Көмір жоспарға сай тасылуда

Ауа райының қазіргі жаймашуақ кезі елге қысқа қапысыз қамдануға мүмкіндік беріп тұр. Қаражал-Жәйрем өңірінің коммуналдық шаруашылық саласы осы сәтті тиімді пайдаланып қалуға тырысуда. Қазір өңірде тұрғындар мен әлеуметтік маңызы бар нысандарды қатты отынмен қамтамасыз ету жолында жұмыс қызу жүріп жатыр.

Қаражал қаласының тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімі берген ақпаратқа қарағанда өңірде көмір түсіру алдын ала жасалған жоспарға сай жеткізілуде.
– Жылу беру маусымына орай қазандықтардың көмірге деген қажеттілігі 14 999 тоннаны құрайды. Оның ішінде, әлеуметтік-мәдени нысандар үшін – 5955 тонна, білім беру саласына (екі балабақшаны қосқанда) – 3862 тонна, денсаулық сақтау саласына – 1331 тонна, мәдениет саласына – 462 тонна, спорт саласына – 300 тонна көмір қажет. Мұның сыртында Қаражал қаласы мен Жәйрем кентіндегі әкімшілік ғимараттарға – 844 тонна көмір түсіру жоспарланған.
Бүгінгі таңда бюджеттік сала ұйымдары бойынша қажетті мөлшердегі көмірді сатып алу тиісті бюджеттерде көзделген. 5000 тонна көлемінде конкурстық рәсімдер жүргізілуде.
Есепті күнге Қаражал қаласының тау-кен колледжіне көмір тасу жұмыстары аяқталды. Қаражал ауруханасы бойынша конкурстық шаралар аяқталды, мердігер – ЖК «Аманат». Ағымдағы жылдың қыркүйек айында 400 тонна көмір тасымалданатын болады. Қалған 279 тонна 2024 жылдың қыркүйек айында жеткізілетін болады.
Жәйрем ауруханасы бойынша мердігер – ЖК «Боранкулов» тендерді жеңіп алды. Ағымдағы жылдың қыркүйек айында 300 тонна көлемінде көмір жеткізілетін болады.
Қаражал қаласының мәдени-сауық орталығы бойынша мердігер – ЖК «Аманат». Жылу маусымына қажеттілік – 214 тонна. Ал, Жәйрем кентінің мәдени-сауық орталығына көмір жеткізу конкурсы аяқталды. Мердігер – «Progress-PM» ЖШС 248 тонна көлемінде көмір жеткізетін болады.
Білім беру нысандары бойынша мердігер – ИП «Страмкаускас». Қазіргі таңда Жәйрем кентінің №10 жалпы білім беретін мектебінен бастап көмір тасымалдауды бастады.
-Жәйрем кентінің көпқабатты тұрғын үйлерінің қазандықтары Ұлытау облысының әкімдігі мен «Қазцинк» ЖШС арасындағы Меморандум бойынша 5000 тонна көмірмен қамтамасыз етілетін болады, – дейді Қаражал қаласының ТҮКШ ЖК, АЖ және ТИ бөлімінің бас маманы Дархан Шәмен.

Досан ДУЛЫҒАЛЫ.