Өндірісші арулар спортта

«Жәйрем кен байыту комбинаты» АҚ-да еңбек ететін нәзік жандар қай жұмыста болмасын ерлерден кем түсіп жатқан жоқ. Олар күрделі де қиын, жауапкершілігі жоғары өндіріс үрдістерінде еңбек етумен қатар, бос уақыттарында да ұйымшылдықтарын, бірліктерін сақтап, салауатты өмір салтын ұстануды әдетке айналдырған.

Комбинат жұмыскерлері арасында кәсіподақ ұйымының ұйымдастыруымен, Спорт федерациясының қолдауымен түрлі жарыстар мен сайыстар тұрақты түрде өтіп тұрады. Көбіне мұндай жарыстар командалық түрде өтеді.

Бүгін міне, өндірістегі әйелдер арасында волейболдан жарыс болып өтті. Жарысқа әр цехтан бір командадан шықты. Олардың арасында елуді еңсеріп, алпысқа аяқ басқан үлкен кісілер де бар. Ептілік пен жылдамдыққа үйрететін осы бір спорт түріне өндірісшілер тарапынан қызығушылық жоғары. Теңбіл топ қолдарына тигеннен арқалары қозатын спортшылар жарысы бірнеше сағатқа созылып, нәтижесінде Басқарма командасы І орынды,   ІІ орынды Көліктер цехының командасы және ІІІ орынды Полиметалл байыту фабрикасының командасы иеленді.

Барлық жеңімпаздарға ақшалай сыйлықтар мен Алғыс хаттар берілді.

Волейбол жарысы болған кезде үнемі алдыңғы лектен көрінетін Басқарма командасының мүшесі, Батырбаева Ғайша:

-Кәсіподақ ұйымы тарапынан түрлі жарыстар мен сайыстар тұрақты түрде өтіп отырады. Солардың ішінде жаныма жақыны осы волейбол. Мен үнемі өзім қарайтын Басқарма құрама командасымен шығамын жарысқа. Талай  жеңістің туын желбіретіп, кей кездері өзіміздің комбинат ішінде ғана емес, кентішілік, тіпті қалалық жарыстарға дейін шығып, Жәйремнің намысын көтеріп жүреміз. Бүгін де міне, командаммен бірінші орын алдық.

Бос уақытымда, жұмыстан кейін, демалыс күндері спорт кешеніне келіп жаттығамын. Волейбол ойынының қозғалысы адам баласына аса пайдалы табиғи қозғалыс пен дене мүшелерінің қимылынан жүгіру, жүру, секіру, лақтыру т.б. жаттығулардан тұрады. Бұл ойынды он жасар баладан бастап қай жаста болмасын ойнай береді. Мен өзім мектеп жасымнан бастап ойнаймын. Ойын барысында нақты қозғалыс нәтижесінде ең бастысы адамның кординациясы қалыптасады, – дейді.

Қандай жаттығу болмасын, қозғалыс барысында нақтылы орындалады.  Айталық, шабуылдау кезінде допты қарсыласының алаңға дәл түсіру, болмаса допты әріптесіне дәл бере білу, допты қарсыласының алаңына алдап тастау т.б. Демек адамның барлық қабілет-қасиетін қалыптастыратын ойынның бір түрі.

Мұндай жарыстар тек қана денені сергітіп, салауатты өмір салтына бағытталмайды, олар сонымен қатар, үлкен ұжымның татулығын, ұйымшылдығын, бірлігін нығайтады. Ал, ол біздің өндіріске керек-ақ!

Гауһар НАУРЫЗБАЕВА,

«Жәйрем кен байыту комбинаты» АҚ

Бастауыш Кәсіподақ ұйымы төрағасының орынбасары.