Кезектен тыс сессия өтті

Сәрсенбі күні қала әкімі Айқын Елеусізовтың қатысуымен Қаражал қалалық мәслихатының кезектен тыс IХ сессиясы өтті. Қаражал қалалық мәслихатының төрағасы Зәмзагүл Оспанова жүргізген сессияға қалалық мәслихатының депутаттары, қала әкімінің орынбасары, Жәйрем және Шалғы кенттерінің әкімдері, мекеме басшылары және БАҚ өкілдері қатысты.

Күн тәртібінде қарастырылған мәселелер:
1. Қаражал қалалық мәслихатының 2022 жылғы 28 желтоқсандағы №202 «2023-2025 жылдарға арналған қалалық бюджет туралы» шешіміне өзгерістер енгізу туралы;
2. Қаражал қалалық мәслихатының 2022 жылғы 30 желтоқсандағы №224 «2023-2025 жылдарға арналған Жәйрем және Шалғы кенттерінің бюджеті туралы» шешіміне өзгерістер енгізу туралы;
3. 2024-2028 жылдарға арналған Ұлытау облысы Қаражал қаласында коммуналдық қалдықтарды басқару бағдарламасын бекіту туралы;
4. Қаражал қалалық мәслихатының 2023 жылғы 18 мамырдағы №34 «Қаражал қалалық мәслихат аппараты» мемлекеттік мекемесінің «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшілерінің қызметін бағалау әдістемесін бекіту туралы» шешіміне өзгерістер енгізу туралы;
5. Қаражал қалалық мәслихатының 2023 жылғы 14 қыркүйектегі №69 «Қаражал қаласында бөлшек салықтың арнаулы салық режимін қолдану кезінде салық мөлшерлемесінің мөлшерін төмендету туралы» шешімінің күші жойылды деп тану туралы.
Сессия барысында Қаражал қалалық Экономика және қаржы бөлімінің бастығы Нұргүл Абдрахманова «2023-2025 жылдарға арналған қалалық бюджет туралы» шешіміне өзгерістер енгізу туралы баяндамасын жасап, бюджеттегі шығындар көлемі – 594 380 мың теңгеге ұлғайтылғанын, оның ішінде, Қаражал қаласының құрылыс бөліміне 836 566 мың теңгеге бөлінгені (Жәйрем кентінің кәріз желілерін қайта жаңарту, 2 кезек – 645 776 мың теңге, оның ішінде 500 000,0 мың теңге ҚР Ұлттық қорынан берілетін нысаналы трансферт есебінен, 145776 мың теңге облыстық бюжет есебінен, Жәйрем кентінде бассейні бар дене шынықтыру-сауықтыру кешеніне – 50 мың теңге облыстық бюджет есебінен берілді. Қаражал қаласының әкімшілік ғимаратының құрылысына – 50 000 мың теңге азайтылды, себебі жобалық-сметалық құжаттама «Ұлытау облысының құрылыс басқармасы» ММ-не берілді. 3 көтергіштің сорғы станциясынан 49 камераға дейін резервтік желі құрылысын салуға қосымша қаражат – 240 740 мың теңге қарастырылады, жергілікті бюджет есебінен мемлекеттік сатып алудан үнемделген қаражат есебінен) және Қаражал қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімі – 1446 мың теңгеге азайтылғанын (жолдарды орташа жөндеуден мемлекеттік сатып алудан үнемделген қаражат, облыстық бюджет есебі) баяндап, тыңдаушылар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді.
Келесі кезекте «2023-2025 жылдарға арналған Жәйрем кентінің бюджеті туралы» Жәйрем кенті әкімі Қайрат Жансағымов баяндама жасап, жүргізілген іс-шараларға сәйкес, жалпы Жәйрем кентінің бюджетінің: кіріс және шығыс бөліктері – қалалық бюджеттен нысаналы трансферттер есебінен 24 000,0 мың теңгеге ұлғайтылғанын айтып өтіп, қай бағытқа қаншама сома жұмсалғанын және жұмсалатынын жілікше шағып берді.
2024-2028 жылдарға арналған Ұлытау облысы Қаражал қаласында коммуналдық қалдықтарды басқару бағдарламасын бекіту туралы баяндама жасаған Қаражал қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Нұрсұлтан Сауытбаев бағдарламаны әзірлеу өндіріс пен тұтыну үлгілеріне оң өзгерістер енгізу үшін: өндірістік процестерді, оның ішінде қалдығы аз технологияларды енгізу есебінен жетілдіру, қалдықтарды қайта пайдалану немесе оларды пайдалануға мүдделі жеке және заңды тұлғаларға беру, ең жақсы қолжетімді технологияларды немесе басқа ақылға қонымды әдістерді пайдалана отырып, қалдықтарды өңдеу, қайта өңдеу немесе кәдеге жарату, бекітілген рекультивациялық жобаларға сәйкес қалдық алаңдарын рекультивациялау арқылы экономикалық немесе басқа тетіктерді пайдалана отырып, қалдықтарды азайтудың жедел саясатын әзірлеу мақсатында қалдықтардың көлемі мен құрамында болып жатқан өзгерістерді бағалау рәсімдерінің тиімділігін арттыру қажеттігін жеткізді.
Өз кезегінде сөз алған Қаражал қалалық мәслихаттың аппарат басшысы Жанат Сатанов «Қаражал қалалық мәслихат аппараты» мемлекеттік мекемесінің «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшілерінің қызметін бағалау әдістемесін бекіту туралы» және «Қаражал қаласында бөлшек салықтың арнаулы салық режимін қолдану кезінде салық мөлшерлемесінің мөлшерін төмендету туралы» шешімінің күші жойылды деп тану туралы баяндама жасады.
Келесі кезекте алдыңғы сессияда қойылған сұрақтар бойынша берілген жауаптар мен атқарылған жұмыстар талқыланып, пысықталды.
Мысалы, қалалық мәслихат депутаты Арынғазы Тәкібаевтың жылу беру маусымы барысында туындаған көмір тапшылығы жайындағы сұрағына, қазіргі таңда барлық бюджеттік ұйымдар көмірмен 100 пайыз қамтамасыз етілгені, өңір тұрғындары үшін қысқы маусым аяқталғанша жеке кәсіпкерлермен көмір тасымалдау жүргізілетіні, өңір бойынша көмірге деген толқушылық жоқ деген жауап берілді.
Депутат Нұрбек Құлжанов мектептер мен балабақшалардағы асханалар бойынша тендерлер неге дұрыс ойнамай жатқандығын сұраған сауалына, биыл тендер ойнатылып, жеңімпаз кәсіпкер де анықталғаны айтылды.
Зәмзагүл Оспанованың аймағымызға тек қана теологтарды ғана емес, ұлттық құндылықтарды насихаттайтын адамдарды неге шақырмасқа деген сауалына бұл мәселе Ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімінің 2024 жылға арналған жұмыс жоспарында қарастырылды деген жауап берілді.
Осындай түрлі тақырыпта қойылған сұрақтарға Қаражал қаласының әкімі Айқын Елеусізов те жауап беріп отырды.
Мысалы, депутаттар тарапынан мектеп қабырғасынан тегін тамақтанатын арнайы санаттағы оқушылардың құнарлы және дәмді тамақтануы және жарамдылық мерзімдері өтпеген азық-түлікпен қалай және қаншалықты қамтамасыз етілетінін білу мақсатында Қаражал-Жәйрем өңіріндегі бірнеше мектептің асханаларының жұмысын тендер бойынша ұтып алған ағадырлық кәсіпкермен кездесу ұйымдастыру ұсынылды. Қала басшысы жақын күндері аталған кездесуді ұйымдастыруды өзінің орынбасары Ақжол Құрмансейітке жүктеді.
Депутат Айтуған Охан тарапынан қойылған шағын футбол залдарын ашу жөніндегі сұраққа Айқын Қылышұлы өз ұсынысын былай жеткізді:
-Алдағы 2024 жылы Жәйрем кентінде үлкен Денешынықтыру және спорт кешені салынбақшы. Сол кешенде шағын футбол залдары қарастырылған. Жаз мезгілінде футбол ойнайтын алаңдар бар. Көрінген жерге футзалдар сала бергеннен гөрі, әлеуметтік маңызы бар нысандарға қаражат салғанымыз дұрыс болар. Ал әзірше, қыс мезгілінде жергілікті мектептердің залдарымен келісуді ұсынамын, – деді.
Кезектен тыс өткен сессияның күн тәртібінде қарастырылған барлық сұрақтар депутаттар тарапынан қолдауға ие болып, қойылған сұрақтардың барлығы пысықталды.

Гауһар НАУРЫЗБАЕВА,
Қаражал қалалық
мәслихатының депутаты.