Қазақ баласы аяздыда түстей білген

Осыдан бұрынғы жазбаларымыздың бірінде қазақ баласының мына дүниенің мүкәмәлін, құбылысын қалай түстейтіні жөнінде жазған болатынбыз.

Жапон баласы кемі қырық түсті айырады екен деп көзімізді жұмып, таңдайымызды қағып жүргеніміз жасырын емес. Сол қазақ баласының бір ғана жылқы малына қатысты жүзден астам түс айырымын айта алатынын осы жұрт біле ме екен?!

 Әй, қайдам?!..

Әңгіме аяз жөнінде болған соң-ақ әңгіме суық жөнінде деп білген жөн. Ал қазақ даласындағы суықтың Арқа жерінде екендігіне ешкімнің күмәні жоқ деп білеміз. Ресми деректерге қарасақ, Астанамыз әлемдегі ең суық қалалардың бірі екен.

Ата-бабаларымыз сол суықта да кәдімгідей жалаңаяқ, жалаңбас жүріп өз шаруаларын ықтияттай білген. Олай болса суықтық, аяз, боран дегендеріңіз Арқа қазағына таңсық нәрсе емес.

Табиғатпен етене өскен бабаларымыз алғы күннің ауа райын болжап отырған. Бұл мал өсіріп отырған өңір адамдары үшін өте маңызды. Ондай адамдарды есепші деген. Есепші деп қазір бухгалтерді айтып жүрміз, дұрысы метеоролог болса керек. Бұған қарап есепшілер таңның атысынан күннің батысына дейін желдің бағытын, сыздың ығытын аңдыды деген ұғым тумаса керек.

Қазақтың суығы жаз шілдеден соң келеді. Оның қырық күнге созылатыны белгілі.

Ол Таразының тууымен байланысты. Ел ішінде Таразыны Тараз деп айтушылық бар. Бұл білместік болады. Сондықтан Таразы деп деп айтуға машықтанғанымыз дұрыс болады.

Ал Таразының туатын уақыты – тамыз айының қақ ортасы – 14-15-і.

Осыған орай, бабаларымыз «Таразы туа таң суыр» деген. Бұл аздайын «Үркер жаз шығарады, Таразы қыс қаратады» деп тағы да шегелей түседі.

Осы тұста бабаларымыздың «Сүмбіле туа су суыр» деген мәтелі еске қоса түседі. Бұл Сүмбіленің туатын тұсы – 21-22 қыркүйек. Күз тоқырауымыз осы.

Қазанның 4-5 күндері боқырау деп аталады. Атауында тұрғандай бұл кезде боққа қырау тұрады.

Осы айдың 14-19-ы ақыраптың алты күні деп аталады. Қазақ есепшілері осы күндері алдағы алты айдың ауа райын болжайды.

Қараша түскенде қараша қаздар қайтады. Бұл қарашаның 18-19-ы. Қаздардың қайтатыны көктайғақ түседі. Су бетіне қатпаршақ тұрады. Бұл құстардың жүзуіне мүмкіндік бермейді. Оның үстіне жемін де теріп жей алмайды.

Қазақтың ақшұнақ келді деп күңкілдейтін кезі осы қарашада (25-27-і). Өйткені, қарашаның ақшұнағы қарадомалақтардың екі бетін сорып домықтырып қояды. Қарашаның ақшұнағы үсік ала келеді.

Осыдан бастап бабаларымыз аяздарды түстей бастайды. Жай айтпай түстеп айтады. Соның басы осы – ақшұнағымыз.

Желтоқсанның алғашқы аптасында алғашқы аяз түседі (4-5-і). Мұны Қырбастың қызылы дейді. Қызылшұнағымыз осы.

Қырбас батыр – әулие адам болған адам. Менің бабам болады. Атақты Көкбөрі Жарылғаптың ұлы, Қанжығалы қарт Бөгенбайдың күйеубаласы, Арқаның асу бермес биі Бәйсейітбайдың әкесі.

Басқаны қайдам, аяз жөнінде әңгіме айтылса-ақ менің көз алдымда құлақ тұрады. Он екі мүшеміздің аязға келгенде осалы осы. Одан кейін сыр беретіні ешкі жарықтықтың мүйізі. Сондықтан да бабаларымыз қысқа алып қалатын ешкісінің мүйізін тетіп отырған.

Шұнақ деп қазақ баласы құлақ кемістігін айтады. Есту кемістігін айтпайды, шеміршек кемістігін айтады.

Содан да барып аяз сөздерінің бәрінде шұнақ сөзі қосарлана жүреді.

Содан барып қазақ баласы аяздарды ақшұнақ, қызылшұнақ, көкшұнақ, сарышұнақ, қоңыршұнақ деп түстеп айтады.

Екінші аязымыз қаңтардың басына келген. Оны ауызекі тілде бетжабар дейді. Кәмел Жүністегі күн таласы деп жазады. Кәмел ағамыз оны қаңтардың 1- 2-не келтіреді.

Қаңтардың 17-27-сі – қыс шілдесі.

Қазақтың сарышұнақ аязы осы.

Осы аязымызды жаңсақтықпен бөрісырғақ деп жүргендер бар.

Қоңыраязымызды ұмытып барады екенбіз. Ол – Үркер ауғанда түсетін шымшыма аяз. Ел ішінде үтаяз деп айтушылық бар. Өйткені, ақпан кіргенде үт түсетіні белгілі.

Мұнан кейін аяздың беті сынады.

Мұнымыз аязға қатысты әңгіме.

Келесі әңгімеміз боранға қатысты.

Есте ұстайтын нәрсе аяз болса боран болмайды, боран болса аяз болмайды.Сондықтан бұлардан қойыртпақ жасап керегі жоқ.

Арқада небір сұрапыл борасындар жетерлік. Соның шоқтықтысы – текебұрқылдақ. Бұл – желтоқсанның 17-22-сі аралығы.

Бұл күндері арқарлар маталады.

Бұл күндері уіл естуге болады. Ол уіл борандікі ме, қасқырдікі ме – ел ажырата алмай жатады. Ал аңкөс ағаларымыз ол уілді құжындікі деуші еді. Құжын деп қорамтаға бірінші түскен арқардың құлжасын айтады.

Мұнан кейінгі атақты боран – бөрісырғақ. Бұл ақпан айының 17-25 күндері өтеді. Бұл күндері қасқырлар жұптасады.

Арқаның соңғы бораны Наурыз мейрамы алдында өтеді. Оны майборан дейді.

Төрехан МАЙБАС,

жазушы-этнограф.