Жас спортшылар жүлдемен оралды

Спорт – мемлекеттің мәртебесін, ұлттың намысын айқындайтын көрсеткіш. Осы орайда халықаралық аренада Қазақстан спортының беделі жыл санап көтеріліп келе жатқаны айқын. Оған біздің де жерлес спортшылар өз алдынан өз үлестерін қосуда. Олардың жетістіктері мен жеңістері туралы үнемі баспасөз беттеріне жариялауға жалыққан емеспіз.

Ағымдағы жылдың 16-17 сәуір аралығында Теміртау және Жезқазған қалаларында «Қазақстандағы балалар жылына» арналған дзюдо күресінен 2009-2010, 2011- 2012 жылдары туылған кіші жасөспірімдер арасында ашық біріншілігі өтті. Аталған жарысқа жас спортшылар жүлделі орындарымен оралды. Теміртау қаласында «OpenJudoKids» турниріне Қазақстанның бірнеше қалаларынан 500-ге жуық спортшылар қатысты. Біздің жерлес жаттықтырушы Арман Отарбаевтың оқушылары Абдулла Нұрлан, Әли Арынғазы, Мәди Арынғазы, Рамазан Боранбай, Рахметолла Ермек, Нұрасыл Шалғынбай, Нұртілеу Батырбек күресіп қайтты. 38 кг салмақ дәрежесінде 3 орынға Абдулла Нұрлан ие болды.

Сондай-ақ, Жезқазған қаласының ашық біріншілігінде Ерболат Еркінұлы мен Артем Сергейұлының оқушылары 29 кг салмақ дәрежесінде 3 орынға Аслан Кіштаев және Рамазан Ержанов, 32 кг салмақ дәрежесінде 2 орынға Әмір Омар, 35 кг салмақ дәрежесінде 2 орынға Сырым Білмағанбет, 38 кг салмақ дәрежесінде 1 орынға Серіжан Егінтаев, 50 кг салмақ дәрежесінде 1 орынға Ермахан Мұхамедиев ие болып қайтты. Қаражал қаласының «МОРДБЖМ» КММ ұстаз-жаттықтырушыларын Артем Кимді, Арман Отарбаевты, Ерболат Зекенді жүлделі орынға ие болғандарымен шын жүректен құттықтаймыз.

Ал, бокстағы жағымды жаңалықтарымен бөлісетін болсақ, Қарағанды қаласында 14- 17 сәуір аралығында «Sabr» спорт клубының кубогына бокстан 2008-2009, 2010-2011 жылғы жасөспірімдер арасында Республикалық турнирінде 32кг салмақ дәрежесінде 1 орынға Ұлықпан Сапарбек, 56кг салмақ дәрежесінде 1 орынға Сұлтан әли Бейсеғалиев, 34 кг салмақ дәрежесінде 3 орынға Арман Шайхин, 38 кг салмақ дәрежесінде 3 орынға Нұрислам Балтабаев, 40 кг салмақ дәрежесінде 3 орынға Шыңғысхан Құттыбай, 42кг салмақ дәрежесінде 3 орынға Қасиет Мазан ие болды. Былғары қолғап иелерінің бас тренері Серік Шайхин мырзаға алғысымыз шексіз.

Осындай жаттықтырушылардың арқасында аймағымыздың спорт жағынан беделі биік екені баршамызға мәлім. Ендеше, бапкерлерге амандық пен денсаулық, ал спортшыларға әр уақытта тек жеңіс тұғырынан көріне берулерін сұраймыз.

Мөлдір ХАМИТҚЫЗЫ