Спорт федерациясына – 5 жыл

«Казцинк» компаниясы, Ұлытау облысы әкімдігі және «Жәйремнің дамуы» корпоративтік қор арасындағы өзара ынтымақтастық Меморандумы аясында Жәйрем кентін дамытуға бағытталған әлеуметтік маңызы бар көптеген ірі жобалар жүзеге асырылуда. Компания кенттің жалпы тұрмыс-тіршілігіне, оның ішінде денсаулық сақтау саласына, білім беру саласына, мәдениетке, спортқа, коммуналдық салаға және т.б. көптеген бағытқа орасан зор демеушілік көрсетуде. Сол көмектердің ішінде біздің бүгінгі қозғайтын тақырыбымыз – аталмыш ірі компанияның спорт саласына қосқан және алдағы уақытқа жоспарлаған жұмысы. Оған себеп, арнайы жәйремдіктер үшін жобаланып, қолға алынған ірі жобалардың бірі «Жәйрем болашағы» Қоғамдық қорының жанынан ашылған Спорт Федерациясының құрылғанына биыл бес жыл толды.

Құрылғанына 5 жыл болған Спорт Федерациясының жаттығу залдарында алғашқы жылдары 4-5-ақ адам жүрсе, қазіргі таңда жергілікті спортсүйер қауым, жаттығу залдарына бір уақытта кіре алмай кезекпен кіреді. Оған басты себеп, салауатты өмір салтына көңіл бөлушілердің күрт артуы.

Ең алғашқы жылы спорттық құрал-жабдықтары да аздау болатын. Осы бес жыл ішінде «Казцинк» компаниясы түрлі заманауи спорттық құралдарды сатып алып, спортқа ынталанған жастардың легі үздіксіз ағылуда. Адам көзі қызығатын жаттығу залдарына сіз де бара аласыз.

Спорт Федерациясының басшысы, самбодан спорт шебері Мөлдір Сатжанова:

-«Казцинк» компаниясы спорт саласына барынша көңіл бөліп, кентіміздегі спортсүйер қауымның бастарын бір арнаға тоғыстырды. Заманауи құралдармен жабдықталған спорт залдарымызға сырттан келген қонақтар, әсіресе, үлкен қалалардан келген, қызыға да, қызғана да қарайды. Себебі, біздің жәйремдік спортшыларға берілген бар мүмкіндік, жасалған бар қолайлы жағдай көп жерлерде жоқ. Қазіргі таңда Ұлытау облысының кейбір республикалық деңгейдегі жарыстары біздің Жәйремде өткізілетінінен-ақ спорт саласы бойынша қолайлы жағдайы жасалған кент екенімізді мақтанышпен айта аламыз. Өзіміз де жылына кем дегенде 3 рет республикалық жарыстар өткіземіз. Бүгінгі күні федерациямызда жәйремдіктер стол теннисінен, волейбол, баскетбол, шағын футбол, бокс, шейпинг, қазақ күресі, грек-рим күресі тәрізді спорт түрлерінен жаттыға алады. Арнайы бапкерлер де бекітілген. Ал жеке өздері жай дене шынықтырамын деген жандарға заманауи, керемет спорттық құралдармен жабдықталған арнайы жаттығу залдары демалыссыз жұмыс істейді. Кішкентай балақайларға арналған би үйірмесі және жасөспірімдерге арналған волейбол секциясы бар.

Жаттығуға, дайындалуға келген спортшылардың дайындық барысында жарақаттанып қалуы кезінде алғашқы көмек беретін медициналық қызметкер бар. Ол маман жаттығу залдарынан соңғы адам шыққанша жұмыс орнында болады. Сонымен қатар, бар жұмысты жүйелендіріп, реттеп отыратын білікті әдіскеріміз бар.

Барлық мамандарымыз спорт саласына өзіндік үлестерін қосып жүрген жандар. Мысалы, бокс тренері Рымғали Мұздыбаев, алдынан талай мықты боксшы шығарған, Қазақстан Республикасының Құрметті жаттықтырушысы. Шәкірттері еліміздің түкпір-түкпіріне барып, қанжығалары бос қайтпайды. Оқушысы Виолетта Князева халықаралық жарыстарға шығып, кішкентай Жәйреміміздің ғана емес, жалпы Қазақстанның даңқын шығарып, туын биікке қадап жүрген мықты боксер.

Спорттық бидің жаттықтырушысы Нұрайна Жүсіпбекованың  шәкірттері еліміздің көптеген жерлерінде болып жүлдегер атанып, кентіміздің атын шығарып жүрген маман.

Жергілікті жастардың басын қосып, шағын футболға баулып, облыстық лигаларға шығып, жеңіспен оралып жүрген мықты футболшы, спорт шебері Мейіржан Баймақанов.

Жәйремдік жасөспірімдердің сүйіп баратын тағы бір спорт түрі грек-рим күресі. Аталған спорт түріне баптаушы спорт шебері Досбол Әбілхасов. Бұл кісінің шәкірттерінің әкелген жүлдесінің санынан шатасуға болады. Нағыз өз ісінің білікті маманы.

Жасөспірімдерді жинақтап, волейболдың қыр-сырын үйретіп жүрген Әсел Сайлауханова деген жаттықтырушымыз бар. Бұл спорт түрін қолға алғанына көп уақыт болмаса да, жетістіктері әжептәуір.

Кентіміздегі нәзік жанды аруларымызға арналған шейпинг секциясын Анжелика Баймақанова жүргізеді. Сұлулықтан қашқан әйел бар ма? Көрікті, келбетті, керемет мүсінді болуға тырысқан сұлулар күн санап көбейіп келеді. Кей кездері шейпинг залында орын да болмай қалады.

Ал ерлердің шымыр денелі, мықты білекті, сом жүректі болуына жаттықтыратын Тимур Ермекбаев есімді спортшы жігітіміз спорт шебері. Жаттығу залдарының жұмысқа жарамдылығына да жауапты сол азамат.

Қазақ күресінен шәкірттерімен қатар өзі де талай елде Жәйрем атын шығарып жүрген керемет бапкеріміз, самбодан спорт шебері Алмаз Мақажанов әр шәкіртінен білікті, епті спортшы шығуын қалайды және соған қарай жұмыс істейді.

Міне, осы тізіп өткен спорт түрлері бойынша жүргізілетін қызметтердің барлығы да халық үшін тегін жүргізіледі. Бапкерлерге жалақы «Казцинк» тарапынан төленеді.

Жекелеген спорт түрлеріне жаттығудан бөлек, спорт және туризмді дамыту мақсатында Туристік шерулер де қолға алынуда. Биыл шамамен 100 шақты жәйремдік бірнеше командаға бөлініп, ауылымызбен көршілес жатқан Қылшекең су қоймасына барып, тамаша демалыс ұйымдастырды. Командаға бөлінген жастар қызықты спорт түрлерінен жарысқа түсіп, тамаша бір демалып қайтты. Бұл іс-шараны да қаржыландырған «Казцинк» ЖШС.

Сондай-ақ, жәйремдіктер арасында дәстүрлі түрде өтетін Спартакиададағы қомақты сыйлық қоры да аталған компаниядан. Биыл спартакиада 5-ші  рет өткізіліп жатыр. Әлі мәресіне жеткен жоқпыз.

Біз осындай тамаша компанияның бір бөлігінде жүргенімізге шын жүректен қуаныштымыз.

Гауһар НАУРЫЗБАЕВА,

«Жәйрем кен байыту комбинаты» АҚ

Бастауыш Кәсіподақ ұйымы төрағасының орынбасары.