Мемлекеттік тілдегі блогосфера 

Бүгінгі күні ғаламторда әлеуметтік желінің дамуы жеке адам пікірінің қоғамдағы рөлін арттыруда. Себебі, әр  адам шектеусіз, әрі бақылаусыз ақпарат құрастырушы және таратушы болуға мүмкіндік алды.

Әлеуметтік желінің өз  «жұлдыздары» пайда болды.  Соған орай, олардың «өнімдері» де күн өткен сайын үлкен сұранысқа ие.

Соңғы кезде блогосфера дәстүрлі БАҚ-ты ығыстыруы да мүмкін деген ой қалыптасуда. Кейбіреулер еркін ойдың алаңы саналатын интернет әлемі дәстүрлі БАҚ-тың бәсекелесіне айналды деп даурығуда.

Бүкіл әлемде технологияның дамуы, смартфондардың, әлеуметтік желілердің пайда болуы  өмірімізге көптеген өзгерістер әкелді. Көп адамдар интернет ресурстарын, әлеуметтік желілерді пайда көзі ретінде де және өз аудиториясын жинау үшін де белсенді пайдалана бастады. Соңғы жылдары  белгілі бір мәселені хэштег қою арқылы көтеріп, және сол арқылы қоғам назарын аудару да үрдіс ала бастады.

Блогер деп белгілі бір саланы жетік біліп, оны халыққа жеткізетін адамды атайды. Егер ол қызықты әрі құнды дүние жазатын болса, оның өзіндік аудиториясы қалыптасады.

Алайда, жүрналистерге қарағанда, блогерлердің жауапкершілігі төмен екендігі байқалады.  Әр блогердің ақпарат беру сапасын оның посттарынан байқауға болады. Саналы азаматтар ғана  сол блогерлер ұсынған ақпараттың ішінен керек және керек емес дүниені саралай алады. Бұл әрине өз алдына терең талқылауды қажет ететін түйткілді мәселе.

Бүгін блогосфера саласында маңызы зор «тіл мәселесін» көтергім келіп отыр. Бұрынғы жылдарға қарағанда қазір әлеуметтік желілерде қазақ тілін қолданушылардың, қазақ тілінде ақпарат берушілердің саны едәуір өсіп келеді. Осы орайда Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Ана тілі» газетінде берген сұхбатындағы «Мені еліміздегі блогосфераның қазақ тіліне қарай ыңғайланып келе жатқаны қуантады» деген ойы еске түседі. Қазақ аудиториясын қуантып, оларға ана тілімізде құнды, сапалы ақпараттар беріп жүрген, ұлтына адал, білімді блогерлер қатары күннен күнге көбеюде. Бұрындары қазақ тілді аудиорияға қолжетімсіз болған дүниелерді туған тілде қарапайым халыққа түсінікті етіп, денсаулық сақтау, қаржылық сауаттылық, ас дайындау, психология, саяхат, салауатты өмір салты, бизнесті дамыту, табыс табу, т.б. көптеген салалар бойынша өз білімін жетілдіруге арналған ақпаратты дұрыс жеткізіп жүрген олардың  ұлт дамуына қосып жатқан үлесі зор деп ойлаймын.

Алайда барлық блогерлерді бірдей бағалай алмаймыз. Ақпарат беру сапасынан бөлек, көптеген блогерлердің өздерінің ана тілінде сауатсыз жазу үрдісі де белең алғанын жоққа шығара алмаймыз. Пернетақтадағы төл таңбаларымызды қолданбай, орыс тілді әріптерді ғана теріп, «Кайырлы тан! Кундериниз сатти отсин!» деп шімірікпей жазып отыратын блогерлерге қайран қалудамыз. Төл таңбаларды пайдалану соншалықты қиын ба еді?! Қазіргі смартфондарда кез келген тілді пернетақтаға шығарып алуға болады. Ана тілін құрметтейтін мейлі блогер, мейлі өз парақшасы бар кез келген азамат әр сөзіне мән беріп, төл таңбаларды дұрыс қолдануы қажет. Себебі, оны оқып отырған жүздеген, мыңдаған аудитория арасында өскелең ұрпақ та бар. Жастардың санасында «күн» сөзі «кун» болып жатталып қалмасына және олардың да солай жазбасына кім кепіл?

Тағы бір тоқталатын мәселе «н» және «ң» дыбыстарын айыра алмау. Соның нәтижесінде көптеген азаматтар осы дыбыстар кездесетін сөздерді дұрыс жаза алмай жүр. «Менін отбасым», «тан қалдым», «қуаныштымың» деп жазылған сөздерді оқығанда да қынжылып қаламыз.

Әр сөзді орнымен қолданып, мәтін жазғанда арасына өзге тілдегі сөздерді араластырмау мәселесі тағы бар. Кейбір блогерлер сөз арасында қалжыңдап, «кәрөче», «пачему», «сразу», «уже» деп орыс тіліндегі сөздерді араластырып жатады. Мұндай үрдісті  «вайнерлерден» де байқауға болады. Олар қазақ тілінде ауызекі тілде вайн түсіріп, ортасына орысша сөздерді араластырып қолдана береді. Бұл да есті құлаққа ерсі естіледі.

Әлеуметтік желіні дұрыс пайдалану білімді, сауаттылықты, үнемі ізденіп, білімді жетілдіруді талап етеді. Сапалы контент қашан да бағалы және оқырманы саналы болатыны сөзсіз. Ол үшін әр блогер емле ережелерін еске түсіріп, қайта сауаттанып, ана тілінде сауатты жазатын деңгейде болуы керек. Сонда ғана қазақ тілді блогерлердің саны ғана емес, сапасы да артты деп айтамыз. Ал қазақ тілін сауатты пайдаланып, оның дамуына үлес қосып жүрген блогерлерімізге халық «лүпілін» аямай қоятыны анық.

Сөзімді «Қазақстан» газетінің жауапты хатшысы, журналист Бауыржан Кариповтың «Әр блогшы өз деңгейіне, мінезіне, білім-біліктілігіне қарай контент жасайды. Солардың ішінен әр оқырман өзіне қажеттісін тауып алады. Біреу тәтті қарбыз жейді, біреу қаңсығанды қалжалайды…» деген ойымен аяқтағым келеді.

Манара Жетімекова,

«Қаражал қаласының ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт  бөлімі» ММ бас маманы.