Сыбайлас жемқорлықпен күресу бүгінгі күннің күрделі мәселесі болып отыр. Жемқорлық – мемлекеттің, қоғамның дамуына тежеу болатын, болашағына кесірін тигізетін індет. Оның тамырына түбегейлі балта шаппайынша, мемлекетте тұрақты өсіп-өркендеу болмайды. Қазір барлық дамыған елдер осы қоғам індетімен күресудің жаңа әдістерін іздеп, табуға тырысуда. Соның ішінде сыбайлас жемқорлық жасағаны үшін жауапкершілікті арттыратын қатаң заңдар қабылдауда.
Десек те, қоғамның тамырына түскен жегі құртпен күрес әзірге айтарлықтай нәтиже бермей отыр. Осы мақсатта елімізде сыбайлас жемқорлықпен күреске жалпы мемлекеттік саясат мәртебесі берілген. Оны жүзеге асыру бойынша ұйымдастырушылық және құқықтық іс-шаралар жалпы жүйелік және кешенді сипатқа ие болып отыр. Жемқорлық билік еткен қоғамның алға баспайтынын ескерсек, оны кезек күттірмес мәселелер қатарында тез арада реттеуге тиістіміз. Ал бұдан да жақсы жетістікке жету үшін барлығымыз жұмыла бұл дертпен күрескеніміз дұрыс.
Міне, осы жалпыхалықтық күреске Қаражал-Жәйрем өңірінің жұртшылығы да жұмыла кірісті. Қазір іргелі мекемелер мен мемлекеттік қызметкерлерді, құқық қорғау саласы мен қоғамдық институттарды айтпағанда мектептер мен мектепке дейінгі мекемелерде де сыбайлас жемқорлықтың қоғамға келтіретін зияны мен онымен күрестің жолдары қызу талқыланып, жіліктеп, жіктелуде. Бұл бағытта қоғамды жайлаған індетпен күрестің ең тиімді және ең басты жолы – сана мен мәдениетті қалыптастыру екені де айтылуда.
Жалпы, қазіргі таңда сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің маңызды факторларына нормативтік-құқықтық базаны әрі қарай жетілдіру, жемқорлыққа қарсы шараларды күшейту, халыққа қызмет көрсетуде тығырыққа тірейтін көптеген әкімшілік тосқауылдарды болдырмау және ең маңызды шара ретінде халық арасында сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілікті насихаттау тәрізді шаралар жатады. Осыған байланысты іске асыратын негізгі шараларға – мемлекеттік органдардың жұмыстарын ашық және анық қамтамасыз ететін мемлекеттік қызмет көрсетудің нақты стандарттарын енгізу әрі шешімдерді қабылдаудағы тиімділікті арттыру мәселесіне кешенділікпен келуге тиіспіз.
Бұл орайда, Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасына сәйкес «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатын іске асыру шаралары қабылдануда. Атап айтқанда, азаматтардың өтініштерін қарау тәсілдері түбегейлі қайта қаралды. Мекеме, бөлім басшылары күн сайын азаматтардың шағымдары мен өтініштерін қарауды бірінші кезекке қойған. Екіншіден, қала маңындағы елді мекендерде тұратын тұрғындардың өтініштерін қабылдау ыңғайлы болу мақсатында видеобайланыс арқылы жүзеге асыру мүмкін, бұл олардың уақыты мен жол шығындарын үнемдейді. Үшіншіден, өңірдің әрбір аймағында халықпен әлеуметтік, құқықтық сұрақтарға байланысты кездесулер өткізілуде. Осы бағытта өңірде жыл басынан жоспар бекітіліп ауқымды іс-шаралар ұйымдастырылды. Бұл мақсатқа жергілікті бюджет есебінен 900 мың теңге қаражат қарастырылып, «Азамат» қоғамдық бірлестігімен бірге жоспар аясында барлық іс-шаралар толығымен өткізілді. Ақпараттық материалдарды тарату мақсатында «Жемқорлыққа жол жоқ» акциясы аясында аймақтың мекемелері мен шағын кәсіпкерлік нысандарына ақпараттық парақшалар ілінді.
Сонымен қатар, сыбайлас жемқорлықпен пәрменді күресу үшін халықтың құқықтық сауатсыздығын жоятын, құқықтық түсіндіру жұмысының деңгейі мен сапасын арттырудың маңызы зор. Осыған байланысты, Қаражал-Жәйрем өңірінде қалалық ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімі, «AMANAT» партиясы, қалалық мәслихат сынды құзырлы орындар құқық қорғау органдарымен, қалалық білім беру мекемелерімен, дін саласының мамандарымен бірлесіп, акциялар, кездесулер, семинарлар өткізіп отырады. Бір ғана мысал, Қаражал қаласының ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімінің мұрындық болуымен сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру мақсатында Қаражал қаласының Полиция бөлімі ұжымымен семинар өтті. Семинарда Полиция бөлімінің қызметкерлеріне қазіргі таңдағы мәселелердің бірі – қоғамдағы сыбайлас жемқорлық екені, осы келеңсіз құбылыстың үдеп бара жатқаны ұрпақ тәрбиесіне зиян әкелетіні бәрімізді алаңдататыны, бұл мәселелерге тереңірек үңілетін болсақ, сыбайлас жемқорлық ел болашағына, ұлттық қауіпсіздікке үлкен зиянын тигізетіні, осы келеңсіз құбылыспен күресу барша халықтың алдында тұрған ортақ мәселе екені кеңінен сөз болды.
Семинарды ҚР Президенті жанындағы мемлекеттік басқару Академиясының эксперті Р.Тақатов жүргізді.
Сондай-ақ, Қаражал қаласының әкімдігінде Қаражал қалалық мәслихатының хатшысы Зәмзагүл Оспанованың, қоғамдық пікір көшбасшысы «AMANAT» партиясы Қаражал қалалық филиалының атқарушы хатшысы Айгүл Мауленинаның қатысуымен алқалы жиындар өтті. Бұл шаралардың бәрінің басты мақсаты — халықтың құқықтық сауаттылығын арттырып, жемқорлықтың теріс әрекеттерін түсіндіру, халыққа тегін құқықтық көмек көрсету.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениеттің болуы әр адамның құқықтық сауаттылығына байланысты, бұл біреуде төмен, біреуде жоғары болуы мүмкін. Мемлекеттегі заңнамаларды жақсы білу әр адамның өз іс-әрекетіне деген сенімділігін нығайтады, сөйтіп ол жемқорлыққа қатысты кез келген құқық бұзушылыққа тойтарыс бере алатын дәрежеге жетеді. Бұл әрине, әрбір адамның азаматтық ұстанымына, өмірлік қағидаларына, тұлға ретіндегі қасиеттеріне байланысты қалыптастады.
Сыбайлас жемқорлықсыз қоғамды құруда отбасынан алынатын тәрбиенің маңызы зор. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті насихаттау қоғамның түрлі салаларын қамтиды, оның ішінде, әсіресе, білім беру мекемелеріне жүктелетін жауапкершілік аса жоғары. Отбасы және білім беру саласы бұл үдеріске мүдделілік таныта отырып қатысуы керек. Бұл жұмысты мектепке дейінгі бала тәрбиесінен бастаған абзал. Бұл бағытта да өңірде ауыз толтырып айтарлықтай шаралар бар. Қала лық ішкі саясат бөлімінің ұйымдастыруымен өткізіліп жатқан түрлі байқаулар, акциялар, кездесулер осыған айқын дәлел. Ал, бұл шараларға мектеп оқушылары көптеп қатысып, өздерінің сыбайлас жемқорлық жайлы танымдарын кеңейтіп, онымен күрестің тәсілдерін де өздерінше ойлап табуда. Мәселен, Қаражал қаласының ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімінің ұйымдастыруымен оқушылар арасында «Сыбайлас жемқорлықсыз бақытты балалық шақ» атты видео-байқау ұйымдастырылды. Осы бейне байқауда балалардың таным көкжиегі қаншалықты екені айқын аңғарылып, жүлдегерлер мара патталды. Сондай-ақ, оқушылар арасында «Сыбайлас жемқорлық – әлеуметтік қасірет» атты сурет байқауы да балалардың қоғамға қауіп төндіретін індеттің қасіретін түсіну жайлы түйсіктерін оятып, танымын кеңейтуге үлкен ықпалын тигізді. Мұндай шаралардың өскелең ұрпақтың жастайынан құқықтық санасы мен мәдениетін қалыптастырып, отансүйгіштік бағыттағы құндылықтар негізінде тәрбиелеуге пайдасы зор. Өйткені, азаматтардың өз құқықтарын жақсы білуі қоғамдағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениеттің қалыптасуына бірден-бір ықпал ететін фактор. Еліміздің әрбір азаматы қандай да бір заңнаманы сәйкесінше қолдана білсе, мемлекеттік қызметкердің өз лауазымын заңсыз қолдануына жол бермесе, яғни заңды құқықтары мен мүдделерін қорғау үшін тиімді қолданса еліміз дерттен арылып, әлемдегі дамыған елдер қатарынан орын алуына үлкен үлес қосылар еді.
Осыған орай, қазақстандық әрбір адам ең алдымен, құқықтық сауатты, мәдениетті, жемқорлық көріністерін ажырата білетін, «нөлдік» төзімділігі қалыптасқан, білімді, бәсекеге қабілетті болу керек. Азаматтық ұстанымы айқын тұлға болуы тиіс.
Айтпақшы, аптаның басында өңірге академик Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің аға оқытушысы, сыбайлас жемқорлыққа қарсы ақпараттық-ағартушылық штаб мүшесі – Руслан Тоқатов арнайы келіп семинар өткізді. Әңгіме барысында Халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселесі де айтылды. Жалпы, Халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес күні 2004 жылдан бастап, жыл сайын 9 желтоқсанда атап өтіледі. 2003 жылғы 1 қарашада Мексиканың Мерида қаласында жоғары деңгейде өткен саяси конференцияда БҰҰ Бас Ассамблеясы Біріккен Ұлттар Ұйымының сыбайлас жемқорлыққа қарсы конвенциясы қабылдады. Конвенцияның мақсаты – жемқорлықтың алдын алу және жою. Конвенция жемқорлықтың алдын алу шараларын, сондай-ақ онымен күресудегі халықаралық ынтымақтастықтың механизмін қарастырады және соған сәйкес заңнамаларды жетілдіріп отырады. Конвенция ережелеріне сәйкес, сыбайлас жемқорлық салдарынан келген ақшалар қай елден келсе, сол елге қайтарылып отырады. Қазіргі уақытта Конвенцияға 140-қа жуық мемлекет қол қойып, 80-ге жуығы ратификацияланды. Қазақстан осы Конвенцияны 2008 жылдың мамыр айында ратификациялады. Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап, Қазақстан сыбайлас жемқорлыққа қарсы ымырасыз күреске белсене араласқандығын және сыбайлас жемқорлыққа қарсы барлық мемлекеттермен және тиісті халықаралық ұйымдармен сындарлы өзара іс-қимыл жасауға дайын екендігін көрсетті.
Ізбасар ОЙБАС.