Мереке ЖҰМАНБАЕВА, Қаражал қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы: «ҚАЗАҚ ӘЙЕЛІ ЕРІНЕ СЕРІК ҚАНА ЕМЕС, ЕЛІНЕ ТІРЕК ТЕ»

Қазақта ақыл-парасатымен, тапқырлығы және тәрбиесімен, дуалы сөзі, дара мінезімен әлі күнге дейін ел жадында жатталған аналар аз емес. Қазіргі қоғамда да солардың ізін басып, ісін жалғап жүрген нәзік жандылар жетерлік. Кешегі жауға шапқан барыт аналарымыздың бүгінгі бейнесі – іскер, басшы, қызметкер сынды лауазыммен толыққан. Олар бала тәрбиелеп қана қоймай кәсіп ашып, оны дамытуға қабілетті. Сондай жандардың бірі Қаражал қалалық ардагерлер қоғамының төрағасы, білім беру саласының ардагері Мереке Жұманбаевамен қазақ әйелінің болмысы жайлы әңгіме қозғаған едік.

 – Әйелдің жаратылысы нәзік, жан дүниесі аса сезімтал деп баға береміз. Алайда осы күні қоғамдағы әйел тарапынан болып жататын кейбір келеңсіз әрекеттер сол ұғымға көлеңкесін түсіретін сыңайлы. Себебі, бүгінде әйелдердің бойында нәзіктіктен гөрі қатыгездік басымдау болып бара ма?

– Әйелдің жан-дүниесі сезімтал болғандықтан, ол  қоршаған ортаның жағдайына қарай дамып, бейімделе алады, қатыгездігі болып та жататын шығар, алайда ондай көрініс әйел адамды соған мәжбүрлегенде ғана орын алады деп ойлаймын. Қазіргі кезде технологияның дамып келе жатқан заманы емес пе, әйелдер  сол технологияны ер адамдармен бірдей игере алады, кей кезде тіпті асып та кетеді. Алайда одан ол қатыгез болып кетпейді, керісінше алға ұмтылып, қоғамға берері көп болады. Негізінде әйелдің жаратылысы өте нәзік. Оны жаралап алуға әсте болмайды.

– Қазақ тарихында арғы жағы Тұмар патшайымнан бастап аты аңызға айналған аналар жетерлік. Бұл нені білдіреді? Ақылы кемел қазақ әйелдерінің ұлттық болмысты қалыптастыруда айтарлықтай ықпалы болғанын айғақтайды емес пе? Бүгінгі қазақ әйелі неге қарабастың қамын күйттеп кетті?

– Мен бұл пікірмен мүлдем келіспеймін. Еліміздегі экономикалық белсенді 8 млн. адамның жартысынан астамы – әйел. Олар ошақтың отын маздатып отбасында ғана отырған жоқ, Отан алдындағы міндетін де атқарып жүр. Әрбір салада, әр деңгейде әлі жеткенше ер- азаматтарымен тізе түйістіре еңбек етіп, ел дамуына үлес қосып келеді. Мысалы, білім мен денсаулық сақтау саласында жүргендердің 80 пайыздан астамы қыз-келіншек, ал Парламент депутаттарының 25 пайызын әйелдер құраған  болатын, бірді-екілі министр, түрлі деңгейдегі әкім әйелдер  бар. Мемлекеттік басқару саласында әйелдердің үлесі 50 пайыздан асады. Гендерлік теңдік деңгейі жөнінен жаһандық рейтингте Қазақстан 135 елдің ішінде 31-ші тұғырда тұр, яғни қазіргі кезде де қазақ әйелі еріне серік қана емес, еліне де тірек бола біледі.

– Отбасы құндылығы дейміз. Бұл сөздің мағынасы қандай?

– Қазақ отбасында ата-ана қадірі кез келген құндылықтан артық, алайда, кеш ұғынамыз… Кез келген әке – мейірін, ал ана – мейірімін баласына сыйлаудан шаршамайды. Басқаға көңіл бөлмесе де, балаға бар сүйіспеншілігі мен махаббатын арнайды. Өмір жолында жанға жұбаныш болатын жанашырлық пен кіршіксіз көңіл ғана. Ата-ананың ақ пейілі, көңілі – бақытты ұрпақтың – баянды өмірі. «Ата-ананың қадірін білмеген – халық қадірін білмес», деп Ғабиден Мұстафин ағамыз айтқан.

Жалпы, отбасы – aдaмның тaбиғи және әлеуметтік жaғынaн дaмуынa ықпал ететін ұлы қағанат. Оның әрбір мүшесі бір-біріне деген ыстық ықыласпен, зор құрметпен, асқан бауырмалдықпен осынау қағанаттың тұтастығын сақтайды. Адам бойындағы ар-ұят, ақыл-ой, адамгершілік мен сыйластық, әдептілік пен мәдениетті қалыптастыруда отбасы – алғашқы алтын баспалдақ.

– Адамның бойында парасат-пайымның, даналықтың қалыптасуына көркем әдебиеттің пайдасы бар ма? Айталық, өзіңіз қандай да бір шығарманың кейіпкерін үлгі тұтқан кезіңіз болды ма?

– Әрине, оқырман үшін көркем әдебиеттің пайдасы зор. Көркем әдебиет — қоғам өмірінің айнасы, сол себепті, көркем әдебиеттегі баяндалатын өмірдің қандай да болсын тұстарын, адам өзіне қатысты «пішіп тігеді де, визуалды киіп көріп», қорытынды шығарады. Өкінішке орай, қазіргі жастар көркем әдебиет туындыларын оқудан қалыс қалуда. Бүгінгі күнде осы мәселе қоғамды алаңдатуда. Бұл интернет желісінің тигізетін кері жақтарының бірі деп санаймын.

Жалпы, мен оқыған туындылар кейіпкерлеріне еліктегіш болғанымды жасырмаймын. Оның ішінде Жүсіпбек Аймауытовтың «Ақбілек» романындағы – Ақбілек. Ол бойындағы батылдығымен, қайсарлығымен, өмірге деген құштарлығымен, қазақ әдебиетіндегі қыздар бейнесінің биік шыңын ұғындыратын кейіпкердің бірі.

– Ұстаз сөзінің астарында ұлағат пен құрмет тұнып тұрғандай сезіледі. Осынау мәртебелі мамандықты таңдауыңызға ұстаздарыңыз ықпал еткен бе, әлде?…

Иә, біріншіден, ұстаздықты  таңдауға мектепте оқыған  кездегі ұстаздарым ықпал етті деуге де болады. Екіншіден, көркем әдебиет туындыларына деген құштарлықты да айта кету керек. Сол туындыларды талдау, ондағы жағымды-жағымсыз кейіпкерлер бейнелерін талқылау, шығарманың басты идеясын ашу, қорытынды жасау мені қызықтыратын.

Әліппені үйреткен алғашқы ұстазымның аяулы бейнесі әлі күнге дейін көз алдымда. Мектеп қабырғасында білім берген ұстаздарымның есімін әркез ерекше құрметпен атап жүремін. Сол кісілер сияқты менің де қанатымның астынан түлеп ұшқан ондаған шәкірттер қоғам, мемлекет мүддесі жолында жемісті еңбек етіп жүр. Олардың әрбір жетістігін көргенде көңіліміз марқайып қалады. Меніңше, ұстаз мәртебесінің түпкі мәні осында жатыр.

– Бойыңыздан әсіресе, ойыңызды бүкпесіз ашық айтатын турашыл мінезді байқайсыз ба? Бар болса ол қайдан дарыған деп айтар едіңіз?

– Қалай айтсам екен, алдымен өз-өзіңнің алдыңда турашыл болуың қажет деп ойлаймын. Сонан соң әлбетте, басқалардың алдында ойыңды бүкпесіз айтатын, турашыл мінезді адамға айналасың. Аллаға шүкір, үлгі тұтарлық сондай адамдар менің өмірімде аз болған жоқ. Ең алдымен ата-анам, содан соң әріптестерім, достарым.

– Енеңізбен тіл табысып жүрдіңіз бе? Келіндермен сыйластығыңыз қандай?

– Өкінішке орай, енем мен осы шаңыраққа түспей тұрғанда дүниеден  озған екен. Ауыл адамдарынан «енең марқұм жақсы адам еді»,  дегенді талай естігенмін. Сондықтан, тірі болғанда ол кісімен тіл табысып, үлгілі отбасы ретінде жылдамырақ қалыптасып кететін бе едік…

Алла берген екі балам үйленіп, екі келінді болдым, жолдасым о дүниелік болғанына жылға таяп қалды. Өнегелі, ұлағатты отбасының қыздары болғандықтан, келіндерім тәрбиелі, сондықтан сыйластығымыз да жарасымды.

– Өзіңізді қандай әжемін деп айта аласыз. Немерелеріңізге уақыт бөлесіз бе?

– Мен, үш немересі бар әжемін. Әже ретіндегі стажым онша көп емес — 4-5 жыл. Сондықтан әже болудың рахаты мен үшін әлі алда. Бала тәрбиесіне атаның, әженің араласуы қазақ халқының үлкен бір  мүмкіндігі деп ойлаймын.

Немерелерім балабақшаға барып жүр, қалған уақытта оларға тәрбие беру ісіне араласамын. Ата-әженің тәрбиесін бойына сіңіріп, өнегелі әңгімесін тыңдап өскен перзент табиғатымен ізетті, адамгершілігі мол азамат болып өседі.

– Бүгінгі әжелер «ертегі айтпайтын әже» атанып жүр. Бұған келісесіз бе? Өзіңіз ертегі айтасыз ба?

– Әжелер немерелеріне көрген-білгендерін үйретеді ғой. Оның ішінде ертегілерді білмейтін, айтпайтын әжелер санаулы шығар деп ойлаймын. Денсаулығы мықты әжелер, жадында сақтаған ертегілерін немерелеріне айтып жүретіні сөзсіз, әрине. Мен  мүмкіндігімше немерелеріме өздерінің жасына сай ертегілерді айтып та, оқып та беремін.

– Қазір «Ардагерлер кеңесін» басқарады екенсіз. Қыздарыңызға, келіндеріңізге қандай ақыл, өсиет айтар едіңіз.

– Иә, қазір мен Қаражал қалалық Ардагерлер кеңесінің төрағасы лауазымын атқарып жүрмін.

Қыздарымызға, келіндерімізге айтар ақыл, өсиетім – ерінбей еңбекқор болып, қазақтың ұлттық рухани құндылықтарын дәріптеп, өз бойыңа, отбасы мен қоғамға сіңіру жолында биік дәрежеге жетіңіздер демекпін.

– Әңгімеңізге рахмет.

Сұхбаттасқан Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.