Жүлделер қоры толықты   

23 маусым күні мемлекеттік қызметшілер күніне орай мемлекеттік қызметшілер арасында «Ел жанашыры» атты Ұлытау облысының құрылғанына бір жыл толуына арналған облыстық спартакиада өтті.

Қаламыздың абыройын асқақтатып жүрген жігерлі спортшыларымыз мен ойыншыларымыз жетерлік. Бұған жүлделі орындарға ие болып келген ойыншыларымыз айқын дәлел. Спартакиадаға түрлі қаладан келген ойыншы командалар қатысты. Олар волейбол, үстел теннисі, жүзу, тоғыз құмалақ секілді түрлі спорт ойындарынан сынға түсті. Тартысты өткен жарыста ойыншылар спорттық шеберліктерін паш етіп, тас түйін дайындықпен келгендерін дәлелдеді.

Атап айтар болсақ, үстел теннисі бойынша жүлделі  I орынды Ерлан Сембеков алса, әйелдер арасында Айгерім Кульбаева жеңіп алды.

Сонымен қатар,  жүзуден және тоғыз құмалақ ойынынан  I орынды Айнагүл Умурзакова екі бірдей жүлдені еншілеп қайтты.

Тоғыз құмалақ ойынынан командалық есеппен Қаражал қаласы III орынды қанжығалап қайтты.

Осы жеңімпаздар волейбол спорт ойынынан облыстық құрамға кіріп, Талдықорған қаласына республикалық жарысқа жолдама алды.

Бұл орайда қала әкімі Тілектес Досаев қатысушыларды жеңісімен құттықтап, алғысын білдірді.

Әйгерім ЕРДЕНҚЫЗЫ,

ҚарУ-дың ІІІ курс студенті.