Көпке  үлгілі  көпұлтты  отбасылар

«Ырыс, қайда барасың? Ынтымаққа барамын!» дейді халықтың әфсанасы. Шындығында, ынтымағы, бірлігі мен тұрақтылығы жарасқан көпұлтты Тәуелсіз мемлекетпіз. Тәуелсіз Қазақстанның бүгінгі экономикалық-әлеуметтік салаларындағы тұтас жетістіктері тек бірліктің, сол бірлік арқылы келетін тұрақтылықтың арқасында ғана орын алды. Осы орайда, мамырдың алғашқы күні — Қазақстан халқының бірлігі мерекесін біртұтас көпұлтты мемлекет болып атап өтеміз. 

Әлбетте, көпұлтты мемлекет болған соң, көпұлтты отбасылар баршылық. Әсіресе, осы қазыналы қаламызда айрандай ұйып, бірнеше жыл отасқан берекелі отбасылар жоқ емес. Осы мерекеге орай, сол отбасыларды сөзге тартуды жөн көрдік.

Константин мен Мақпал қаламызға танымал интернационалды отбасылардың бірі. Отағасы орыс ұлтынан болса, жары нағыз қазақ отбасында тәрбие алған ибалы қыз. Бұл берекелі жанұяның шаңырақ көтергеніне 12 жыл.  Константин Голяткин қазіргі таңда Қаражал қаласының мамандандырылған олимпиадалық резервтегі дзюдо балалар-жасөспірімдер мектебінің ұстаз-жаттықтырушысы. Сондай-ақ, сол мектептің түлегі. Қазақстан Республикасы облыстық Чемпионатының чемпионы, қаламыздың атын бірнеше мәрте шығарған спортшымыз. Бір сөзбен айтқанда қала мақтанышы. Ал жары Мақпал қалалық мәслихаттың бас маманы-бухгалтер қызметін атқарып отыр. Қаламыздың өміріне белсене араласқан бұл жұп, 3 баланың ата-анасы. Алла қаласа жақында көпбалалы отбасы болуға дайындалып жүр.

— Екі жақтың да салт-дәстүрін ұстануға тырысамыз. Әсіресе, бала дүниеге келгенде, қазақтың барлық жөн-жоралғысын жасаймыз, — деп Мақпал өз сөзінде айтты.  Сол 2011 жылы шаңырақ көтергеннен бері жұптары жазылмай, бақытты ғұмыр кешуде.

Келесі отбасының бір ерекшелігі отанасы орыс ұлтынан болса да, сөзі қысқа-нұсқа, сөз саптауы сауатты, әрбір сөзі нық шығып, орысша шүлдірлеп, екі сөздің басын қоса алмайтын қазақтарымызға жақсы сабақ болатыны көрініп-ақ тұр. Мерекеновтер отбасына келін боп түскеннен бері, бірден салт-дәстүрді дөңгелетіп әкетпесе де, енесінің ақылын көбірек тыңдаған Анастасия қазір «гәттай» қазақтың келіні десек те артық емес. 8 жыл бұрын шаңырақ көтерген Ақболат пен Анастасия қазіргі таңда екі батырдың, яғни Нариман мен Темірланның ата-анасы. — Үйде барлығымыз қазақша сөйлеуге тырысамыз, — деп Настя ағынан жарылды.  — Алғашқыда тіл білмей ептеп қиналғаным бар, бірақ қайынбикемнің балаларымен сөйлесе алмай, олар орысша, мен қазақша түсінбей, басқа түссе баспақшыл демекші сол балапандардың арқасында бірден үйреніп алдым, — деп жымиды отанасы. Бұл жұп қаламыздағы «Өркен-Атасу» ЖШС «Өркен» өкілдігінің қызметкерлері.

Мінеки, қаламызда осындай көпұлтты берекелі, көпке үлгі болар отбасылар бар. Қай-қайсысын алсақ та, татулықты ту етіп, бірлігі жарасса, қандай отбасы болса да, барлық қиындықты жеңу сөз еместігі барлығымызға айғақ. Үлкендерді сыйлап, соларға құлақ асатын отбасынан болса, болашақта ұрпағына да тәлімді тәрбие бере алатыны  анық.

1 мамыр мерекесі елдің бірлігін одан сайын нықтап, сол арқылы қазақтың тірлігінің берекелі болуына жол ашсын деп тілейік.

Мөлдір ХАМИТҚЫЗЫ