Қаражал қаласында көптің көңілін жаулаған «Ару ғұмыр – 2023» қалалық байқауы өз мәресіне жетті. Бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербеткен, әдемілік пен алпауыт қажыр-жігерді өз бойында ұштастыра білген нәзік жанды батыр аналардың өміріне, тұрмыс-тіршілігіне, қоғамдағы рөліне көптің назарын аудару мақсатында ұйымдастырылған бұл байқау қаланың көктеммен бірге келетін дәстүріне айналғандай. Байқаудың жеңімпаздарын марапаттау кешінде «Қаражал қаласының ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімі» ММ жетекшілігімен әйел азаматшалардың дайындаған өнімдерінен үлкен көрме ұйымдастырылды.
Өнерді үйрен де жирен
Көрмеге жиналған шеберлер өздерінің төл туындыларын таныстырып, қазақи ұлттық құндылықтарды дәріптейтін бұйымдарымен келген көрермендерге таңдай қақтырды. Күнделікті бала-шағаның қамын жеген күйбең тірлік пен үкіметтің жұмысының арасында жүріп-ақ та қосымша қолөнерге уақыт тауып, күш-жігерін аямай жүрген нәзік жандылардың туындыларын көргенде қызықпай тұру мүмкін емес. Әсіресе, ұлттық қолөнерді бүгінгі күнде заманауи үлгіде жалғастырып жүрген осы өңірдің шеберлері Күләш Қадірова, Балғын Дайрабина, Қарлығаш Шәкенова, Алданыш Смаиловамен бірге тоқыма шебері Забира Қозыбақова да бұйымдарын арқалап көрме төрінен табылды. Тек қолөнер бұйымдары ғана емес, тіл үйірер тағамдардың да шеберлері бар мұнда. Ұлттық тағам әзірлеуден бес аспап Нұргүл Рахметова мен дәмі тіл үйіретін, ерекше дизайнды торттар әзірлеудің шебері Дариға Тыхметова да көрмеден қалыс қалмады. Өнерді үйрен де жирен демекші, жас ұрпақты сурет өнеріне баулып жүрген суретші Балдырған Дүйсекеева мен бүгінгі таңда тойшыл қазақ арасында өтімді әрі, үлкен сұранысқа ие кәде-сый бұйымдарының шебері Жанерке Дәулетбаеваның да туындылары көрермендердің көзайымына айналды. Иә, адам жасағанды адам жасайды. Алайда, осынша еңбекті бағалап, халыққа дәріптеп, көптеп көмектеп қолдау танытсақ, қаламыздың да көркейе түсеріне үлесі тиер үлкен жобалардың шеті шығып тұрғандай. Дүйім жұрттың таңдана да, тамсана тамашалағанына қарап, көрмені ұйымдастырудағы мақсат межесін дөп басқандығын байқауға әбден болады.
Марапаттау салтанаты
Аса тартымды көрмеден соң, дәстүрлі «Ару ғұмыр-2023» қалалық байқауының марапаттау салтанаты басталып та кетті. Байқау шарты бойынша әр салада елеулі еңбек етіп жүрген қаражалдық 200-ге жуық аяулы жандар байқауға қатысқан болатын. Әрине, қай салада болмасын өз ісін жанын салып тындыратын, отбасының бабын тауып, сәбиінің бүгіні мен ертеңіне де жауапкершілік арқалайтын әйел затының қайсысы болмасын ерекше марапатқа, зор қошеметке лайық. Алайда байқаудың аты байқау. Үздіктерді мынау артық, мынау кем деп бөліп жармаған комиссия мүшелері марапаттарды әртүрлі номинация бойынша табыстады. Атап айтар болсақ, «Асыл ана» номинациясымен көп балалы ардақты ана – Күлзия Сағындықова, «Білім нұры» номинациясымен №7 ЖББМ бастауыш сынып мұғалімі – Айжан Тоқтыбаева, «Шипалы алақан» номинациясымен Салима Шаймерденова марапатталды. Әрине, ұлт болашағы – ұрпақтың қолында деп тегін айтылмаса керек-ті. Яғни, ұлт тәрбиесі үйдегі анадан бастау алса, сана саулығы мен жан саулығына ұстаз бен дәрігердің тигізер үлесі орасан. Алайда, алтын уақытын үйге емес, елінің ертеңіне арнап жүрген нәзік жандылар да бар мұнда. Ал, бұл саланың үздіктері «Өндіріс саласының үздігі» номинациясымен Оксана Кадацких, «Іскер әйел» номинациясымен Қаражал қалалық қазынашылық басқармасы басшысының орынбасары – Алтын Мұхамбетова атанды. Одан бөлек «Адал қызмет» номинациясы «Қазақстан Халық Банкі» бақылаушы-кассирі Бибігүл Құйқабаеваға, ал, «Халық жанашыры» номинациясы «Жәйрем кен байыту комбинаты» АҚ Кәсіподақ ұйымы төрағасының орынбасары, «Казцинк» еріктілері тобының төрайымы Гаухар Наурызбаеваға табысталды. Елеулі еңбекті назардан тыс қалдырмайтын комиссия мүшелері «Тыныштық сақшысы» номинациясымен Қаражал қалалық полиция бөлімі штаб тобының инспекторы, полиция аға лейтенанты – Мақпал Молдабаеваны марапаттаса, сән әлемінде еңбек етіп жүрген Жәйрем кентінің әрлеуші маманы Әйгерім Алдабергеноваға «Сұлулық шебері» номинациясын табыстады.
-Менде бос уақыт жоқ, шынымды айтсам. Спорт, қолөнер және балаларды сабаққа дайындау орталығым бар, одан бөлек мен анамын, жармын… Әйел адам болған соң, өзіме де уақыт арнауым керек. Осындай қоғамдық шаралардан қалыспай қатысуға тырысып жүремін. Сайып келгенде бос уақытым мүлде болмайды екен. Менің ойымша, жетістікке жету үшін адамға тек талпыныс, құлшыныс, үздіксіз еңбек жеткілікті деп ойлаймын. Барлық әйел затын мерекемен құттықтаймын, барлығы да еңбекте жеміске, шынайы бақытқа лайық деп есептеймін! – дейді, еңбекқор жандардың бірі «Business women» номинациясының иегері Қарлығаш Байболсынова.
Осылайша жалғыз марапат емес, көптің қошеметіне де ие болған жеңімпаз аруларды марапаттау салтанаты әдемі концерттік бағдарламамен үйлесім тапқан еді. Күміс көмей, әншілер, мың бұралған биші қыздарымыз бен бүлдіршіндер сахна төрін әсемдей түскені сөзсіз. Нәзік жандылардың болмысына лайық тартымды салтанатты кеш көптің көңілінен шығып, көрермендер ерекше әсерде үйлеріне тарқасты. Әрине, бұл әлі соңы емес, дәстүрлі байқау жыл сайын жалғасын тауып, даму сатысында жоғарылай түсері де, әр байқауда жеңімпаздарымыз еселене түсері де сөзсіз.
Балшырын АМАНТАЙ