Туған жер – тұнған шежіре

Қазақ елінің әр өңіріндегі сайы мен қыры, тауы мен жотасы, даласы мен қаласы терең тарих қойнауынан сыр шертеді. Еліміздің үкілеген үміті — жастарымыз өз тарихын жетік біліп, оның тұнығынан сусындаған кезде Отанына адал, жауапкершілігі жоғары азамат болып қалыптасады. Туған жерге, оның мәдениеті мен салт-дәстүрлеріне айрықша құрметпен қарап, оған қамқорлық таныту, өткен тарихын білу, қасиетті жерлерін қадірлеп, мақтаныш ету — маңызды.

Өскелең ұрпақтың туған жер шежіресін білуі — ата мекені, өз үйі – алтын ордасынан басталатын Отанды сүю, өткенін танытуға жетелейді. Осы мақсатта «Туған жер» бағдарламасының мәні зор. Бұл бағдарлама аясындағы «Өлкетану» жұмысы арқылы оқушыларды туған өлке тарихын білуге, құрметтеуге, сыйлауға баулу, шығармашылық қабілеттерін дамыта отырып, ізденімпаздыққа, ойларын еркін жеткізе білуге үйрету, бағыттарын анықтап зерттеу жүргізу көзделген.


Қаражал қаласының 60 жылдығы қарсаңында қолға алынған бұл жұмыс 2021 жылы жүзеге асырылып, мектебіміздің бас ғимаратының 3-қабатынан Қаражал қалалық тарихи-өлкетану мұражайы ашылды. Бұл мұражай өз өлкеміздің ерекшелігін, тарихын, құрметті азаматтардың өнегелі өмірін келер ұрпаққа таныту мақсатында қолға алынды. «Қаламыздың 60 жылдығына — 30 сөре» ұранымен жасақталған мұражай 18 саланы қамтиды. 30 сөреде 18 сала бойынша айтулы шаралар мен өнегелі өмір иелері жайлы ақпараттар мен сан түрлі экспонаттар мен қала макеті қойылған. Қазыналы Қаражал кенін игеруге күш-жігерін жұмсаған еңбек ардагерлері мен қала мақтаныштары жайлы құнды деректер әлі де толыға түседі деп есептейміз.
Қала халқының алғаш шоғыры жиналып, жұмысшы поселкасы мәртебесінде тұрған кезеңінен бастап-ақ ашылған №1 жалпы білім беретін мектеп ғимаратында жасақталған мұражайда өлкеміздің географиялық ландшафттары, флорасы мен фаунасына арналған сөре, ат жалындай тартылған осынау өлке кенінің алғаш зерттеліп, өндіріс орындарының өркендеуі жайлы сөрелер қамтылған.
Қаламыздың көлемі мен пішіні сызбаланған кескіннен ат жалындай болып көрінген қаламыздың жол картасы бедерленген. «Қаражал» атауы осы кескінмен байланысты алынған. Қаражал сөзі осы сөздің тура мағынасында алынып, «қара» «жал» сөздерінің бірігуінен жасалған. «Қара» сөзі белгілі ол кәдімгі түстің бір түрі, ал «жал» ол аттың жалы, яғни аттардың шашы. Ал аңызға жүгінсек Ажар мен Жаппас есімді жастар қол ұстасып қашып, Атасу бойына келгенде тығырыққа тіреліп, қиналып қысылғаннан жер астына кірсекші деген тілегінен өздері жер астына кіріп, жер бетінде астындағы аттарының жалы қалыпты. Сол жалдарға қарап, Қаражал атаныпты деген дерек айтылады. Бұл аңыздың қаншалықты ақиқат екені белгісіз болғанымен, қойнауы толы қазыналы жеріміз алыстан аттың жалындай қара тармақтар болып көрінетіні ақиқат.


Осынау кен байлығының арқасында халықты өзіне тартқан қала тарихына арналған мұражайға келер болсам, қала іргесі 1939-1940 жылдарда кен рудасын игеруге байланысты қаланғандықтан кеншілерге бес сөре арналған. 1942 жылы Қаражалда Атасу геологиялық барлау экспедициясы құрылып, су қорын зерттеуге келгендер, жер бетінде жылтыраған байлықты анықтау нәтижесінде ашылған кен өндіру ісі арқылы қала жанданып 1950 жылдан жұмысшы поселкесі атанып, 1963 жылдан қала мәртебесін алғаны жайлы деректер қамтылған.
Келесі сөре қаламызды басқарған азаматтарға, олардың өнегелі өміріне арналған. Білім орындары және оларды басқарған азаматтар жайлы ақпараттар осы сөреде тұр. Бұдан кейінгі бөлімде спорттағы жетістіктері арқылы қаламызды көпшілікке танытқан спортшылар туралы ақпараттар бар.
Қаламыздың көркейіп дамуы бейбітшілік пен тәуелсіздіктің арқасы, олай болса Ерлік тақтасында Ұлы Отан соғысында батырлықпен күрескен Қаражал-Жәйрем аймағынан шыққан қаһармандар мен Жауынгер-интернационалистер жайлы ақпараттар қамтылған сөре бейбіт күнді қадірлеп, батырларға бас июге жол көрсетеді.
Сонымен қатар, Қаражал-Жәйрем аймағының табиғат зоналары, аң-құс, өсімдіктеріне арналған бұрыштың өскелең ұрпаққа берер өнегесі зор
Қаражал-Жәйрем аймағының баспасөз тарихы, өндіріс пен өнердегі айтулы тұлғалар өмірі келесі сөрелерде қамтылған. Қаламыздың рухани құндылығы — жергілікті ақындарға арналған сөре арқылы Төлеухан Ілиясов, Жарқынбай Жетімеков, Қойшыбай Әбиұлы, Ерік Әбіш Шер-Нұрұлы, Бегұлла Тәжібайұлы жайлы, қала халқына кеңінен танымал «Қаражал вальсі» әнінің авторы Қырықбай Кентаев сынды ақындармен танысуға болады.
Білім беру жүйесіндегі бүгінгі күндегі өзгерістер Отандық тарихтан білім беруде оқытудың ғылыми және әдістемелік деңгейін көтеруді талап етеді. Туған жері мен елінің, халқының өткен өмірі мен бүгінгі тіршілігін оқытып үйрету оқушыларды азаматтық пен ұлтжандылыққа, Отанға деген сүйіспеншілікке тәрбиелейді, жеке тұлғаның дамуына септігін тигізеді. Осы мақсатта «Өлкетану» курсы бойынша мектеп оқушыларына арналған курс бағдарламасы мен мұражай жұмысы өз нәтижесін көрсете бермек.

Жұмакүл АХМЕТОВА,

№1 ЖББМ директоры.