Кез келген егемен елдің рәмізі болатыны секілді өз валютасының болуы да заңды. Өйткені, ұлттық валютаны жариялап, оны айналымға түсіру тәуелсіздіктің басты қадамдарының бірі еді. Ал, теңгенің айналымға түсуі Егеменді Қазақстанның қаржылай да тәуелсіз екенін тағы бір жария етуі болатын.
Қай елдің болмасын валютасы мемлекеттің тарихын тікелей баяндайды, заманауи саяси-экономикалық жағдайын және жаһандық дәрежесін сипаттайды. Бүгінде ақша бірліктері мемлекеттің дамуының маңызды рөлін атқарады. Оларсыз мемлекетаралық қатынастарды орнықтыру мүмкін емес, мемлекет ішіндегі қаржы операцияларының бірін де орындай алмайды. Ұлттық банкнотта мемлекеттің тарихи оқиғалары, елдің мәдениеті мен тарихына елеулі үлес қосқан саяси-тарихи тұлғалардың бейнесі әрі мемлекеттің басты мәдени жетістіктері бейнеленеді. Сонымен бірге, бүгінде ұлттық валюта барша мемлекеттер мен халықтар үшін өте ыңғайлы және экономикалық негізі бар қаржы құралы.
Теңге тарихынан
Қазақтың теңгесі 1993 жылы 15 қарашада айналымға енді. Ал, 1997 жылы 13 қарашада алғаш теңгенің айналымға түскен күнін «Ұлттық валюта күні» деп жарияланған Жарлыққа қол қойылды. Егемендігіміздің алғашқы аумалы-төкпелі уақытында төл теңгемізді дүниеге әкелу тәукелді қадам болатын. Мемлекеттегі экономикалық қиындыққа қарамастан, қазақ ұлтының тұңғыш валютасы жарық көрді, тәуелсіз елдің айналымына түсті. Осылайша Қазақ даласының ұлы тұлғалары Әл-Фараби, Абылай, Абай, Жамбыл, Сүйінбай, Шоқандарды бейнелеген алғашқы Қазақстан Республикасының теңгелері жарыққа шығып, айналымға түскені шын тәуелсіздіктің көрінісі болды.
Тарихи мәліметтерге сүйенсек, бүгінгі қазақ елінің аумағында алғашқы күміс монета XV ғасырда пайда болған. Отырар қаласында «таньга» деген атпен құйылған монета заманауи теңге атауының шығуына себепкер болды. Ал Қазақстанның ұлттық валютасы, төл теңгеміздің тарихы 1992 жылдан бастау алады. Алғашқы қағаз ақша Ұлыбританияда басылды. Ұлттық валютаның бекуі ел экономикасының аяғынан нық тұруына да септігін тигізді. Сол кездегі ел Президенті – Нұрсұлтан Назарбаев құпия түрде арнайы топты жинады да, ақшаның дизайнын жасатуға Англияға жібереді. Лондонда жасалған теңгеміз 1993 жылы қарашада кеңес ақшаларын теңгеге ауыстыру жөнiнде шешiм қабылданды. 15 қараша күні таңертеңнен бастап құрамында қауiпсiздiк қызметi мен iшкi iстер органдарынан, облыс әкiмдiгiнен, Ұлттық банк өкiлдерi бар арнайы комиссия жаңа ақшаны жан-жаққа бөлуге кiрiстi.
Теңге бейнесінің жаңаруы
2006 жылы 15 қараша күні ұлттық валютамыздың жаңа дизайнмен әрленген 200, 500, 1000, 2000, 5000 және 10000 теңгелік банкноттары айналымға шықты. Дизайн мемлекеттік рәміздерді, еліміздің сәулет нысандары мен табиғи ландшафтарын бейнелей отырып, Қазақстанның осы заманғы бейнесін береді. Қолайлылық үшін номиналдарды сандық және жазбаша белгілеулер ірі қаріптермен басылды. Нашар көретін адамдар үшін банкноттарда әр жеке номиналға тән жоғары бедерлі арнаулы элементтер пайдаланылған. 2007 жылдың мамыр айында Тайландта өткен валюта конференциясында 10 мыңдық теңгеміз «Үздік жаңа банкнот» аталымы бойынша бірінші орынға ие болды.
2006 жылдың қарашасында Ұлттық банк теңгенің символын жасауға бәйге жарияланды. 30 мыңнан астам сурет келіп түскен бұл бәйге 2007 жылдың 29 наурызы күні өз мәресіне жетті. Солардың арасынан Вадим Давиденко мен Санжар Әмірхановтың жасаған жобасы ерекше деп танылды. Кейіннен бұл символдың Жапонияның пошта қызметінің символына ұқсайтындығы анықталды. Бірақ қазір теңгеміздің бұл белгісі шартарапқа белгілі болып үлгерді.
Ізбасар ОЙБАС.