Бітімгершілік заңының ең тиімді тұсы – адам құқығы

Мемлекетімізде 2011 жылдың 28 қаңтарында Қазақстан Республикасының «Медиация туралы» Заңы қабылданды. Бұл Заң Қазақстан Республикасында медиацияны ұйымдастыру саласындағы қоғамдық қатынастарды реттеуді, оны жүргізу қағидаттары мен рәсімін, сондай-ақ медиатордың мәртебесін айқындап берді.

Медиация ол дауларды шешудің баламалы тәсілдерін, атап айтқанда бітімгершілік рәсімдерін енгізудің бірнеше себептері бар. Біріншіден, азаматтық істер бойынша сот төрелігін жүзеге асыру барысында соттарға тиетін жұмыс жүктемесі көп болады. Екіншіден, бірнеше сатыдан тұратын сотта дауларды шешу анықталған уақыт пен күшті, оның ішінде қаржы шығындарын талап етеді. Тағы да бір айта кететін жайт, сот шешімдері көбінесе бір тарапты қанағаттандыратындықтан, екінші тарап өз құқықтары мен мүдделерін қорғау мақсатында ұзақ уақытын шағымдануға (апелляциялық, кассациялық және қадағалау сатылары) кетіреді. Сонымен қатар, әрбір  сатыда істі қараудың бекітілген мерзімдері бар. Іс бойынша шешім қабылдау үшін көп жағдайларда бірнеше айлар, тіпті жылдар қажет болатын. Солайша шешімді орындаудың еріктілігіне бөгет жасалып, оларды мәжбүрлі түрде орындауға жол берілетін.

Аталған заң даудың бітімгершілік жолмен екі жаққа бірдей тиімді шешілуіне, жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен мүдделерін қорғауға, сондай-ақ қылмыстық құқықтағы жеңіл дәрежедегі қылмыстар бойынша жәбірленушілер мен айыпталғандардың кешірімге келуіне, қылмыстық құқықты ізгілендіруге ерекше үлес қосары сөзсіз.

Забира КОЗЫБАҚОВА,

Қаражал қалалық сотының бас маманы.