Біздің балуан

Қазақ белдескеннің белін бүгіп, тірескеннің тізесін жерге тигізген, қалы кілес үстінде қарсыласына шыдас бермеген жанды Балуан дейді. Кешегі Қажымұқан, Балуан-Шолақ, Жақсылықтар шынайы балуандар. Олардың жауырыны жер иіскеп көрмеген. Міне, солардың сарқытындай болған қаражалдық жас пері – Ержан Еренғайыповты да ел біздің балуан деп дәріптейді. Ол орынды да.

Тамыз айында Қаражал өңірінің жұртшылығы қазыналы өлкенің орталығы – Қаражал қаласының 60 жылдығын дүркіретіп атап өтті. Мерейтойда түрлі спорттық шаралар да өтті. Бас бәйгеге темір тұлпарлар тігілді. Міне, осы тойда халықаралық дәрежедегі спорт шебері, қаражалдық балуан Ержан Еренғайыпов жерлестерін тағы бір рет сүйсіндірді. Облысты айтпағанда республикамыздың әр аймағынан келген мықтылардың бірінен соң бірін татамиде домалатып, бас бәйгені иеленіп, тақымына темір тұлпарды басты.

Жалпы, бұл Ержанның бірінші жеңісі емес. Бұған дейін де республикамыздың өзге де өңірлерінде өткен балуандар белдесулерінде бәсі басым түсіп жүрді.

– Осы Ержанды атасы Еренғайып аға қолынан жетелеп әкеліп маған тапсырып еді. Баяғының шалдары сияқты «Еті сенікі, сүйегі менікі. Мына баланы адам ет» деген болатын. Ол атасының да, менің де үмітімді ақтады. Өте еңбекқор. Айтқаныңды қалт жібермей қағып алады. Тиянақты орындайды. Алдына үлкен мақсат қойды. Қазір сол мақсаттарына ептеп-ептеп жетіп жатыр. Ол өзі спорттың үш түрінен – қолма-қол жекпе-жек, самбо және әскери самбо күрестерінен спорт шебері. Екі түрінен, яғни, дзюдо мен қазақ күресінен халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Екі жыл болды Қазақстанның ұлттық құрама командасының қатарында жүр, – дейді Ержанның тәлімгері, есімі елімізге белгілі жаттықтырушы Дүйсен Тәжікеев.

Ержан Еренғайыпов 1992 жылы Қаражал қаласында дүниеге келген. Әкесі Нұрлан Отарбаев пен анасы Алтын Мамыраева осы қазыналы өңірде еңбек етті.

– Менің күреске келуіме негізі атам – Еренғайып деген кісі себепкер болды. Ол кісі Қаражалда мектепте мұғалім болған еді. Мен жеті  жасқа толғанда осы қаладағы білікті жаттықтырушы Дүсен Тәжікеев ағаға алып келіп тапсырды. Содан бері осы қалы кілемнің үстінде жүрмін, – дейді Ержан ағынан жарылып.

Қаражалдық жас балуан Қазақстан Республикасының да намысын абыроймен қорғап жүр. Таяу, шалғай шетелдерде болған талай байрақты бәсекелерге қатысып, қазақ жігіттерінің қандай қайсар, өр мінезді екенін көрсетіп келеді.

– Күреске келген жылдары үш жылдай кішкентайлар тобында жаттықтым. Сол топта жүріп қалалық біріншілік өтті. Мен іріктеу жарысында айқын жеңістермен финалға шықтым. Бірақ қарсыласым өзімнен ересек болды. 25 келі салмақта татамиге шығып едім. Ересектігін  жасап, басым түсті де екінші орын алдым. Бұл маған сабақ болды. Мәселе жастың ерекшелігінде емес, айла-тәсілдердің басымдығында екенін ұқтым. Сөйтіп дайындығымды бұрынғыдан да шыңдай түстім.

Ересектер тобына өткенде жолым ашылды. Ұлттық құрамаға алындым. Елімізде, таяу, шалғай шетелдердегі жарыстарда үшінші орындар алып жүрдім. Бұл күреске енді келіп, толыса бастаған спортшы үшін жаман жетістік емес еді. Жақсы жетістіктерге жетуге күш салдым. Жаттықтырушым Дүйсен аға барын салып баптады. Нәтижесінде Әлем, Еуропа чемпионаттары мен Азия біріншіліктерінде күміс, қола медальдарға ие болдым. Әуелі спорт шебері, кейін халықаралық спорт шебері атақтарын қорғадым, – дейді кейіпкеріміз өзінің өмір жолдары жайлы әңгімелей келіп.

Биылғы жыл жас балуан Ержан Еренғайыпов үшін берекелі жыл болды. Ол үстіміздегі жылдың 28-29 сәуір аралығында Кувейт Мемлекетінің астанасы Әл-Кувейт қаласында дзюдодан өткен «Азия кубогы-2023» додасында топ жарып, чемпион болды.

Азия кубогына 27 елден 150-ден астам дзюдошылар қатысты. Осы байрақты бәсекеде  біздің Ұлттық құрама тамаша нәтиже көрсетті. 2 алтын, 3 күміс және 4 қола медальдарды жеңіп алдық. Екі алтынның бірі біздің жерлесіміз Ержан Еренғайыпов  ұтты. Ол алғашқы кездесуде Кувейт елінің балуанымен белдесіп  айқын  басымдықпен жеңсе, екінші айналымда Гонг-Конгтың спортшысын, одан кейін Түркімен жігітін айқын басымдықпен жеңіп жартылай финалға шықты. Мұнда кәріс балуанын қапы қалдырса, финалда қазақстандық балуан Қанат Сейілханды ұтып, жеңіс тұғырына көтерілді. Осылайша Кувейттің көгінде көк байрағымызды желбіретті.

Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ