Жәйремде кіндік жарығы отасы сәтті өтті

Дене қызуы бірнеше күннен бері түспей, асқазан жұмысы нашарлап, іші қатты аурып, жүрегі айнып мазасы әбден қашқан Жанат Танашева Жәйрем кентіндегі ауруханаға көмек сұрай барды.
Науқасты кезексіз қабылдаған хирург дәрігер Нұрбол Құдайберген “кіндік жарығы” диагнозын қойып, шұғыл түрде ота жасалу керектігін айтқан. Туғандарының қолдауымен ақ халаттыларға сенім артқан Жанат апай осылайша отаға келіседі.
–Жасыратыны жоқ, алғашқыда бойымды қорқыныш биледі. Отаны Жезқазған қаласынадағы дәрігерлерге жасатсам ба деген ой да келді. Жол азабынан денсаулығым одан бетер нашарлап кетер деген қорытынды жасап, өзіміздің дәрігерлерге үміт арттым. Аллаға шүкір, олар менің артқан сенімді ақтап, үмітімді үзбеді. Небәрі бір аптаның ішінде аяғыма тұрып, отбасыма оралдым, – деп ағынан жарылған Жанат Танашева облыс орталығына барып ультрадыбыстық зерттеуден өткенін айтады. Отбасылық дәрігердің жолдамасымен тегін УДЗ жүргізген мамандар “ішкі және сыртқы тігісте іріндеу жоқ, тігіс жақсы біткен” деп пациенттің қуанышын еселей түсті.
–Денсаулықтың да, дәрігердің де қадірін ауырғанда білетін пендеміз ғой. Менің ІІІ топтағы мүмгедектігім бар болғандықтан, маған барлық медициналық қызметтер тегін, яғни МӘМС жарнасын аудармай-ақ көрсетіледі. Ел азаматтарына деген мемлекеттің қоғауы әрі қолдауы осы емей немене?! ,- деген Жанат Танашеваның Жәйрем кенті ауруханасының ұжымына, оның ішінде қолы алтын хирург Нұрбол Нұрланғазыұлына айтар алғысы шексіз.
-Оны өз ісінің нағыз маманы деп мойындай отырып, отбасына амандық, деніне саулық, еңбегіне толайым табыс тілеймін, – дейді риза пациент.
Бүгінде 8 721 тұрғынға медициналық қызмет көрсетіп отырған Жәйрем кентінің ауруханасы ақпан айының басында жаңа көпфункционалды ота үстелімен толыққанын айта өту керек. Шұғыл және жоспарлы түрде гинекологиялық, хирургиялық оталар жасауға мүмкіндік беретін құны 6 млн теңгеден астам медициналық жабдықты сатып алуға кент әкімшілігі мен Ұлытау облыстық денсаулық сақтау басқармасы мұрындық болған.

Раушан Ахан