Тасқынның беті қайтты

Күн жылынған сайын Ұлытау өңірінде су тасқынының қаупі де ұлғая түскен. Қазірдің өзінде облыс көлеміндегі бірқатар аймақтарда жолды қызыл су басу фактілері тіркеліп отыр. Мұндай оқиғалар Қаражал-Жәйрем өңірінде де орын алды. Алайда, шұғыл түрде жасалынған қауіпсіздік шараларының арқасында тасқынның беті қайтты. 

«Қылышта» жағдай қалыпты 

Қардың қарқынды еруінен болған төтенше жағдайға байланысты   Қаражал қаласының әкімі Айқын Елеусізов арнайы жиын өткізді. Оған жергілікті атқарушы органдардың және Қаражал қаласының Төтенше жағдайлар бөлімінің мамандары мен сала басшылары қатысты.

Жиында қаланың су тасқыны қаупі неғұрлым жоғары деген учаскелеріне (тұрғын үйлерге, аула аумақтарына), «Қылыш» су қоймасының гидротехникалық құрылысына арнайы тексерістер жүргізу жайы сөз болды.

Отырыстан соң қала басшысы Айқын Қылышұлы аталған жерлерге арнайы барып, бақылады. Сапар барысында жауапты органдар су тасқыны қаупі бар учаскелерде өткізілетін іс-шаралармен танысты. Қала әкімі әрбір су тасқыны қауіпті учаскені ерекше бақылауға алуды және су тасқыны қаупін азайту бойынша барлық қажетті іс-шараларды жүргізуді тапсырды.

«Қылыш» су қоймасын тексеру барысында су деңгейінің көтерілу қаупінің болмауы және су бетінің мұздануы мәлім болды. Конструкциялардың бұзылуын, пайдалану процесінде туындаған басқа да анықталған кемшіліктерді жою бойынша ұсыныстар берілді. Гидротехникалық құрылысты су алу нормадан аспады, елді мекендерге қауіп жоқ. Қазір өңірде көктемгі су тасқыны тұрақты.

Арнайы белгілер қойылды

Жаңаарқа ауданы арқылы Қаражал қаласына келетін 28 шақырым «Қаражал-Жаңаарқа» облыстық маңызы бар автокөлік жолын су басқаны жайлы ақпарат тіркелді. Оқиға салынып жатқан көпірдің айналма жол төсемінде орын алған. Еріген қар суы аталмыш айналма жолдың ені 100 метрге дейінгі жерін басып өткен. Су орып кеткен жердің тереңдігі 10-нан 12 см-ге дейін жетті дейді сала мамандары. Әйтсе де, автокөлік құралдарының қозғалысы бұзылған жоқ, елді мекендерге қауіп төнген жоқ. Қазір төтенше жағдай орын алған жерде жергілікті атқарушы органдар мен «Арқа құрылыс-2009» ЖШС мердігерлік ұйымының күшімен кезекшілік ұйымдастырылды. Оған 6 адам тартылды. Жол төсемі бойында сигналдық белгілерді орнату қолға алынды.

Кезекшіліктер ұйымдастырылды

Өңірде орын алған төтенше жағдайға байланысты жіті жұмыстар жүргізіліп жатыр. Қаражал қаласы әкімі аппаратының азаматтық қорғау, төтенше жағдай, жұмылдыру дайындығы бойынша бас инспекторы Е.Тәкібаев ТЖБ бастығымен бірлесіп «Қаражал-Шалғия» облыстық маңызы бар автокөлік жолдарының әр аймағы еріген қар суына толып кету фактісі бойынша шұғыл шараларды қолға алды. Қазір аталған факт бойынша қауіп жойылды, су деңгейі төмендеді. Елді мекендерге қауіп жоқ. Су толып кету нәтижесінде 33-шақырым белгісінде жол төсемінің құлауы (ені 4 м) болды. Осыған байланысты учаскедегі қозғалыс жабық. Жергілікті атқарушы органдар мен «Заңғар-2205» ЖШС мердігерлік ұйымының күшімен кезекшілік ұйымдастырылды.

Ізтай БеЛГІБАЙҰЛЫ