Бірлікке бастар жол

Өткен аптада Ұлытау облысының спортсүйер қауымы үшін Қаражал қаласында алғаш рет Ұлытау облысының әйелдер спартакиадасы өтті.
Спорт — денсаулық кепілі демекші, спорттың қай түрі болмасын адам өміріне маңызы өте зор. Спорт, салауатты өмір салты, саламатты Қазақстан – қазіргі қазақстандықтардың басты басымдылықтарының бірі. Дене шынықтыру, спортпен шұғылдану, денсаулықты нығайту – бүгінгі қазақстан азаматтарының басты назарында. Оның айғағы қазақстандықтардың үлкен спорт жарыстарындағы жеңістері. Бақытты, гүлденген республикамыздың болашағын дамыту – салауатты өмір салтын қолдаған адамдардың қолында. Бұл біздің елімізге деген патриоттық борышымыз.

Иә, спорт десе ішкен асын жерге қоятын спортсүйер қауымның басым бөлігі, яғни облыстың түкпір-түкпірінен жиналған қатысушыларымыздың дайындығы жоғары деңгейде екені шу деген бетте байқалды. Жалпы, облыс бойынша 5 команда, яғни Жезқазған, Сәтбаев, Қаражал қалалары және Жаңаарқа мен Ұлытау аудандарының спортшылары катысты. Сондай-ақ, аталмыш спартакиаданың құрметті қонақтары Ұлытау облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының бұқаралық спортты және спортты ифрақұрылымды дамыту жөніндегі бөлім басшысы Динара Қуанышбекқызы Төлебек, Жа­ңаарқа ауданының дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Аллаберген Қарабайұлы, Жезқазған қаласының дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Зухраб Жұмабекұлы Даумбаев, Сәтпаев қаласының дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Нұрбақыт Бейсембайұлы Тобагабулов болды.
Ұлытау облысының алғаш рет өт­келі әйелдер спартакиадасының ашы­лу салтанатында Ұлытау облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының бұқаралық спортты және спортты ифрақұрылымды дамыту жө­ніндегі бөлім басшысы Динара Қуанышбекқызы құттықтау сөзін сөйлеп, барлық спортсүйер қауымға ақжарма тілегін жеткізді. Ал қатысушыларға сәт­тілік тіледі.
Облыстық деңгейдегі бұл тартыс­та спартакиаданың бас төрешісі Артем Ким, волейбол бойынша бас төреші Қоданқадыр Асхатұлы, дойбы бойынша бас төреші Құрмет Иб­рахим, үстел теннисі бойынша бас төреші Ерлан Сембеков, тоғызқұма­лақ бойынша бас төреші Данияр Дыбыс, президенттік көпсайысы бойынша бас төреші Қылыш Жукенов және стритбол сайысы бойынша бас төреші Айдын Торғайбеков өз міндеттерін кәсіби түрде атқарып шықты.
Атымен тұрғандай облыстық бұл додада нәзікжандылар айқын басымдылық танытып, шеберліктері мен дайындықтарын жоғары деңгейде екенін дәлелдеп, тамаша өнер көрсетті.
Тартысты доданың қорытындысы да төрешілер үшін оңайға соқпаған болар. Дегенмен жарыс бар жерде жеңіс те, жеңіліс те бар. Жалпы 6 спорт түрінен өткен доданың қорытындысына келсек, волейбол ойыны бойынша 1 орынды Жаңаарқа ауданының спортшылары ұтып алды. Ал 2 орынды Жезқазған командасы иеленді. 3 орынды Ұлытау командасы қанжығаға байлады. Дойбыдан 1 орынға Сәтбаев командасы ие болса, 2 орынды Жаңаарқа қомандасы, ал 3 орынды Жезқазған командасы місе тұтты. Тоғызқұмалақтан 1 орын Жаңаарқа командасына, 2 орын Қаражал командасына, ал 3 орын Жезқазған командасына бұйырды. Стритбол спорт түрі бойынша 1 орынға Жезқазған командасы, 2 орынға Сатпаев командасы, 3 орынға Қаражал командасы ие болды. Президенттік көпсайысында 20-23 жас арасындағы спортшылар бойынша 1 орынды Аида Үрпек ие болса, 2 орынды Айханым Есқайыр, ал 3 орынды Әсел Сағындық иеленді. Дәл осы сайыстағы 24-27 жас арасындағы қатысушылар бойынша 1 орын иегері Аружан Серғалиева және 2 орын иегері Мөлдір Даулетбаева атанды. Дәл осы сайыстың 28-39 жас арасындағы спортшыларға келсек, 1 орын Гүлзат Станқұловаға бұйырса, 2 орынға Қарлығаш Шакенова ие болды. Сондай-ақ, 40-49 жас арасындағы спортшылардан 1 орынды Ольга Утегенова ие болса, 2 орын Айнұр Тоженоваға бұйырды. Ал 3 орынды Назкен Жұмажанова місе тұтты. Президенттік көпсайысында командалық есеп бойынша 1 орынға Жаңаарқа командасы, 2 орынға Қаражал командасы, 3 орынға Жезқазған командасы ие болды. Сонымен Ұлытау облысының әйелдер спартакиадасының барлық спорт түрін қорытындылай келе, 1 орын иегері Жаңаарқа командасы атанды. 2 орынға Жезқазған командасы ие болды. Ал 3 орын Сәтбаев командасына бұйырды.
Жарыс өте жоғары деңгейде өтіп, нәзікжандылар өздерінің батыл­дықтарын тағы бір мәрте дәлелдеген сияқты. Сонымен бірге бұл тартыс батылдық пен ерік-жігерді, мінез-құлықты тәрбиелеуге мүмкіндік берді деген ой тұжырымдадық.
Ұлытау облысының әйелдер спар­такиадасының марпаттау рә­сімінде жарыстың бас төрешісі Артем Ким барлық спортшыларды құттықтап, жүлдегерлер мен жеңімпаздарға кубок, медальдар және мақтау қағаздарын тапсырды.
Жалпы спорт тұрақтылық пен төзімділікті талап ететін дене мәдениетінің бір бөлігі. Дәл осындай тартысты додалар облысымызда үнемі орын алып тұрса нұр үстіне нұр болар еді. Ең бастысы ауызбіршілік пен облысымыздың бірлігі сарқылмасын. Байрақты бәсекелерде ел намысын қорғайтын мықты спортшыларымыз көбейе берсін деген тілек қана бізде.

Мөлдір ХАМИТҚЫЗЫ