Жас балуандар ерледі

Қаламыздағы жалғыз спорт мектебінің шәкірттері талай асуларды бағындырып келеді. Жерасты қазынаға бай қаламыздың намысын қорғап, талай мықтылардың мықтысын тізе бүктіріп, жауырынын жерге тигізуден жалыққан емес. Сол балуандарымыздың кішкентай шәкірттері балғын балалық шақпен бірге спортты да алып жүр. Сондай-ақ, бақ сынасқан додадан жүлдесіз оралған күндері де бірең-саран.

Айта кетсек, өткен айдың 21-22 жұлдызында жасөспірімдер арасында дзюдо күресінен «Томирис» клубының ашық біріншілігі өтті. Әлбетте, топжарғандардан бастасақ, алтын медальді еншілеген 36 келі салмақ дәрежесі бойынша А.Нұрлан, 40 келі салмақ дәрежесі бойынша Б.Мұхамедиев, 42 келі салмақ дәрежесі бойынша Н.Аманжан және 44 келі салмақ дәрежесі бойынша Н.Батырбек атты дзюдошыларымыз болды. Ал 2 орынды 36 келі салмақ дәрежесі бойынша Н.Шалғынбай мен Р.Ермек, 44 келі салмақ дәрежесі бойынша Б.Бейбітұлы, 50 келі салмақ дәрежесі бойынша Е.Ахан иеленді. Сондай-ақ, қола медальді 38 келі салмақ дәрежесі бойынша С.Білмағанбет, 42 келі салмақ дәрежесі бойынша Р.Ғабдулла, Ж.Хасен, 50-55 келі салмақ дәрежесі бойынша Н.Қамар мен Н.Мұрат қанжығасына байлап қайтты.

Ал өткен аптада, яғни, 11-13 ақпан аралығында Қарағанды қаласында «Қазақстандағы балалар жылына» арналған дзюдо күресінен 2006-2007, 2008- 2009 жылдары туылған жасөспірімдер мен қыздар арасында KATANA CK ашық біріншілігі өтті. Аталмыш жарысқа республикамыздың 9 облысынан 600-ге жуық спортшылар қатысты. Алайда, біздің дзюдошыларымыз 1 күміс және 4 қола медаліне қол жеткізді. Әлбетте, «үштің өзі күш» демекші, 600 спортшы арасынан суырылып шыққан 60 келі салмақ дәрежесі бойынша 2 орынды иеленіп, күміс медальді тағынған А.Мұқажанов, ал қола медальдің жүлдегерлері 66 келі салмақ дәрежесі бойынша Б.Бақтыгелдинов, 73 келі салмақ дәрежесі бойынша Н.Егінтаев, 63 келі салмақ дәрежесі бойынша А.Ерболқызы және 44 келі салмақ дәрежесі бойынша А.Ермек атты спортшыларымызды шын жүректен құттықтаймыз.

Әлбетте кеншілер қаласының намысын бермей, беделін биік көтеріп жүрген жігерлі жастарға тәрбие беріп жүрген Қазақстан Республикасының еңбегі сіңген жаттықтырушысы, қаламыздың Құрметті азаматы, жоғары санатты ұстаз-жаттықтырушы Дүйсен Тәжкеев, Қаражал қаласының «МОРДБЖМ» КММ басшысы Артем Ким және жоғарыдағы спортшылардың бапкерлері, Арман Отарбаев, Ерболат Зекен, Абзал Жақанов, Сандуғаш Мұханбетқалиеваның ерен еңбегін атап айтпай өту мүмкін емес. Еңбектеріңіз жана берсін, құрметке ие бапкерлер! Ал біздің спортшылар тек жеңіс тұғырынан ғана көрініп, ел мерейін асыра берсін демекпіз.

Мөлдір ХАМИТҚЫЗЫ