Білім беру – кез келген өңірдің болашағын айқындайтын ең маңызды сала. Жаңа оқу жылының қарсаңында атқарылар жұмыстар мен шешімін тапқан түйткілді мәселелер қоғам назарында әрқашан ерекше орын алады. Осы орайда, Қаражал қалалық білім бөлімінің басшысы Гүлбану Райсовамен арнайы сұхбаттасып, өңірдегі мектептердің жаңа оқу жылына дайындық барысы, кадр тапшылығын жою жолдары, оқушыларды тасымалдауға қатысты қабылданған маңызды шешімдер және инклюзивті білім беруді дамыту бағытындағы ауқымды жұмыстар жанжақты сөз болды. Бүгінгі таңда өңірдегі білім ошақтарын сапалы инфрақұрылыммен қамтамасыз ету, жылу маусымына дайындықты пысықтау және оқу-тәрбие үдерісін заман талабына сай ұйымдастыру бағытында қандай шаралар қолға алынып жатыр? Төменде осы және өзге де өзекті сауалдардың толық жауабы ұсынылып отыр.
— Жаңа оқу жылына дайындықтарыңыз қандай?
— Бүгінгі таңда біз жаңа оқу жылына 80 пайыздық дайындықпен келіп отырмыз. Қаражал-Жәйрем өңірі бойынша барлығы 8 мектеп қызмет атқарады. Қазіргі уақытта №30 орта мектепті қоспағанда, қалған білім ошақтарында ағымдағы жөндеу жұмыстары қызу жүріп жатыр. Биылғы жылы ғимараттарды жуып-шаю, әктеу және сырлау жұмыстары толығымен ашық конкурс негізінде ұйымдастырылуда. Қазірдің өзінде әктеу-тазалау жұмыстары 80 пайызға орындалды. Ал №30 мектепте ауқымды күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Келісімшарт бойынша бұл жұмыстардың ресми аяқталу мерзімі қазанның 10- ына белгіленген еді. Дегенмен, балалардың оқу үдерісін уақытында бастауы үшін біз мердігер мекемемен тығыз жұмыс жасап, нысанды жаңа оқу жылы басталар қарсаңында сапалы етіп тапсыру туралы ортақ келісімге келдік. Жоспар бойынша жұмыстар 20 тамызда толық аяқталады деп күтілуде. Егер мерзімінде аяқталса, қалған 10 күн мектепті жаңа оқу жылына қабылдауға дайындап, толықтай жуып-шаю және санитарлық тазарту жұмыстарын жүргізуге толық жетеді.
— Жылу маусымына дайынсыздар ма?
— Алдағы жылыту маусымына дайындық жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Атап айтқанда, барлық мектептің қазандықтары қажетті сараптамадан толық өтті. Бүгінгі таңда біз үнемделген қаржы есебінен №7 және №30 мектептердің қазандықтарына ағымдағы жөндеу жұмыстарын қолға алып отырмыз. Бұл бағытта тиісті конкурс жарияланып, оның нәтижелері бойынша жөндеу жұмыстары толық аяқталатын болады. Атқарылатын жұмыстардың соңғы мерзімін 10 қыркүйек етіп бекіттік. Сонымен қатар, отын қоры да толық қамтамасыз етілген: қазіргі таңда қажетті көмір қоры 3748 тоннаны құрайды, бұл мөлшер өңір үшін толығымен жеткілікті. Мемлекеттік сатып алу тендерінде «Заңғар-2025» мердігер мекемесі жеңімпаз атанып отыр. Қазіргі уақытта көмірді сапалы сақтау және қабылдап алу бойынша барлық қажетті жұмыстар ұйымдастырылуда. Осылайша, алдағы жылу маусымына толыққанды дайындықпен отырмыз. — Қазіргі кездегі ең өзекті әрі көп талқыланатын мәселелердің бірі – оқушыларды автобуспен тасымалдау тақырыбы. Биыл бұл бағыттағы ахуал қалай болмақ? — Бұл мәселеге қатысты жағдайды нақты заң талаптары тұрғысынан түсіндіріп өтейін. Біздің қаламыз – шалғай елді мекендері жоқ, түгелдей мөлтек аудандардан тұратын қала. «Білім туралы» Заңның 6-бабының 1-тармағының 24/12-тармақшасында тиісті кентте, ауылда немесе ауылдық округте мектеп болмаған жағдайда ғана білім алушыларды жақын жердегі өңірлердің мектебіне тасымалдау ұйымдастырылатыны нақты көрсетілген. Біздегі елді мекендер толықтай мөлтек аудан болғанына қарамастан, өткен жылы туындаған кейбір жағдайларға байланысты мен оқу жылының соңына дейін (25 мамырға дейін) тасымалдау жұмыстарын өз жауапкершілігіме алып ұйымдастырған болатынмын. Алайда, кейіннен барлық құқықтық-нормативтік актілер мен заң талаптарын терең зерделей келе, қала ішінде мектеп автобустары арқылы оқушы тасымалдауды ұйымдастырудың заңсыз екеніне көз жеткізіп, бұл жұмысты тоқтаттым. Тоқтатып қана қоймай, қала әкімдігіне, қалалық мәслихатқа және білім басқармасына «1 қыркүйектен бастап мектеп тарапынан қалаішілік тасымалдау жүргізілмейді» деп ресми түрде хабарлама жібердім. Біріншіден, бұл мемлекеттік бюджет қаражатын орынсыз жұмсамауға және тиімді үнемдеуге мүмкіндік береді. Қазіргі таңда қалаішілік жолаушылар тасымалын Қаражал қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімі ұйымдастырып жатыр, тиісінше 1 қыркүйектен бастап қала ішінде қоғамдық көліктер қатынауы тиіс. Сонымен қатар, ҚР Индустрия және инфраструктуралық даму министрлігінің №349 бұйрығында балаларды тасымалдау қалалық жерлерде ұйымдастырылмайтыны тайға таңба басқандай көрсетілген. Көбіне ата-аналар «онда бұл мектеп автобустары не үшін керек?» деп сұрақ қойып жатады. Түсіндіре кетейін, бұл автобустардың сыйымдылығы шағын – ең көбі 24 орындық қана. Бұл көліктер күнделікті қатынайтын қалалық маршрут емес, керісінше балаларды облыстық жарыстарға, пәндік олимпиадалар мен өңірлік маңызы бар мәдени-спорттық іс-шараларға қауіпсіз апарып-келуге арналған арнайы көліктер болып табылады. — Инклюзивті білім беру бағыты қалай жүзеге асырылуда? Бұл саладағы атқарылып жатқан жұмыстар мен бар түйткілдерге тоқталсаңыз? — Жәйрем-Қаражал өңірі бойынша ерекше білім беруді қажет ететін барлығы 120 бала есепте тұр. Осы бағыттағы жұмыстарды жүйелендіру мақсатында биылғы жылы №3 мектептің бір қанатынан заманауи психологиялық-педагогикалық түзеу кабинетін ашуды жоспарлап отырмыз. Тиісті қаулысы да ресми түрде шықты. Осы уақытқа дейін бұл маңызды іс қаржы тапшылығына байланысты кейінге шегеріліп келген еді, міне, енді сәті түсіп, бұл мәселе шешімін тауып жатыр. Қазіргі уақытта ғимаратты қайта құру жұмыстарына қажетті қаржы бөлініп, жарияланған мемлекеттік конкурс қорытындысы бойынша «Іңкәр» жеке кәсіпкерлігі жеңімпаз атанып отыр. Атап өту керек, қала бойынша №5 және №6 мектептерде ерекше білім беруді қажет ететін балалар тіркелмеген. Ал қалған білім ошақтарының барлығында ерекше балалармен жұмыс істейтін арнайы инклюзия кабинеттері толықтай жұмыс істеп тұр. Сондай-ақ, барлық мектептерде қажетті санитарлық нормалар сақталып, оқушылардың кедергісіз қозғалысы үшін пандустар мен тиісті жағдайлардың бәрі қарастырылған. Дегенмен, бұл саладағы ең үлкен мәселенің бірі – білікті мамандардың жетіспеушілігі. Қазіргі таңда бізде логопед, дефектолог, сурдопедагог және тифлопедагог сынды арнайы мамандық иелері тапшы. Әрине, жаңа кабинеттердің ашылуына байланысты біз міндетті түрде жаңа штаттық бірліктер ашып, мамандарды жұмысқа қабылдайтын боламыз. Алайда, бұл мәселені шешу оңайға соқпай тұр. Мысалы, мамыр айында Қызылорда қаласына арнайы барып, көші-қон бағдарламасы аясында бізге қажетті мамандарды іздестірдім. Өкінішке қарай, ол өңірде де біз іздеген профильдегі кадрлар мүлдем жоқ болып шықты, мамандар таба алмай отырмыз. Сонымен қатар, Е.Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университетіне ресми хат жолданып, жас түлектер мен мамандарды сұратқанымызбен, әзірге нақты жауап келген жоқ. Бұл бағыттағы ізденістерімізді тоқтатпай, кадр мәселесін шешудің жолдарын қарастырып жатырмыз. — Көпшілікті толғандырған тағы бір мәселе – №5 мектептің жағдайы. Қазір бұл білім ошағының құрылысы мен ашылуына қатысты жағдай қалай? — Қазіргі уақытта №5 мектеп ғимараты толықтай Ұлытау облысының құрылыс, сәулет және қала құрылыс басқармасының қарауында. Нысан толық салынып біткеннен кейін ғана біз оны өзіміздің балансымызға қабылдайтын боламыз. Жоспар бойынша бұл – 1-11 сыныптарға арналған заманауи екітілді мектеп болады. Себебі, Станционный елді мекенінде әртүрлі ұлт өкілдері тұрады, сол себепті сол маңнан қатынап жүрген барлық бала осы жаңа мектепке ауыстырылады. Әрине, егер ата-ананың «баламды басқа мектепке ауыстырмаймын» деген жеке тілегі немесе шешімі болса, оған өздері ерікті. Дегенмен, Станционный елді мекені бағытына арнайы автобус қатынамайтындықтан, ата-ана балаларын мектепке өз күшімен жеткізуіне тура келеді. Бұл ретте алдымызда белгілі бір қиындықтар да жоқ емес: ол жақта қазір 110 бала бар, ал мектеп жоба бойынша 80 балаға шақталған. Егер сыныптардағы оқушы саны аз болып, кей сыныптарда небәрі 2-3 баладан ғана қалып қойса, оқу үдерісін қамтамасыз ету үшін сыныптарды біріктіріп оқыту қаупі де бар екенін ескертеміз. Заңнамаға тоқталсақ, қалалық аумақта орналасқандықтан, бізге тиісті №385 үлпеттік ережелер (типовые правила) қолданылады. Оған сәйкес, қала мектептерінде 1сыныптың ең төменгі жиынтығы – 5 баладан кем болмауы тиіс. Егер 1сыныптың толымдылығы осы талапқа жетпесе, мектеп шағын жинақ ты мектеп (малокомплектная школа) санатына ауысады да, бізде сыныптарды біріктіріп, бірге оқытуға заң жүзінде толық құқығымыз болады. Ал қалыпты жағдайда 1 сыныптың толымдылығы 25 бала болуы тиіс. Ең басты мақсат – мектепті міндетті түрде 1 қыркүйекке дейін ашып, балалардың қабылдануын қамтамасыз ету. — Ата-аналарды алаңдататын келесі өзекті мәселе – балабақшалардың жағдайы. Бұл бағытта қандай жұмыстар атқарылуда және туындаған сұрақтар қалай шешімін табуда? — Қазіргі уақытта «Балбөбек» балабақшасындағы электр желілерін алмастыру жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Бұл маңызды істі Ұлытау облысы Білім басқармасының жан-жақты қолдауымен және үнемделген қаражат есебінен (82 млн теңге көлемінде) жүзеге асырып отырмыз. Жақында түскен ресми хатқа сәйкес, аталған балабақшадағы ағымдағы жөндеу жұмыстарын, аумақты абаттандыру шараларын «Өркен – Атасу» ЖШС «Өркен» өкілдігі демеушілік көмек ретінде толығымен атқарып беруді өз мойнына алды. Барлық жоспарланған жұмыстар 1 қыркүйекке дейін толық аяқталады деп күтілуде. Халық арасында көбіне «Неге күрделі жөндеу жүргізілмейді?» деген заңды сұрақтар туындап жатады. Бұған нақты жауап берейік: мысалы, балабақшаның кәріз жүйесі 2023 жылы, ал сыртқы қасбеті 2024 жылы толық жөндеуден өткен болатын. Құрылыс нормаларына сәйкес, ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан нысандарға бірден күрделі жөндеу қатар жүргізілмейді. Дегенмен, болашаққа арналған жоспарларымыз да бар. Келесі жылы Жәйрем кентіндегі «Балдырған» балабақшасына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр. Осы мақсатта биылғы жылы жобалау-сметалық құжаттамасын дайындауға қажетті қаржыны сұратып жатырмыз. Өйткені, «Балдырған» балабақшасында соңғы 5 жыл бойы күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмеген екен, сондықтан, бұл мәселе біздің ерекше бақылауымызда тұр. — Өңірдегі білім ошақтарында оқушылардың ыстық тамақпен қамтылуы қалай ұйымдастырылған? Сонымен қатар, кадр тапшылығы мәселесін шешу бағытында қандай шаралар қолға алынуда? — Бүгінгі таңда өңіріміздегі барлық мектептерде оқушылардың толыққанды әрі сапалы тамақтануы толығымен қамтамасыз етілген. Мемлекеттік сатып алу конкурстарын жыл басынан бері ұтқан мердігерлер әлі күнге дейін өз міндеттерін жауапкершілікпен атқарып, тұрақты түрде жұмыстарын жалғастырып келеді. Биылғы жаңа оқу жылында біздің өңірде 1сыныпқа шамамен 500 бала қабылданады деп жоспарланып отыр. Оның ішінде 400 бала қазақ тілді сыныптарға барады деп күтілсе, 100 бала орыс тілді сыныптардың қатарын толықтырады. Айта кету керек, 1сыныпқа қабылдау жұмыстары қатаң түрде бекітілген шағын учаске бойынша жүргізіледі. Дегенмен, бізді алаңдататын негізгі мәселелердің бірі – кадр тапшылығы. Қазіргі уақытта білім саласы бойынша 37 маман жетіспей отыр, оның ішінде 19-ы тікелей пән мұғалімдері болып табылады. Бұл бағытта жас маман тарту және бос орындарды толтыру бағытындағы жұмыстар назардан тыс қалған жоқ. — Оқушылардың жазғы демалысын мазмұнды өткізу және оларға көрсетілетін әлеуметтік қолдаулар мен өңірлік жобалар туралы тоқталсаңыз? — Балалардың жазғы демалысын қызықты әрі пайдалы ұйымдастыру бағытында бұл жолы ауқымды жұмыстар атқарылды. Атап айтқанда, биыл өңірімізден алғаш рет 75 бала Көкшетау өңіріндегі қала сыртындағы заманауи лагерьге жіберіліп, 10 күн бойы керемет демалып қайтты. Алайда, осы тұста ата-аналардың кейбір түсінбеушіліктеріне кішкене қынжылғанымды жасырмаймын. Шын мәнінде, балалар лагерьге тек көңіл көтеру үшін емес, толыққанды әлеуметтену, жаңа достар табу, өмірлік дағдыларды үйрену үшін барады. Ең бастысы – олардың гаджеттер мен телефоннан бір сәтке тынығып, табиғат аясында демалуына жақсы мүмкіндік болды, өйткені, ол жақта байланыс желісі де нашарлау ұстайды. «Балам неге байланысқа шықпайды?» деп алаңдаған ата-аналар тарапынан сұрақтар көп болды. Бірақ, бұл балалардың өз игілігі, цифрлық әлемнен аздап демалып, шынайы қарым-қатынасқа түсуі үшін жасалған қадам екенін түсінген жөн. Сонымен қатар, жаңа оқу жылына дайындық мақсатында әлеуметтік қолдауды қажет ететін 150 балаға жан басына шаққанда 50 851 теңгеден бірреттік ақшалай көмек беріледі. Қазіргі уақытта бұл бағытта қажетті құжаттарды жинақтау жұмыстары қызу жүріп жатыр. Бұдан бөлек, өз қаражатымыздың есебінен оқушылар үшін ерекше форматтағы 7-8 сыныптың 30 оқушысына 2 күндік «Қаражал LAND» жазғы лагерін ұйымдастырдық. Бұл жобаның негізгі мақсаты: өсіп келе жатқан жас ұрпаққа өңіріміздің тарихын, табиғатын, өңдіріс орындарын таныстыра отырып кәсіби білім беру, ұлтық құндылықтарымызды дәріптеу болды. Бірінші күні балаларды «Өркен – Атасу» ЖШС «Өркен» өкілдігінің өндіріс орнына апарып, өңіріміздің еңбек әлеуметімен, кәсіп түрлерімен таныстырдық. Екінші күні Қылыш су қоймасына саяхат жасап, өлкеміздің тарихы, бабамыз Қылыш туралы мазмұнды әңгімелер айтылды. Тәлім мен тәрбиені ұштастыра отырып, ұлттық құндылықтарымызды дәріптеу мақсатында арнайы ат алдырып, балалардың атқа мінуіне жағдай жасадық. Жас жеткіншектердің туған жердің тарихын біліп, ұлттық салт-дәстүрімізді сезініп өсуі үшін мұндай іс-шаралардың маңызы орасан зор деп есептеймін. — Білім беру сапасын арттыру және оқушылардың жетістіктерін шыңдау бағытында қандай тың жобалар жүзеге асырылуда? Жалпы көрсеткіштеріңіз қандай? — Өңірімізде оқу сапасын арттыру мақсатында бірқатар мазмұнды жобалар сәтті жүзеге асырылып келеді. Осы бастамалар аясында мектептерімізде «Ашық есік күндері» ұйымдастырылып, қолға алынған игі істер облыстық және республикалық деңгейде кеңінен көрініс табуда. Әсіресе, педагогтердің кәсіби шеберлігін арттыруға бағытталған тәжірибе алмасу жұмыстары ерекше назарға алынды. Мысалы, шағын жинақты мектептердің мұғалімдерімен тығыз бірлесіп, сабақ өткізудің жаңа әдістемесі қолға алынды: сабақтың алғашқы 20 минутында тірек мектептің ұстазы дәріс өткізсе, қалған 20 минутында шағын мектептің мұғалімі сабақты жалғастырып, өз тәжірибесімен бөлісті. Бұл ұстаздар мен оқушылар үшін баға жетпес үлкен тәжірибе болды. Оқушыларымыздың интеллектуалдық әлеуеті мен білім деңгейінің артып келе жатқанын жетістіктеріміз де айқындай түседі. Атап айтқанда, биылғы жылы білім сайыстарына қызығушылық танытқан 550 бала қалалық пән олимпиадасына қатысты. Оның ішінде 30 оқушымыз облыстық пән олимпиадасынан жүлделі орындарға ие болып, өңір абыройын асқақтатты. Тек облыс көлемімен шектелмей, республикалық деңгейге жолдама алғандар да бар. Атап айтқанда, республикалық пән олимпиадасынан 1 бала және республикалық оқулардан 1 бала бақ сынап, аймақ намысын қорғады. Бұл – ұстаздар қауымы мен оқушылардың бірлескен қажырлы еңбегінің нәтижесі. Әрине, алдағы уақытта атқарылар жоспарлар мен мақсаттар өте көп, сапаны арттыру бағытындағы жүйелі жұмыстар алдағы уақытта да өз жалғасын таба береді. — Жаңа оқу жылында сабақ кестесі мен ауысым мәселесі қалай ұйымдастырылады? Оқу үдерісін тиімді құру үшін қандай талаптар қойылады? — Алдағы жаңа оқу жылында барлық білім ошақтары екі ауысымды жұмыс форматына көшіріледі. Бұл ретте оқу үдерісінің басталу уақыты нақты бекітілді: таңертеңгі бірінші ауысым сағат 08.00-де басталып, ал екінші ауысым сағат 14.00-де өз жұмысын бастайтын болады. Дегенмен, мектептерде кейбір мамандандырылған пән кабинеттерінің, атап айтқанда химия, физика және биология зертханаларының өз деңгейінде пайдаланылуы теориямен тәжірибені ұштастырып жүргізілуі тиіс. Осыған байланысты барлық кабинеттер мен оқу орындары өз деңгейінде аса тиімді әрі орынды қолданылуы басты назарда. Биылғы оқу жылында №3,10,30 мектептерге «Қазақстан қоры» демеушілігімен биология, химия, физика кабинеттері алынуда. Сабақ кестесін жасау кезінде санитарлық нормаларға сәйкес пәндердің күрделілік дәрежесі мен оқу жүктемесі қатаң ескерілуі қажет. Әрбір сабақ өз орнымен, ғылыми-педагогикалық талаптарға сай өтуі тиіс. Мысалы, математика пәнінің салмақтық балдық көрсеткіші жоғары болғандықтан, балалардың ақыл-ой қабілеті мен зердесі сергек келетін алғашқы сабақтарда міндетті түрде өтуіміз қажет. Бұл оқушылардың материалды терең меңгеріп, білім сапасын арттыруға өз септігін тигізеді.
– Гүлбану Серікқызы, мазмұнды әрі ашық сұхбатыңызға үлкен рақмет. Жаңа оқу жылы қарсаңында ұжымыңызға толағай табыс, ал оқушылар мен ата-аналарға сәттілік тілейміз.
— Сіздерге де алғысым шексіз. Білім саласы – баршамызға ортақ жауапкершілік жүктейтін маңызды бағыт. Балаларымыздың сапалы білім, саналы тәрбие алуы жолындағы жұмыстарымызды бірлесе отырып, әрқашан лайықты жалғастыра береміз деп сенемін. Баршаңызға жаңа оқу жылында сәттілік тілеймін.
Сұхбаттасқан Жазира СЕЙДҒАБИҚЫЗЫ.

