Қызметтік әдеп — басты назарда   

Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі қоғам өмірінде ерекше рөл атқарады. Мемлекеттік қызмет атқару қоғам мен мемлекет тарапынан ерекше сенім білдіру болып табылады және мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдебіне жоғары талаптар қояды.

Мемлекеттік қызметшілердің басты міндеттерінің бірі – өзіне жүктелген міндеттерді мінсіз атқару арқылы қоғам өкілдерінің әділ бағасын алу. Ұлт мәртебесін көтеретін, ел абыройын асқақтататын мемлекеттік қызметші  болу заман талабы.

Бұл ретте, мемлекеттік қызметшілердің қызметтегі және қызметтен тыс уақыттағы іс-әрекеттерін үйлестіретін қағидалар жиынтығы мемлекеттік қызметшілердің Әдеп кодексі талаптарымен белгіленген.

Әдеп кодексі талаптарының іс жүзінде тиісті деңгейде орындалуын бақылау және қадағалау Әдеп жөніндегі кеңеске жүктелген. Аталған институт өз жұмысын ашықтық және әділдікпен қамтатамыз етеді.

Әдеп жөніндегі кеңес —  мемлекеттік қызмет саласындағы уәкілетті орган басшылығымен бекітіліп, республика көлемінде әр облыс орталықтарында өз қызметін атқаруда.

Бүгінгі күні, жаңа Ұлытау облысында Әдеп жөніндегі кеңес өз қызметін жүйелі түрде жүргізуде. Басты мақсат — бұзушылықтың алдын алып, мемлекеттік органдардың жұмысын үйлестіру.  Ұлытау облысы бойынша Әдеп жөніндегі кеңестің құрамы жұмыс тәжірибесі мол және аймақта мәртебеге ие болған тұлғалардан құралған.

Бекітілген ережеге сәйкес Әдеп жөніндегі кеңес мүшелері отырыстарда келесі мәселелерді қарайды: сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін талдауды талқыға салу, мемлекеттік орган басшыларының заңнама бұзушылықтарын алдын алу бойынша жүргізген жұмыс қорытындыларын тыңдау, әдеп жөніндегі уәкілдер қызметі нәтижелерін бағалау және тәртіптік комиссиялар жұмысын реттеу.

Бұдан бөлек, Әдеп жөніндегі кеңес өз отырыстарын көшпелі түрде аудан және қалаларда өткізуде. Биылғы жылы 3 көшпелі отырыс өткізілген. Мысалы, 2023 жылдың қаңтар айында Қаражал қаласында алғашқы көшпелі отырыс өткізілді.  Көшпелі іс-шаралар аясында жергілікті тұрғындар мен мемлекеттік қызметшілерді жеке қабылдау жұмысы жүргізілді.

Сонымен қатар, Әдеп жөніндегі кеңес мүшелері Қаражал қаласының мемлекеттік қызметшілерімен кездесу өткізді. Кездесу барысында, мемлекеттік қызметшілерге іскерлік әдеп пен ресми мінез-құлық қағидаларын, адалдық пен ашықтықты сақтау, қарапайым болу және өздерінің әрекеттерімен қоғам тарапынан сынға себепкер болмау керектігі аталып өтті.

Бүгінгі күні көшпелі шараларды жергілікті жерлерде өткізудің маңыздылығын ескере отырып, алдағы уақытта өзге өңірлерде
Әдеп жөніндегі кеңес мүшелерімен бірлескен шаралар өткізу жоспарлануда.

Бағдары айқын, міндеті нық, қызметі елеулі Әдеп жөніндегі кеңес институты халықтың сенімін ақтауға өз күшін сала бермек.

Ерқанат МАЖИТОВ,

ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің

Ұлытау облысы бойынша департаментінің мемлекеттік қызмет саласындағы бақылау  басқармасының басшысы.