Гүлнұр САТАНОВА, Қаражал қаласының ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы: «Отбасының берекесі – барлық жұмыстың алтын қазығы»

Біз білетін бүгінгі заман әйелінің бейнесі сан қырлы. Айталық, әйел – саясаткер, әйел – көлік жүргізуші, әйел – бала тәрбиелеуші, әйел – үй күтуші, әйел – заңгер, әйел – экономист, әйел… Осылайша, олар отбасы мен қоғам арасына әдемі байланыс орнатып, бәрінен гармониялық үйлесім тауып отыр. Сондай жандардың бірі – Қаражал қалалық ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Гүлнұр Сатанова. Гүл-көктемнің тамаша мекекесінің бірі 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні қарсаңында біз сол сансаланың басын біріктіріп отырған үлкен мекеменің бұрымды басшысына қоңырау шалып, сыр-сұхбатқа тартқан едік…

– Гүлнұр Рахымжанқызы, өмірдегі ең биік жетістігіңіз не? Әңгімені содан бастасаңыз.

– Ең биік жетістігім, әлбетте, отбасым. Одан соң адал еңбегімнің нәтижесі. Бұл ұғымдар бір-бірімен тығыз байланысты. Себебі, менің қызметімнің алға басуына себепкер болып, сүйікті ісімді алаңсыз атқаруға жағдай жасап отырған ең алдымен, менің отбасым.

– Кез келген еңбек өз жемісін береді. Сол табыстарға қалай жеттіңіз?

– Ауыз толтырып айтарлық табысқа жеттім деп айта алмаймын. Сәл де болса жетістікке жетсем, ол ең алдымен ата-анамның бойыма сіңірген тәлім-тәрбиесінің арқасы. Әр сәтте маған бағыт-бағдар беретін әкем мен жолдасымның ақылкеңесі. Ең алдымен жан-жақты ойлауға тырысамын. Өзімнің қара басымнан бұрын басқаның жағдайын көп ойлайтындардың қатарынанмын. Сол себепті тілекшілерім көп деп айта аламын.

Әйел бақыты деген не?

– Әйелдің мерейін тасытып, бақытын баянды ететін – отбасы, қарашаңырағы. Сүйікті жар, аяулы ана болу. Отбасының амандығы мен татулығы, балалардың шаттығы мен жетістігі.

— Әйел үшін еркек кім?

– Әйел адам үшін ер адам – ең алдымен шаңырақ иесі, өмірлік серігі, қамқоршысы, тілекшісі. Азаматын құрметтеу, оның абыройын қорғау, ел алдында дәрежесін арттыру, балалардың алдында әкенің беделін көтеру – әйел адамның тікелей міндеті деп санаймын. Сонда ғана отбасында жарасымды қарым-қатынас орнайды. Ата-бабамыздың «Ерін сыйлаған әйел етекте қалмайды» деген дана қағидасына толықтай қосыламын.

– «Қызға қырық үйден тыйым» деген ұлағат бүгінде неге өз мәнін жоғалтып барады?

– Қыз баланы дүниеге әкелгеннен соң тыйым, шектеуді міндетті түрде айтып отыру керек. Біз отбасында «ұят болады», «бармайсың», «ерте кел!», «бос жүрме!» деген сөздерді күнде естіп өстік. Қазіргі нарықтық қатынастар заманында ата-ананың бала тәрбиесіне қолы тимей, балалар өз бетінше өсіп, интернет желісінде біз естімеген нәрсені естіп, біз көрмегенді көріп өсіп келеді. Әрине, бұл алаңдатады. Әр отбасы бұл жағдайды мықты қолға алу керек деп ойлаймын. Себебі, қыз бала – келер ұрпақтың анасы, бір шаңырақтың келіні. «Жақсы әйел – ырысыңның тұрағы» деген аталы сөз бар. Сондықтан, ертең қызыңның абыройы биік, беделі жоғары болуы үшін жас кезінен тыйым қойып өсіру керек.

– ХХІ ғасырдағы қазақ қызының болмысы қандай болуы керек?

– Белгілі ақын Ақұштап Бақтыгереева бір сұхбатында «Өмірде қыз болу бар да, нағыз қазақ қызы болу мүлдем бөлек» деген екен. Сол тәрізді ата-дәстүр, салт-сананы берік ұстанып өскен қазақ қызы қай ортада болсын, өзінің ерекше болмысымен көзге түсетіні анық. Қазақ қызының бойындағы асыл қасиеттерімен бірге ақылы мен сыр-сымбаты да өзге ұлттан дараланып тұруы керек.

– Ана болу – ең жауапты міндет. Осы жауапты міндетке нені жатқызар едіңіз?

– Ең жауапты міндет – баланың бақытты шаңырақта өсуіне жағдай жасау. Бесігінде жақсы тәрбие алған, үлгі-өнеге көрген бала болашақта да сол әдебін сақтап, жан-жағына үлгі бола алады.

– Қызметпен қатар отбасындағы тынымсыз тірлікті үйлестіру қиын емес пе?

– Қандай жұмыс атқарсақ та, өзіне тән қиыншылығы болады. Басшы болу оңай емес. Басшысы сабырсыз елдің – берекесі қашады. Мен қандай жағдай болмасын, ашуға бой алдырмай, кез келген нәрсеге сабырлы қарауға тырысамын. Бірнеше саланың басын қосқан бөлімді басқару өте қиын, бірақ берілген міндетті атқаруға, жүктелген сенімді ақтауға тырысып жүрмін. Отбасының берекесі – барлық жұмыстың алтын қазығы. Отбасымда қолдау болған соң, осы қызметті қатар алып жүрмін. Жұмыс қаншалықты маңызды болғанымен, ең алдымен, отбасында қалыптасқан тәртіпті сақтаймыз. Уақытты үйде де, жұмыста да тиімді пайдалансаң, бәрін де үйлестіруге болады.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Ізтай БЕЙСЕНБАЕВ.