Жолдар жөнделуде

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің халыққа арнаған Жолдауында жолдарды қалпына келтіру жайлы қадап айтқаны мәлім. Президент назар тек қана күре жолдарда болмай, ауылдар мен кенттердегі көшеаралық жолдарды да жаңғыртуды тапсырды.

Қазір өңірімізде осы бағытта ауқымды жұмыстар қолға алынуда. Оны Жәйрем кентінде жүргізіліп жатқан жол жөндеу құрылысынан да көруге болады. Қазір кентте автокөлік жолдарына орташа жөндеу жұмыстары басталған. Осы маусым айының басына дейін мұнда бірқатар жұмыстар атқарылды да. Ал, бұл жұмыстарды «Арқа Құрылыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі өз қолдарына алған.

Қазір Жәйрем кентінде Ғ.Мұратбаев көшесі, 7 үйдің ауласына жиектас (бордюр) орнату бойынша дайындық жұмыстары жүруде. Сондай-ақ, кент ауруханасы жанындағы автотұраққа төселген асфальт жабындысын тегістеу, талдардан тазалау және қиыршық тастарды төсеу жұмыстары да қолға алынуда. Мұның сыртында, Ғ.Мұратбаев көшесінен М.Әуезов көшесіне дейін жиектас (бордюр) орнату жұмыстары басталды. Сол сияқты, Б.Момышұлы көшесінен Қаражал-Жәйрем трассасына дейінгі аралықты тегістеп, қиыршық тастарды төсеу жұмыстары жүргізілді.

Кенттегі жолдарды жөндеу жұмыстары қоғам белсенділері мен жергілікті биліктің жіті назарында.

Ізтай Белгібайұлы