МАҚСАТ – СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚТЫҢ АЛДЫН АЛУ

Ағымдағы жылдың мамыр айында Қаражал қаласының «Ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімі» ММ ұйымдастыруымен мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру мақсатында мемлекеттік және азаматтық қызметкерлермен “Кім білгір?” атты сұрақ-жауап сайысы өтті.

Аталмыш іс-шараны, яғни “Сыбайлас жемқор қылмыстарын алдын алуда парасаттылықты дәріптеу” тақырыбында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ақпараттық-ағартушылық штаб мүшесі, Е. А. Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің аға оқытушысы Руслан Тоқатов өткізді. Жалпы бұл жиынның басты мақсаты — сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру, парасаттылық құндылықтарын дәріптеу, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылды күшейту. Кездесуге мемлекеттік және азаматтық қызметкерлер қатысты. Жиын барысында қатысушылар мен спикер арасында көптеген сұрақ-жауаптармен алмасып, сайыс қызықты да тартысты өтті. Белсенділер арасынан суырылып,  1 орынды Жаннұр Жакенова қанжығалады. Ал 2 орынға Ақелік Нұрмағанбетова ие болды. Нұрдәулет Әбікенов 3 орынды місе тұтты.  Барлық қатысушылар да құр қол қайтпай, оларға  сертификаттар табысталды. Аталмыш сайыстың соңы семинарға ұласып, барлық қатысушылар ризашылықпен тарқасты.

Мөлдір ХАМИТҚЫЗЫ