Бүлдіршіндер мерекесіне орай, қаланың орталық алаңында өткен «Бала – өмірдің мəні» концерті аясында өңір басшысы Тілектес ДОСАЕВ балаларды ақжарма пейілмен құттықтап, білімі жəне өнерімен ерекшеленгендерге естелік сыйлықтар табыстады. Концертте Қаражал қаласы мен Ақтай ауылының өнерлі балалары көрерменге көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Қаражал қаласы білім бөлімінің басшысы Қаламқас Оспанова да балақайларға жүрекжарды лебізін білдіріп, бөлім атынан тəтті-дəмділер таратты.
Ертегі кейіпкерлері мен аниматорлар сəбилермен ойын ойнап қуанышқа бөлеп жатқанда, мəдени-сауық орталығы алаңында «Ғажайып əлем» тақырыбымен асфальтқа сурет салу байқауы ұйымдастырылды. Бұдан бөлек, дойбыдан жарыс өткізіліп, жасөспірімдер веломарафонда бақтарын сынады. Тартымды шаралар мəдени-сауық орталығындағы «Ертегі əлеміне саяхат» атты қойылым мен мультфильм көрсетілімдеріне ұласты.
Сол күні Қаражал қаласының мамандандырылған олимпиадалық резервтегі балалар-жасөспірімдер мектебінде кіші жасөспірімдер мен қыздар арасында оқу-жаттығулар өткізілді. Алғашқы дайындық топтары мен оқу-жаттығу топтары арасында жолдастық кездесулер өтті. Нұр-Сұлтан қаласынан келген ұстаз-жаттықтырушы жас дзюдошыларға өз атынан кимоно сыйлады.
Балшырын АМАНТАЙ