Өнерлі ұрпақ – елдің жарқын болашағы

Заңғар жазушы Мұхтар Әуезов «Қашанда халық пен халықты, адам мен адамды теңестіретін нәрсе – білім ғана» деп бекер айтпаса керек. Осы ұлы сөзді үнемі қаперімде ұстап, гүлдеп, өніп-өсіп келе жатқан жастардың арасынан сол ойға сай білімділерді көргім келіп тұрады. Анығырақ айтқанда, тарихын терең білетін, ұлттың рухани құндылықтарын бойына сіңірген ұрпақ қана ел болашағын қалыптастыра алады. Меніңше, бүгінгі жастардың бойынан тұлғалық жетістіктер, қабілет-өнері, рухани интеллектуалдық бәсеке табылып жатса қуантарлық жағдай.

Әлбетте, жоғарыдағы жазу­шы­ның сөзіне сай жастар аймағымызда жетерлік. Солардың бірі де бірегейі, ойы ұшқыр, қиялы жүйрік, білімді де талантты №1 жалпы білім беретін мектебінің 11 «А» сынып оқушысы — Айым Мамық.
Қара шаңырақ – қазақ мектебінде тәрбие мен білім алған Айым Ұлытау облысы, Қаражал қаласында 2008 жылдың 20 қарашасында дүниеге келген. Бала Айым өнерге, шығармашылыққа жақын болып, Абай өлеңдерінен бастап, Махамбет оқуларын, Сәкеннің, Мұқағали, Мағжан өлеңдерінің жілігін шағып, майын ішкен десек, артық айтқандық емес. Сонымен қатар, Айымжан өзге тілді де жетік меңгергенінің айғағы – Пушкин оқуларынан жүлдегер атануы. Мектепаралық, қалалық, облыстық деңгейдегі мүшәйралардан, өнер додаларынан бірнеше мәрте топ жарып, жеңімпаз атанған Айым өзі де анда-санда қиялына қанат бітіріп, кең қияға самғайды. Әсіресе, туған жерге деген махаббатын өлең шумақтарымен жеткізіп, талайымызды таңдай қақтырған. Тіпті, былтыр Қазақстан Республикасы «Daryn.kz» баспа үйінің басшысы Азат Әлімұлының қолынан «Қазақстан Республикасының жыл үздігі» төсбелгісі мен сертификатына ие болды. Ал биылғы жылы Жезқазған қаласына барып, «Ілияс Жансүгіров оқулары» республикалық байқауының облыстық кезеңінде «Заманның заңғар тұлғасы» номинациясы бойынша ІІІ дәрежелі диплом иегері атанды. Айымның осындай жетістіктерін жаза берсек, қаламның сиясы да жетпес.
Ақылына көркі сай, биязы да нәзік ару үйінің кенжесі, 3 ағасының ортасындағы ақылды да көрікті еркесі. Ата-анасының үкілеген үміті. Әкесі Жақсылық аға қазыналы қаламыздың белді кеншісі, ал аяулы анасы Аягүл ханым үйінің берекесін келтіріп, несібесін тасытып отырған асыл ана. Жақсылық ағаның қызы үнемі жақсылық жасауға, қоғамдық жұмыстарға, мектепішілік іс-шараларға атсалысудан шаршаған емес. Мектебінің сүйікті де ажарлы қызы химия мен Қазақстан тарихын, орыс тілін қызыға оқитынын жылы лебізбен жеткізді. Ал өзінің сүйікті ұстаздарының қатарына Нүркен Тілеуұлын, Баян Төкенқызын және Шынболат Абайұлын қоса отырып, және басқа да ұстаздарының есімдерін атап өтті.
«Неліктен бұл пәндерге құштарсың?» деген сауалыма, ақылды қыз: — Мен сол пәндерде өзімді әлдеқайда сенімді сезінемін, әрі сол пәндерге қатты қызығамын. Сол пәннің ұстаздары маған үнемі оқуға деген шабытымды ашады, — деп ағынан жарылды. Айыммен әңгімелесе келе нағыз болашақ шығармашылықтың адамы екенін өзінің сөйлеу мәнерінен, әдебінен, мәдениетті жауаптарынан байқап та үлгердім. Болашақта Астана қаласындағы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті немесе арман қала Алматыдағы Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің филология факультетіне түскісі келетінін де жасырмады.
Бүгінгі жас – ертеңгі кәсіби білікті маман. Елі мақтан тұтарлық жастарымыз баршылық, бұл орайда Айым сияқты жастарымыздың көптеген жетістіктері қуантады. Сөз қадірін қастерлеген Айым секілді өнерлі ұрпағы бар ел -өркениетті ел болары сөзсіз, тіпті, елімізді әлемге танытатындарына сенімдіміз.