Көкпаршылар ерледі

 Көкпар – ата-бабаларымыздың асыл аманаты. Көкпар қазақтың қанына сіңген ұлттық спорт ойындарының бірі. Түркі тектес халықтардың арасында кеңінен танылған бұл ойынның ережесі соңғы уақытта ұмытыла бастаған сияқты еді. Алайда, кейінгі жастар қайта қызығушылық білдіріп, ұлттық спорт ойыны жандана бастады. Бұған жүректі жігіттер ғана қатысатыны да бесенеден белгілі.

Сүйініштісі сол, өңірімізде көкпар десе ішкен асын жерге қоятын азаматтар аз емес. 2023 жылғы 22-24 сәуір аралығында Жаңаарқа ауданында көкпардан жастар арасында Ұлытау облысының Чемпионаты өтті. Біздің де жігіттер алдына жан салмай, үлкен дайындықпен қатысып қайтты. Нәтижесінде біздің тарландар 2 орынды қанжығаға байлады. Бірінші орынды Жаңаарқа ауданының жігіттері иеленген екен. Ал 3 орын Жезқазған командасына бұйырыпты.

Ұлытау облысының дене шынықтыру және спорт басқармасынан чемпионат жүлдегерлеріне ақшалай сыйлық, мадақтама, кубок пен медальдар берілді. Жарысқа қатысқан командалардың арасынан үздік шабандоздар іріктеліп, Ұлытау облысының құрама командасы жасақталып, мамыр айының 4-11 аралығында Шымкент қаласында өтетін Қазақстан Республикасы Чемпионатына қатысады.

Қазақтың ұлылығы мен даналығын бүкіл әлемге паш ететін мәдениеті мен салт-дәстүрі болса, соның ең бастысы ұлттық спорт ойындары екені даусыз. Бұл Чемпионаттан да жерлестерімізге алдағы уақытта тек жеңіс тілейміз.

 Мөлдір ХАМИТҚЫЗЫ