Конституция – мемлекеттің негізгі заңы

Ағымдағы Конституция 1995 жылы 30 тамыз күні жалпы халықтық Референдум негізінде қабылданды.  Дамыған демократиялы елдерде әрекет ететін заңдар мыңдап саналады. Сол заңдардың бәрінің бастау алар негізі – Конституция болып табылады.

Өркениетті қоғам конституциялық заңдылыққа бағына отырып дамиды. Мемлекет түрлері көп болса да, олардың конституцияда мемлекеттік құрылым түрлері (унитарлық, федерация немесе конфедерация), мемлекетті басқарудың (монархия әлде республика) формалары анықталады, мемлекеттің жоғары органдарының құрылымы, азаматтардың негізгі құқықтары, бостандықтары мен міндеттері көрсетіледі. Мемлекет пен қоғамның Негізгі заңы ретінде Конституция бүкіл заң шығару ісінің қайнар көзі болып табылады. Өзге нормативтік актілердің бәрі Конституцияның ережелеріне негізделіп қабылданады. Сондықтан оның басқа нормативтік актілерде кездеспейтін өзіне тән белгілері болады.

Конституция (лат. constitutio – құрылу, өкім) – қоғамдық және мемлекеттік құрылыс негіздерін, мемлекеттік органдар жүйесін, олардың түзілу реттілігі мен қызметін, азаматтардың құқықтары мен міндеттерін айқындайтын мемлекеттің Негізгі заңы. Конституцияның мәні мемлекеттің негізгі заңдылық мүдделеріне, халықтың шын мәніндегі еркіне сай келуімен және құзіреттілігімен айқындалады.

1991 жылы 16 желтоқсанда Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесі “Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы” Конституциялық заң қабылдап, Қазақстанның халықаралық құқықтық субъект ретінде жария етілуі елдің тәуелсіздік мәртебесіне сай заңын – Конституциясын қабылдау қажеттігін туғызды. 1993 жылы 28 қаңтарда тәуелсіз Қазақстан Республикасының Негізгі заңы – Конституциясы қабылданды.

Жаңа Конституция Қазақстанның мемлекеттік тәуелсіздігін нығайтуда, мемлекеттің халыққа қызмет ететін жаңа билік органдарын құруда, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын айқындауда және оларды кеңейтуде үлкен рөл атқарды. Бұрынғы Қазақ КСР-інің аумағы тәуелсіз аумақ деп танылды. Ол бөлінбейді және оған ешкім қол сұға алмайды. Қазақстан Республикасының азаматтары ұлтына, тегіне, атқаратын қызметіне, тұратын мекеніне және басқа да әлеуметтік жағдайларына қарамастан, тең құқықтар мен бостандықтарға ие. Конституцияда Қазақстан мемлекетінің құрылысы, биліктің заң шығарушылық, атқарушылық және сот тармақтарына бөліну ұстанымдары айқындалды.

Қазақстан Республикасының 1993 жылғы Конституциясы өтпелі кезеңнің негізгі заңы ретінде екі жыл өзінің миссиясын атқарып, ел тарихында қалды. Бұл кезде Жоғарғы Кеңестің өкілеттігі Президент пен Үкімет билігінен күшті болуынан туындаған мемлекетті басқару жүйесі туралы мәселе шиеленісіп тұрды. Ақыры, Президенттің өкілеттігін кеңейту арқылы ел экономикасын реформалауды жеделдету қажеттігін жақтаған бағыт үстемдік алды. Нәтиже елдің Негізгі заңын түбегейлі қайта қарауға алып келді.

1995 жылдың 30 тамызында бүкілхалықтық референдум Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясын қабылдады. Онда мемлекеттік және қоғамдық құрылыстың ұйымдастырылуы және болашаққа бағдар ұстай отырып қызмет ету ұстанымдары белгіленген. Адамның және азаматтың конституциялық мәртебесі, бүкіл халықтың мәртебесі, мемлекеттік билік пен мемлекеттің әлеуметтік базасының қайнар көзі ретіндегі адам мен азаматтың құқықтары, бостандықтары және міндеттері баян етілген.

Қазақстан Республикасының Конституциясында халық ұғымы барлық ұлттық топтарды түгел қамтитын, тұтас әлеуметтік-саяси құбылыс ретінде түсіндіріледі. Халық әлеуметтік таптарға, топтарға бөлінбейді, сонысымен қоғамда бейбітшілікті сақтауда маңызды рөл атқара алады. Конституция адамдарды мүліктік жағдайына қарай алаламайды, түрлі әлеуметтік топтардың ешқайсысын жақтап шықпайды, өзін халықтың белгілі бір ғана тобының заң шығарушылық актісі деп танымайды. Конституция мемлекетті әлеуметтік деп, яғни бүкілхалықтық деп таниды. Мұның мәні: мемлекет халықтың бір тобының есесінен оның екінші бір тобына артықшылық бермейді. Мемлекет халықтың барлық топтарына олардың әлеуметтік жағдайына сәйкес қамқорлық жасауға тиіс. Қазақстан Республикасының Конституциясы түрлі әлеуметтік топтардың құқықтарына шек қоймай, тұтас халықты конституциялық-құқықтық қатынастардың субъектісі деп таниды.

Көп ұлтты Қазақстан қоғамының жағдайында “халық” деген ұғымға қазақ ұлтымен қатар барлық ұлттық диаспоралар мен этностар өкілдері де кіреді. Қазақ ұлты мемлекеттің, яғни бүкіл халықтың әлеуметтік базасының ұйытқысы болғанымен, оған айрықша құқықтық, саяси, әлеуметтік, экономикалық немесе мәдени артықшылықтар берілмейді.

Қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесін артықшылық деп cанауға болмайды. Өйткені, ол қазақ тілінің табиғи құқығы. Егер Қазақстанның байырғы тұрғындары қазақтар бола тұра, ол халықтың тілінің мемлекеттік мәртебесі болмаса, онда ол тілі қолданушылардың құқығы табанға тапталған болып шығар еді.

Қазақстан халқы мемлекетті осы Конституция арқылы құрды, оның басқару және құрылу нысандарын, әлеуметтік-экономикалық құрылысының негіздерін, адам мен азаматтың мәртебесін анықтады.

Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар республикалық референдум арқылы енгізілуі мүмкін. Былайша айтқанда, халық Конституцияны қабылдап қана қоймайды, ол Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы мәселені де шешеді. Референдум өткізу жөнінде шешімді Президент қабылдайды. Егер Президент Конституцияға өзгертулер мен түзетулер енгізу мәселесін Парламенттің қарауына беру туралы шешім қабылдаса, онда референдум өткізілмейді.

Қазақстан Республикасының Конституциясы тоғыз бөлімнен, 98 баптан тұрады. “Жалпы ережелер деп аталған І бөлімде Қазақстан Республикасының саяси сипаттамасы, қызметінің түбегейлі ұстанымдары көрсетілген; президенттік басқару нысаны, құқықтың қолданылуы айқындалған; идеологиялық және саяси алуандылық, меншікке қатысты қағидалар тұжырымдалған.

Адамның құқықтары, бостандықтары мен міндеттері, азамат және азаматтыққа байланысты ережелер “Адам және азамат” деп аталған ІІ бөлімде жинақталып берілген. Қазақстан Республикасы Конституциясы бойынша заң мен сот алдында жұрттың бәрі бірдей; азаматтардың өмір сүруге, жеке бас бостандығына, еркін қоныс аударуына, саяси бірлесуге, еңбек етуге, меншік иесі болуына, денсаулығын сақтауға, ұждан бостандығына, білім алуға т.б. құқығы бар. Адамды қорлауға болмайды, ары қорғалады. Сонымен қоса, азамат өзіне тиісті конституциялық міндеттерін де абыроймен атқаруға тиісті.

ІІІ бөлімде Президенттің, ІV бөлімде Парламенттің, V бөлімде Үкімет құрамдарының жасақталуы, сайлану және тағайындалуы мерзімдері мен заңдары, өкілеттіктері, атқаратын қызметтері, түрлі саяси ахуалдағы әрекеттерінің бағыттары, өзге органдармен байланыстары, ел экономикасын дамыту бағытында атқаратын жұмыстары, ішкі-сыртқы саясатты айқындап жүргізуі т.б. баяндалған.

VI бөлімде Конституциялық Кеңестің құрылуы мен қызметінің бағыттары, VII бөлімде соттар мен сот төрелігінің жасақталуы, атқаратын қызметінің мазмұны мен реттілігі туралы айтылған. Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару ережелері VIII бөлімде тұжырымдалған. Соңғы IX бөлімде қорытынды және өтпелі ережелер берілген.

Конституцияның маңызды ерекшелігі – ол бір жағынан, мемлекеттің, ал екінші жағынан, қоғамның Негізгі заңы болып табылады. Мұның өзі мемлекеттік биліктің қайнар көзі ретіндегі және қоғамның әлеуметтік базасы ретіндегі халықтың мәртебесімен байланысты. Конституция мемлекетті оның барлық элементтерімен: аумағымен, жоғарғы өкімет билігімен, азаматтығымен, дербес заң шығарушылық қызметімен, т.б. қоса баянды етеді. Конституция мемлекеттің, мемлекеттік органдардың қоғаммен, қоғамдық институттармен өзара қарым-қатынастарының негіздерін қалайды. Ол қоғамдық құрылыстың экономикалық, ұйымдық, рухани және жеке тұлғалық негіздерін де анықтайды. Мемлекет қана емес, оның институттары да Конституцияның құқықтық ережелерін, идеяларын пайдаланады. Қоғамның құрамдас бөліктері де (бірлестіктер, ұйымдар) өз қызметтерін Конституцияға негіздеп құруға тиіс. Жекелеген заңдар белгілі бір қоғамдық институттардың – саяси партиялардың, діни, мәдени бірлестіктердің т.б. құрылуы мен қызметтерінің бағыттарын айқындайды. Өздерінің мақсаттары мен әрекеттері арқылы конституциялық құрылысты зорлықпен өзгертуге, республиканың тұтастығын бұзуға бағытталған қоғамдық ұйымдардың құрылуына және әрекет етуіне тыйым салатын Конституцияның норматив- тік ережелері тура және тікелей іске асырылады. Сондықтан құқық қорғау органдары Конституция нормаларының бұзылу жағдайына қатысты шаралар қолданғанда, Конституцияның өзін тікелей басшылыққа алады.

Қазақстан Республикасы Конституциясының жоғары заңдық күші бар. Мұның мәні – мемлекеттік органдар қабылдайтын заңдар мен нормативтік актілер Конституцияға қайшы келмейтін болуға тиіс дегенді білдіреді. Мемлекеттік органның қандайы болса да – жергілікті органдар да, орталық органдар да, кез келген лауазымды тұлға, барлық азаматтар, олардың бірлестіктері Конституция қағидаларын сақтауы керек.

Конституция күні – Тәуелсіз Қазақстанның құқықтық өмірінде мән мен маңыздылығы жағынан ерекше орынға ие, халқымыздың ең жоғарғы дәрежеде атап өтетін басты мерекелерінің бірі. Осы мереке күні барша қазақстандықтарға татулық пен келісім, денсаулық, табыс пен молшылық тілеймін. Ата Заңымыз тарихымыздың мақтанышына  айналсын.

Айнагүл ТУКУБАЕВА,

Қаражал қалалық

сотының  судьясы.