Бала құқығын қорғау — басты назарда

«Бірінші кезекте билік тарапынан балаларды қорғау үшін денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қолдау бағытында нақты шаралар қолға алынуы керек. Өскелең ұрпақтың үйлесімді дамуы мен бақытты балалық шағы – біздің жалпыұлттық міндетіміз» деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Кәмелетке толмаған балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау – Қазақстанның мемлекеттік әлеуметтік-құқықтық саясатының басым бағыттарының бірі болып саналады.
Осыған орай баланың құ­қықтары мен мүдделерін қорғау мәселелері бойынша өткен аптада қаламыздың мәдени-сауық орталығында Ұлытау облысы білім басқармасының басшысы Сапура Төлекова Қаражал қаласының ата-аналарымен ашық форматтағы кездесу өткізді. Жиынға Қаражал қаласы әкімінің орынбасары Ақжол Құрмансейіт, Ұлытау облысының бала құқықтары жөніндегі уәкілі Гүлмира Жаппасова қатысты.
Ең алдымен Қаражал қаласының білім бөлімінің басшысы Тілеш Әштаев Қаражал-Жәйрем аймағы бойынша білім ұйымдарының қызметі жайлы баяндама жасады. Жалпы Қаражал қаласының барлық мектептерінде 3395 оқушы білім алуда. Оның 1-4 сыныптарда 1380 оқушы, 5-9 сыныптарда 1625 оқушы, 10-11 сыныпта 390 оқушы. Ал, Жәйрем кентінде, яғни №10, 11, 30 жалпы білім беретін мектептерінде 1895 оқушы оқиды. Ал мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту бойынша «Балдырған» және «Балбөбек» бөбекжайларында 520 бала қамтылған. Оның екеуі де мемлекеттік. Қаражал қаласы бойынша білім беру ұйымдарының шағын орталықтарында 95 бала тәрбиеленуде. Мектептердің мектепалды даярлық топтарында 345 тәрбиеленуші бар. 2-6 жастағы балалардың 100%-ы мектепке дейінгі ұйыммен қамтылған. Алайда, кезекте 507 бала бар екен. Сондай-ақ, педагог кадрлардың жетіспеушілігі де мәселе болып тұр. Қаламыздың бөлім басшысы Тілеш Бейсенбайұлы мектептер мен балабақшалардың жазғы маусымда жүргізілген жөндеу жұмыстарының да қарқынды екенін жеткізді. Сонымен қатар, қала мектептеріндегі жылыту маусымы, Қаражал қаласы білім беру ұйымдарында қауіпсіздікті ұйымдастыру туралы, бейнебақылау орнату мен оқулықтардың тасымалдануы, инклюзивті білім беру, қосымша білім ұйымдары жайлы толық тоқтала кетті.
Одан кейін ата-аналарды жеке сұрақтары бойынша қабылдауды Ұлытау облысы білім басқармасының басшысы Сапура Сейдуәлиқызы, Қаражал қаласының білім бөлімінің басшысы Тілеш Бейсенбайұлы, сондай-ақ, Ұлытау облысының бала құқықтары жөніндегі уәкілі Гүлмира Алпысбайқызы жүргізді.
«Балалық шағы — патшаның тағы» деп ата-бабамыз айтқандай балалардың балалық шағын өз жастарына сай ұйымдастырып, жүзеге асыру біздің негізгі міндетіміз. Сондықтан, баланың отбасын, елін сүйіп өсуіне және жақсы азамат болып қалыптасуына қоғам болып ықпал етсек, бұл болашағымызға жасалған ізгі іс екені сөзсіз.

Мөлдір ОМАРОВА