Ардагерлерді кітап ордасы да құттықтады

Ауған соғысы ардагерлерін қанша мадақтасақ та, қанша құрмет тұтсақ та артық етпесі сөзсіз. Иә, арамызда «Несіне сонша дардай қылады, бұл қазақтың соғысы емес қой, бізге үш қайнаса сорпасы қосылмайтын халықтың соғысы емес пе?» деген пікірдегі адамдар да жоқ емес екен…

Алайда, ол кезде халықтың билігі өз қолында болмады. Кеңес үкіметінің құрамында болған қазіргі қазақстандық жауынгерлердің ол кезде қарсыласуға мүмкіндігі болмағаны ащы да болса шындық. Осылайша КСРО-ның ықпалымен сұрапыл соғыста жазықсыз оққа ұшып, Отанының бір уыс топырағын иіскеу арман болып кеткен талай боздақтарды тек олардың отбасы ғана емес, ел болып отандастары да еске алып, рухына тағзым етуі өте орынды деп есептеймін. Міне, сол майданда от пен оқтың арасынан аман оралып, осы күнде қарапайым халықпен бірге ел қатарлы өмірін сүріп жатқан қаражалдық ардагер жауынгерлерімізді құрмет тұтып, ұрпаққа үлгі ету мақсатында түрлі мекемелер іс-шаралар ұйымдастырып, ардагерлерімізді қонақ етіп барынша сый-құрметін көрсетуде.
Дәл осы мақсатта ақпан айының 16 жұлдызы күні «Қаражал қалалық Сәкен Сейфуллин атындағы орталықтандырылған кітапханалар жүйесі» КММ-де Қаражал қаласындағы ауған соғысы ардагерлерін қонақ етіп, жүрек тебірентерлік естеліктерге толы кездесу ұйымдастырған болатын. «Ер есімі – ел есінде» деп аталатын бұл сырласу сағатына ардагерлерден бөлек Қаражал қаласының №1 орта мектебінің жоғарғы сынып оқушылары (жетекшілері Мереке Иманберлина) көрермен ретінде шақырылып өздерінің көкейінде жүрген сұрақтарына тұшымды жауаптарын алды. Шараға келген ардагерлер, соғыс даласында көрген қиындықтарынан, үрейге толы сәттерінен, басына күн туғанда кей достан көрген қамқорлық, кей достан көрген сатқындықтары жайлы сыр шертіп, қиын-қыстау заманда тәуекел ете білудің не екенін, тығырыққа тірелгенде тез әрі дұрыс шешім қабылдай алудың өзі ерекше ерлік екенін мектеп оқушыларына өсиет етіп тарқатып берді.
Кездесу кешінің ең қызықты тұсы десем де болады, кешті ұйымдастырып отырған кітапхана ұжымы ардагерлерімізге ерекше сыйлық жасау мақсатында және Қаражал қаласының батырларының ерлігі ұрпақтан ұрпаққа жетіп, ерліктің өшпес айғағы іспеттес қолтаңба болып қалсын деген ниетпен «Ер есімі – ел есінде» атты кітапша басып шығарған екен. Іс-шара барысында ардагерлерге осы кітапшаның тұсауын кестіріп, әсерлі құттықтау сөзі жазылған Алғыс хатпен бірге осындай құнды мұқабаны табыс етті. Кеш қонақтарының атынан Наталья Васильева ардагерлерге өзінің жүрекжарды ақ тілегін айтып, Ауған соғысы кезіндегі жауынгерлерге арналған «Я ухожу» атты ән шашуын арнады. Осылайша әсерге толы әдемі кеш өз мәресіне жетіп, ардагерлер кітапхана ұжымына зор ризашылығын білдіріп, ерекше көңіл-күйде тарқасты.

Балшырын АМАНТАЙ