Нағыз бақыт…

«Пешенеңе жазылған тағдырдан қашып құтыла алмайсың» дейді. Дегенмен, арманың болса, оған қарай бар күш-жігеріңді салып, тынбастан әрекет жасау керек. Тағдырдың басқа салғаны деп мойымай, әрекет қылсаңыз, сөзсіз игілікке жетесіз. Біздің кейіпкеріміз Жәйрем кен байыту комбинаты аналитикалық зертхананың химиялық талдау зертханашысы Гүлмира Алашбаеваның өмірі мұның айқын мысалы. Қажырлы, қайратты және нәзік әйел өмірде қандай дауыл тұрса да қарсы тұрып, табысқа жетіп, бақытты болудың жолын көрсетіп жүр.

Гүлмира Жайлаубайқызының зертханада еңбек еткеніне 15 жылдың жүзі болыпты. Мамандығын нөлден бастап меңгерді. Және өз ісінде жетістікке де жетті. Ауысымында бригадир болғанына жеті жыл. Енді міне, жастар да тәжірибелі тәлімгерден білім алуда. Биылғы жылы оның еңбегі «Казцинк» деңгейінде жоғары бағаланды. Металлург күніне орай Гүлмира Алашбаеваға компанияның Бас директорының Құрмет грамотасы табысталды.
– Шынымды айтсам, мектепте химияны жақсы көріп оқымап едім. Бірақ тағдырым мені дәл сол пәнмен байланыстырып қойды. Бір кездері зертханашы боламын деген үш ұйықтасам түсіме кірмеген еді. Менің арманым басқа болатын. Оны кезінде жүзеге де асырдым. Кітапханашы атандым. Ал Жәйремге көшіп келгенімізде, маған тек зертханадан жұмыс орыны табылды. Несі бар, істеп көрейін деп шештім. Кейіннен жұмысымыздың қаншалықты қызықты, керекті екенін түсіндім. Әсіресе қазір, жаңа байыту фабрикасында. Жұмыс көлемі артты, көптеген компоненттерді анықтаймыз, құрамы бойынша әртүрлі кен келіп түседі. Кей кездері қиын әрине, шаршаймыз, бірақ тапсырма күрделенген сайын құлшынысымыз да арта түседі. Бұрын біз негізінен, марганец пен темірді анықтадық. Қазір қорғасын-мырыш кені өңдеуге келеді, онда көптеген компоненттер бар. Бізде жаңа заманауи техника-талдауыштар, спектрометрлер бар. Олардың көмегімен көбірек құрамдастарды анықтаймыз, дәлірек талдау жасаймыз. Жаңа құрылғыларды игереміз. Қасымызда – жаны ізгі жақсы адамдар. Бір-бірімізге сенім артамыз, достық қарым-қатынастамыз. Мұндай ұжымда жұмыс істеу өте қызықты, – деп ағынан жарылды Гүлмира Жайлаубайқызы.
Гүлмира Жаңаарқа ауданы, Айнабұлақ кентінде дүниеге келген. Сол жерде мектепті бітірді. Содан кейін Қарағанды мәдени-ағарту училищесіне оқуға түсті. Кітапханашы болу – оның балалық арманы еді. Ата-анасы бұл таңдауына қарсы болды, өйткені олар қыздарының педагогикалық білім алып, мектепте мұғалім болғанын қалады. Бірақ, бойжеткен өз таңдауын жасап, оқу орнын бітіргеннен кейін кеңшардағы ауылдық кітапханаға жұмысқа орналасты.
– Бала кезімде, қатарластарыммен бірге кітапханаға жазылып, кітап оқуға құмарлығым артты, оқу залында отырғанды жақсы көретінмін, – дейді кейіпкеріміз. – Бұл бір сиқыр әлемі секілді еді. Әдетте адамдарда кітапханашының жұмысы туралы қарабайыр түсінік қалыптасқан – барлығы бұл зеріктіретін іс деп ойлайды, кітаптарды бересің және қайтып аласың. Шын мәнісінде – қызықты жұмыс. Мен кітапханалық тақырыптық сабақтар, мектептерде кездесулер өткізетінмін, барлық мерейлі күндерге шаралар дайындайтынмын. Маған жұмысым өте ұнайтын, — дейді Гүлмира.
9 сыныпта оқып жүргенде, Гүлмира болашақ жары Ербол Алашбаевпен танысады. Ол кеңшарға Целиноградтан (қазіргі Астана) ата-анасымен көшіп келген еді. Әкесін партия желісі бойынша басшылық қызметке ауыстырған болатын. Балалар достасып, бір-біріне хат жаза бастады… Достық жүре келе ұлы сезімге ұласты. Ербол теңіз флотына үш жылға Отан алдындағы міндетін өтеуге аттанады. Бойжеткен ару оны әскерден күтіп алып, бір жылдан кейін екеуі отау құрады. Бірінен кейін бірі дүниеге келген тете үш баласы (екі ұл және қыз) жас ананы зеріктірмеді. Жұбайы – мамандығы бойынша құтқарушы – өрт сөндіру бөлімінде жұмыс істеді.
1996 жылы Кеңес одағының ыдырауына байланысты кеңшар үшін қиын күндер туғанда Алашбаевтар отбасы Жәйремге қоныс аударды.
– Мен үйде балалармен отырдым, ал олар өскенде, 2000-шы жылдан бастап, дүкендерде сатушы болып жүрдім, – дейді Гүлмира. – 2008 жылы зертханаға орналастым. Сол кезден бастап табан аудармастан осында еңбек етемін.
Өкінішке орай, Гүлмира Жайлаубайқызының жары осыдан 13 жыл бұрын жол апатынан көз жұмды. Бүгінде балалары ер жеткен, өрелі жетістіктерімен қуантуда. Үлкен ұлы Данияр 31 жаста. Ол ҰҚК Шекара академиясын аяқтаған, Қарағанды облысында аға офицер шенінде қызметте. Биыл майор атағын алды. Екінші ұлы Мадияр әкесінің жолын қуып Қарағандыда, кейін Жәйремде құтқарушы болып жұмыс атқарды. Қазір Жәйрем кен байыту комбинатына ауысты. Әзірше жүк ілуші, бірақ болашағы әлі алда. Оның бейінді мамандығы – қауіпсіздік жөніндегі маман, қызыл дипломы бар. Қызы Мөлдір ҚарМУ бітірді. Қазіргі таңда ол комбинаттың оқыту бөлімінде оқытушы. Үшеуі де аналарының жоғары марапатқа ие болғанына қатты қуанды.
– Осы жыл мен үшін толайым табыстар мен жақсы жаңалықтарға толы болды, – деп бөлісті Гүлмира. – Алдымен үлкен ұлым қуантты – тұңғышы дүниеге келді. Әулетімізде – екінші немере. Ұлымның шені жоғарылады, майор атағын алды. 12 сәуірде Космонавтика күні, 55 жасқа толған мерейтойымды атап өттім. Бұрын, әлі есімде, анам «сені Терешкованың құрметіне Валентина деп атау керек еді» деп отыратын. Жаңалықтар легі «Казцинктің» Бас директорының Құрмет грамотасын алумен ұласты. Мен үшін бұл мәні зор мәртебе. 15 жыл ішінде алғаш рет осындай марапатқа ие болдым. Бақыттан төбем көкке бір елі жетпей қалды. «Казцинкте» мұндай грамота – орасан еңбекті бағалауды білдіреді. Оның үстіне зертхана ұжымында осындай марапатты алғандардың алғашқысы болып тұрмын.
Бұл мен үшін одан да жақсы жұмыс істеп, әріптестеріме үлгі болып, алдыға ұмтылуға түрткі болды. Қазір жастарға үнемі айтамын: компанияда еңбегің еш кетпейді, сені бағалайтын, өсіретін орта бар. Әріптестерім де жаппай құттықтап, тілеулес болды. Тікелей тәлімгерім, Ольга Владимировна Салимоваға маған сенім артқаны үшін, еңбек жолымда қолдау көрсеткені үшін алғыс айтамын. Әрине, балаларым да аналарының белгілі бір дәрежеде жетістікке жеткеніне масаттанды. Олар да грамоталармен марапатталып жатады. Мен де балаларымның жетістігімен марқайып жүремін.
Гүлмира Алашбаева тағдыры оған қарапайым ғана нәрселерден тұратын нағыз бақытты тарту етті деп санайды. Ең бастысы – еліміздің аспаны ашық болғаны, қаншама адамды жұмыспен қамтып отырған комбинат бұдан әрі өсіп-өркендесе. Балаларының алдыға қойған мақсаттары орындалып, немерелерінің дені сау болса. Бұдан асқан бақыт, бұдан асқан асыл мұрат болар ма, сірә?!

Алена ЕРМОЛАЕВА.

Фотолар Г.Алашбаеваның
жеке мұрағатынан алынды.