Спортшыларымыз жарады

Өңіріміздегі жалғыз Олимпиадалық резервтегі дзюдо мектебін қазір Қазақстан тұрмақ, шет елдер де танитын болды. Спортшы жастарымыздың қанжығалары жарысқа шыққан сайын кемі екі медальмен майланып қайтып жүр. Бұл ең бастысы – жаттықтырушылардың еңбегі. Осы жолы да 21-22 сәуір аралығында Сәтбаев қаласында академик Қаныш Имантайұлы Сәтбаевты еске алуға арналған дзюдо күресінен 2006-2007 жылдары туылған жасөспірім ұлдар мен қыздар арасында өткен Республикалық турнирден қыздарымыз жеңіспен қайтты. 52 кг салмақ дәрежесінде қола жүлдені Алина Тарелкина иеленсе, 63 келі салмақта Ақерке Ерболқызы қола жүлдені қоржынымызға салып берді. Сонымен қатар Ақерке мен Алина Қазақстан Республикасының дзюдодан спорт шеберіне үміткер атағына ие болды.

Cүйіншілеткен сүйінішті жаңалық мұнымен тоқтап қалған жоқ. Ағымдағы жылдың 30 сәуір күні «1 мамыр – Бірлік күні» күніне арналған дзюдо күресінен 2009-2010, 2011-2012 жылдары туылған жасөспірімдер арасында Жаңаарқа ауданының БЖСМ-нің ашық біріншілігі өтті. Осы біріншілікте жауырыны жер иіскемес, салмағы 26 келі тартатын болашақ балуан жігіт Ғазиз Сабит 1-орынды иеленсе, 29 келі бәсекелестер арасынан Аслан Кіштаев 2-орын, Рамазан Ержанов пен Бексұлтан Төлеуғазы 3-орынды қанжығаларына байлады. Ал Абдулла Нұрлан болса 38 келі салмақ дәрежесін 1-орынмен ойланбай қорғаса, Нұрасыл Шалғынбай да 38 келіде намысты қолдан бермей 2-орынды тақымына басты. Сонымен қатар 46 келі салмақ дәрежесінде Мәди Арынғазы 3-орын иемденіп, Әли Арынғазы да 66 келі салмақ дәрежесі бойынша 3- орынға ие болды. Ал салмағы 55 келі тартатын Рамазан Боранбай 1-орынмен жақындарын қуантты.

Нұр үстіне нұр демекші, спортшыларымыз жан-жақтан жеңіспен оралуда. 1 мамыр күні Нұр-Сұлтан қаласында өткен дзюдо күресінен 2007- 2008 жылдары туылған жасөспірімдер мен қыздар арасындағы «THE AKAN BUILDING» компаниясының кубогіне арналған Республикалық турнирінен 40 келі салмақ дәрежесі бойынша Айгерім Ермек 2-орынды иемденіп, Айжан Ғабдулла 3-орын алса, Ақерке Ерболатқызы 63 келі салмақ дәрежесінде бақ сынасып, 1-орынды қанжығасына байлады.

Қаражал қаласының «Мамандандырылған олимпиадалық резервтегі дзюдо балалар мен жасөспірімдер мектебі» КММ басшысы Артем Ким және ұстаз-жаттықтырушылары Ерболат Зекен, Арман Отарбаев және Сандуғаш Мұхамбетқалиеваны кезекті жеңістерімен құттықтаймыз.

Жазира СЕЙДҒАБИҚЫЗЫ