оңтайлы жолын ойластырып, жеті өлшеп, бір пішеді. Қатардағы дәнекерлеушілер 1 сағат атқаратын жұмысты ол небәрі 25-30 минутта сапалы түрде атқарып шығады. Берілетін жүктемені де он рет түсіндіріп жатпайсың, бір дегеннен қағып алады. Еңбекті қорғау және қауіпсіздік техникалары талаптарын да ешқашан бұзған емес. Ол дегеніңіз оның біліктілігін көрсетеді. Адам өміріне де, денсаулығына да қауіпті дәнекерлеу аппараттарымен Нұрлан Әміров ойыншықпен ойнағандай жұмыс істейді. Оның дәнекерлеген бөлшектері мен құрылғылары зауыттан жаңа шыққандай болып шығатынына риза боламыз. Өте мықты, білімді де білікті дәнекерлеуші.

Міне, өндірістегі басшысы осындай керемет мінездеме берген Нұрлан Дүйсенбекұлын жәйремдіктер ғана емес, маңайымыздағы жақын елді мекендердің барлығы «Нурик сварщик» деп біледі десек те артық айтпаған болар едік. Оның қызметін Түгіскен, Қаражал, Ералиев, Қызылжар, Жаңаарқа, Теректі елді мекендерімен қатар, Астана, Қарағанды, Жезқазған, Балқаш қалалары да көріп жүр. Себебі, Нұрлан 15 күндік вахталық жұмысынан кейін ауылда жер үйлерде тұратын отбасылардың пештерін дәнекерлеп, жылу, су жүйелерін іске қосып, автокөліктердің қосалқы бөлшектерін дәнекерлеп, қала берсе қолдан ойып, қақпа жасап, кәуап пісіретін пеш, монша пештерін жасайды. Қысқасы, қолына түскен темірден ою ойып, түйін түйетін азамат. Әсіресе, дәл қазіргі жылу беру маусымында Нұрлан Әміров үй көрмей кетеді. 15 күнгі өндірістің ауыр жұмысынан кейін бір сәт демалғысы келген арманының тура осы жылу беру маусымында орындалуы екі талай. Адам баласының көңілін қалдырып көрмеген азамат, күздің қара суығына қарамай, қазір елдің пешін, жылу жүйесін жасаумен алысып жүр.

Дүниеге үш бала әкеліп, тұңғыштары Нұрланның, одан кейінгі Нұргүл мен Еркебұлан есімді балаларының бар тілеуін тілеп отырған әкесі Дүйсенбек пен анасы Бота бірнеше жыл «Қазақмыс» корпорациясында еңбек етіп, бүгінгі таңда бейнеттің зейнетін көріп отырған жандар. Әкесі кен балқытушы болса, анасы есепші болған.

Өз ісіне мығым, қара жұмысқа қаршадайынан араласып, бүгінгі күні нағыз бесаспап дәнекерлеуші болып алған Нұрлан Әміров кәсіби шеберлігі жайында былай деп сыр бөлісті:

– Маған дәнекерлеу жұмыстары бала кезімнен қатты ұнайтын. Қатарым жоғары оқу орындарына түсуге дайындалып жатқанда, мен 9 сыныпты бітіріп, кәсіби мамандықтар беретін училищеге оқуға түсіп, сыныптастарым 1 курс студенттері болып жатқанда мен еңбекке араласа бастадым. 19 жасымда шаңырақ көтердім. Өмірлік жарым Ақмарал Әмірова екеуміз бүгінгі таңда 5 баланың ата-анасы болсақ, 4 немеренің ата-әжесіміз. Жарымның мамандығы есепші-бухгалтер. Үлкен қызым Мадина ұлағатты ұстаз болса, екінші қызым Наргиза мәдениет саласында қызмет етеді. Ұлым Нұрболат стомотолог-дантист, Хантөрем 1 сыныпта оқиды, Нұртөрем бір жастан енді асты. Дәнекерлеу жұмыстары мен үшін әдемі бір әлем. Жыртықты жамап, жарылғанды бүтіндеп, сом темірді иіп, ою өрнек жасау керемет әсер береді. Тігінші мата, жіппен, ұста ағашпен, суретші қағаз қаламмен өнерін паш етсе, менің жұмыстағы да, күнделікті өмірдегі де бар нан табар құралым – ол дәнекерлеу аппараты.

Дәнекерлеу жұмыстары, сонымен қатар, үлкен қауіпсіздікті, әсіресе өрт қауіпсіздігін талап етеді. Оның үстіне көз жанарыңа да аса сақ болуың керек. Сондықтан да, мен кез-келген дәнекерлеу жұмыстарына әбден ойланып, қауіпсіздік шараларын сақтай отырып кірісемін. Алайда, шын жүрегіңмен қалап, шынайы көңілмен атқарған сүйікті ісіңде шаршау деген болмау керек. Бейнеттің түбі әрқашан да зейнет. Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей!

Біз осындай еңбекқор жандарымызбен мақтанамыз. Өндірісіміздің өнімді болуы, үздіксіз еңбек етіп, апатсыз, жазатайым жағдайсыз жұмыс істеуі осындай еңбеккерлердің қолында. Олай болса, еңбеккерлеріміз білікті болып, еліміз аман, жұртымыз тыныш болғай!

Гауһар НАУРЫЗБАЕВА,

«Жәйрем кен байыту комбинаты» АҚ Бастауыш Кәсіподақ ұйымы төрағасының орынбасары.