Жәйремге жаңа жедел жәрдем берілді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында медициналық инфрақұрылымды кешенді түрде жақсартуға баса назар аудару керектігін айрықша айтып, Үкіметке қадау-қадау міндеттер жүктеген еді. Бүгінде осы тапсырмалар рет-ретімен орындалып, оның нәтижесін ел көруде. Осындай бір игі іске жуырда Қаражал-Жәйрем өңірінің жұртшылығы да куә болды.

Ақпан айының басында аймағымыздағы медициналық мекемелерге заманауи үлгідегі жедел жәрдем көліктері таратылғанынан ел хабардар. Сондай бір су жаңа көлікке Жәйрем кентіндегі аурухана да ие болды.

– Бұл Жәйрем кентінің жұртшылығы үшін үлкен қуаныш. Басы ауырып, балтыры сыздаған жан ең әуелі осы жедел жәрдемге қоңырау шалады ғой. Сондайда көлігің жаңа, қажетті құрал-жабдықтарың сайлы болса, сырқатқа сапалы медициналық қызмет көрсетесің. Мына жаңа көлік халықтың өскелең талабына сай жабдықталған. Мұнда алғашқы көмек көрсететін заманауи қондырғылар мен құрал-жабдықтар бар.

Жалпы, Жәйрем кентінде бұған дейін екі жедел жәрдем көлігі бар болатын. Бірақ, жағдайлары мәз емес еді. Енді, міне жаңа көлік алып қуанып жатырмыз. Облыс басшыларына алғысымыз шексіз, – дейді аурухананың жаңадан келген басшысы Бейбігүл Үсенбаева.

Ал, Жәйрем кентіндегі жедел жәрдем стансасының аға фельдшері Толқын Игіжанова жаңа жедел жәрдем көлігінің қазіргі уақытта халық үшін аса қажеттілігін айтып отыр.

– Жәйрем кентінде бүгінгі күні 11 мыңдай халық бар. Тәртіп бойынша оларға бір жедел жәрдем бригадасы қызмет көрсетеді. Осындай жағдайда халықтың шақыруларына кідіріссіз барып, көмек көрсету үшін жаңа, әрі барлық жабдықтары сақадай сай көлік қажет. Соған қол жеткізіп қуанып жатырмыз, – дейді ол.

Ізбасар ОЙБАС