Зайырлы мемлекет пен қоғам – біздің тарихи таңдауымыз

Зайырлы мемлекетімізде білім мен ғылым дінге тәуелсіз. Сондай-ақ мемлекет дінге, дін мемлекет ісіне араласпайды. Мемлекеттік дін жоқ және дін бәріне ортақ болмайды. Қазақстан азаматтарының дінге сену не сенбеуі өз еріктерінде.

«Зайырлы» сөзі қазақ тіліне «ашық», «айқын», «сыртқы» деген мағыналарды білдіретін араб тіліндегі «захири» сөзінен енген. «Зайырлы» ұғымы латын тіліндегі «laicus» («лаицизм»), «saecularis» («секуляризация») сөздерімен үндеседі. «Саясаттың діннен оқшаулануы, оның табиғи-тарихи үрдіске айналуы» деген мағына береді. Діннің мемлекеттен бөлектігіне байланысты мемлекет дін істеріне араласпайды. Зайырлы мемлекеттегі барлық діндер тең құқылы және олардың бәріне бірдей талаптар қойылады. Мемлекеттік органдар діни бірлестіктердің ішкі ісіне (заң бұзылмаса) араласпайды, сондай-ақ, діни бірлестіктер мемлекеттік міндеттерді атқармайды. Мемлекет тарапынан көмек немесе қолдау көрсетуге конфессиялық ерекшеліктер негіз болмайды. «Зайырлылық» ұғымының ауқымы кең. Зайырлылық аясына гуманистік құндылықтар, соның ішінде адамның ар-ождан және наным-сенім бостандығын еркін пайдалануы кіреді. Яғни, зайырлылық – әр адамның дүниетанымдық еркіндігін құптай отырып, қоғамның рухани саласындағы көптүрлілікті мойындау. Қазақстандағы мемлекеттік-конфессиялық қарым-қатынастың басты сипаты – елімізде қандай да бір ресми немесе міндетті діннің болмауында, демек, еліміз қоғамды көркейтетін құндылықты қолдап, тұлғаның діни сенім еркіндігін қамтамасыз етеді. Демек, республиканың әрбір азаматы өз бетінше әрі ешкімнің мәжбүрлеуінсіз қай дінді болса да таңдау еркіндігіне ие немесе өзінің қалауымен діни институттардан тыс өмір сүріп, қандай да бір діннің өкілі болмауға да құқылы. Зайырлылық тек қана құлшылық пен сенім бостандығы немесе мемлекет пен діннің өзара ажыратылуы ғана емес. Зайырлылықтың негізгі мақсаты жеке тұлғаны діндердің және идеологиялардың қысымынан құтқару екендігін білуіміз керек. Зайырлы мемлекетіміздің қалыптасқан құқықтық негізі діни алауыздыққа, араңдатушылыққа, экстремизм мен терроризмге жол бермейді.

Мөлдір ОРАЗАЛИНА,

оқырмандарға қызмет көрсету бөлімінің меңгерушісі.