Қазақ әдебиеті — қазақ халқының ғасырлар қойнауынан ұрпақтан ұрпаққа жеткен рухани, мәдени мұрасы, сөз өнерiнiң асыл қазынасы. Қазір қазақ әдебиетінің туындыларын тиісінше оқып, зерделеп талқылауда өткір қажеттілік туындады. Дәл осы мақсатта кітап оқу, кітапқа деген қызығушылықты арттыру, халқымыздың әдеби мұрасын зерттеп, рухани мұраны сақтау мақсатында Қазақстанда республикалық «Бір ел — бір кітап» акциясы ҚР Мәдениет министрлігінің қолдауымен ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы мен ҚР Кітапханашылар Ассоциациясының бастамасымен 2007 жылдан бастау алған болатын.
Осы орайда, Ұлытау облысы Қаражал қаласы әкімдігінің «Қаражал қаласының орталықтандырылған кітапханалар жүйесі» КММ кітапханашысы, оқырмандарға қызмет көрсету бөлімінің маманы Жайнагүл Ұзақовадан ақпарат алдық.
— Республикалық деңгейдегі дәстүрлі акция биыл оқырмандар арасында он жетінші мәрте ұйымдастырылуда. 2023 жылы «Бір ел – бір кітап» республикалық акциясы аясында Төлен Әбдіктің шығармаларын оқу бекітілді. Қазақ прозасында өзіндік ерекше қолтаңбасы бар, қаламынан таным тамшылары тамған, көрнекті жазушы Төлен Әбдікұлы 1942 жылы 4 қыркүйекте Қостанай облысының Жангелдин ауданындағы Еңбек ауылында дүниеге келген. Жазушының қаламынан туған тұщымды дүниелер бүгінде ойлы оқырманның рухани олжасына айналғаны әмбеге аян. Оның «Оң қол», «Тозақ оттары жымыңдайды», «Өліара», «Ақиқат» «Парасат майданы» сияқты сүйекті шығармалары халқымыз қашаннан қастер тұтар сөз өнерінің алтын сөресінен ойып тұрып өз орнын алды, — деді бөлім маманы.
Жалпы кітап — біздің әлемдегі ең маңызды және құнды қазыналарымыздың бірі. Онда барлық халықтардың білімі мен әдет-ғұрпы, олардың тарихы мен мәдениеті орнықты. Кітап — бұл басқа әлемге, қиял мен арман әлеміне есік. Онда бәрі бар: жауынгер батырлардан бастап сиқыр мен ғажайыпқа дейін. Кітап сонымен қатар оқыту және дамыту құралы болып табылады, қарым-қатынасты дамытуға, жаңа лексикалық байлықты, ойлау дағдыларын және логикалық ойлауды игеруге көмектеседі. Кітаптар көркем сөздің сұлулығы мен тереңдігінен ләззат алуға мүмкіндік береді. Кітаптарды оқи отырып, біз басқа дәуірдің атмосферасына еніп, тарихи фактілер мен құпияларды біле аламыз. Осылайша, кітап — бұл әлем туралы білімнің нақты қоймасы. Сондықтан кітап оқу әр адамның білімді және дамыған болуы үшін міндетті іс-әрекеті болуы керек. Акцияның мақсаты да, ұлттық әдебиетіміздегі ең үздік туындыларды оқу және насихаттау, оқу ісін ілгерілету, рухани мұрамызды сақтау, сондай-ақ, жастарға рухани адамгершілік және патриоттық тәрбие беруге бағытталған.
Әйгерім ЕРДЕНҚЫЗЫ,
ҚарУ-дың III курс студенті.