Үстіміздегі жылдың 25 қаңтары күні қаламызда төтенше жағдай орын алды. Әлсейіт көшесіндегі № 7 үйден өрт шығып, елді дүрліктірді. Әбүйір болғанда зардап шеккендер жоқ. Алайда, бұл оқиға тұрғын үйлерде өртке қарсы қауіпсіздік шараларын әлі де пысықтау қажеттігін көрсетті.
Алдын ала жасалған сараптамаға қарағанда тұрғын үйдегі өрт тоқ желілерінің тұйықталуынан орын алған. Оқиға болған жерге Қаражал қаласының әкімі Айқын Елеусізов арнайы келіп, үй иелерімен кездесті.
– Орын алған жағдай арнайы комиссияның қатысуымен егжей-тегжейлі тексеріледі. Оның қорытындысы бойынша қолданыстағы заңнамаларға сүйеніп үй апатты жағдайда деген қорытынды шығарылуы керек. Ал, әзірге біз сіздерге уақытша пәтер береміз, – деді Айқын Қылышұлы.
Тұрғындар тарапынан уақытша үйдің қанша уақытқа берілетіні, оларға тұрақты баспана қашан болатыны да сөз болды. Оған шаһар басшысы байыпты жауап қайтарды.
– Мына пәтер бұрынғы, өрт шалған үйлеріңіз апатты жағдайда деген құжат заңды түрде рәсімделгенге дейін сіздерге уақытша беріледі, – деді Айқын Елеусізов.
Әкім сондай-ақ, тұрғындарға жаңа пәтердің сапалы және жылы екендігін де жеткізді. Олармен бірге барып, пәтерлерді аралап көрді де.
Дабыл уақытында түсті
Қалалық өртке қарсы қызмет бөлімінің басшысы Нұрсұлтан Әбікеннің айтуынша төтенше жағдай туралы дабыл түнгі сағат 3-тен 15 минут өткенде Медет Ұзақбай деген азаматтан түскен.
– Біз оқиға орнына келгенде қызыл жалын үйдің терезесінен лапылдап шығып жатыр екен. Үй маңында үш жігіт қолдарына түскен құралдармен қар лақтырып, өрттің бетін қайтаруға әрекет етіп жатты. Уақытылы түскен хабардың арқасында тұрғын үйдің күлге айналмауының алдын алдық, – дейді Нұрсұлтан Әбікен.
Бөлім басшысы бұл оқиға тоқтың қысқаша тұйықталуынан болған деген алдын ала қорытынды жасалғанын айтады.
– Негізі қай үйде болмасын тоқ желілерінің тозығы жетіп тұр. Оларды алмастыруға тұрғындар мән берулері керек. Одан қалды, пештердің дұрыс салынуына, мұржалардың арнайы отқа төзімді заттармен қапталуына да назар аударғандары жөн. Осы орайлы сәтті пайдалана отырып мен балаларды үйде қараусыз қалдырмауды қатаң ескертемін, – дейді ол.
Олар азаматтық танытты
Батырхан мен оның сыныптас досы Медет екеуі түнгі үштердің кезінде досының үйіне жөндеу жүргізіп қайтқан. Осы кезде Әлсейіт көшесіндегі № 7 үйден оттың жалынын байқап қалады. Қастарында Медеттің інісі бар үшеуі дереу өрт сөндіру қамына кіріседі. Өртке қарсы қызметке қоңырау шалысымен олар терезеден үйге қар лақтыра бастайды. Осы кезде өрт сөндірушілер де келіп жетеді. Алайда, төбедегі тоқ өртке су шашуға мүмкіндік бермейді.
– Мен шахтада электро-слесарь болып жұмыс істейтінмін. Өрт сөндірушілер тоқты тез арада ажыратпаса адамдардың тоққа түсу қаупі барын айтты. Мен дереу төбеге шығып, бағаннан келіп тұрған тоқ сымдарын ажыратып, оларды қауіпсіз етіп тойтардым. Бұдан соң гаражға кіріп, онда тұрған көлікті итеріп алып шықтық, – дейді Батырхан.
Осылайша жас жігіттер азаматтық танытып, бір отбасының үйі мен дүние-мүліктерін күл болып кетуден сақтап қалды.
Балалар бір қатерден
аман қалды
«Егер, Ұлтусын Балмағамбетова болмаса бұл оқиғаның соңы қайғылы жағдаймен аяқталар ма еді. Ол үш бірдей баланың өмірін сақтап қалды», дейді жерлестері.
Жағдай былай болған. Көршісі Мақпал мен Асхат түнгі жұмысқа кететін болып, үйіндегі үш баланы осы Ұлтусынға тапсырады. Бұрын да солай жасап жүрген.
– Осы жолы балаларды үйлерінде қалдырғым келмеді. Қастарына барып, серік боламыз деген екі қызымды да жібермедім. Ақыры өзім барып үш баланы үйге алып келдім. Ал, түнде мынадай оқиға болды. Құдай сездірген шығар, – дейді Ұлтусын ханым.
Қалай дегенде де көп балалы ананың бұл сезімі алдамады. Осылайша шиеттей үш бала бір қатерден аман қалды.
Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ