Қаражал – өндірісті өлке, өрелі өзгерістер мекені

Ағымдағы аптада Қаражал қаласының әкімі Айқын Елеусізов халық алдында есеп беріп, аймақтың 2025 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары мен алдағы жоспарларын саралады.

Жиын барысында қаланың экономикалық әлеуеті, инфрақұрылымдық жобалар және тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру мәселелері кеңінен талқыланды.

Бұл кездесу тек статистикалық мәліметтердің жиынтығы емес, қаланың жаңа кейпі мен тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған нақты істердің есебі болды.

– Қаланың экономикалық тірегі саналатын кәсіпкерлік саласында да оң динамика байқалады. Бүгінгі таңда өңірімізде жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 1 257 бірлікке жетті. Кәсіпкерлер санының артуы — қаламызда бизнес жүргізуге қолайлы ортаның қалыптасып, жергілікті іскер азаматтардың белсенділігі артып келе жатқанының нақты дәлелі, – деді қала басшысы.

Қала әкімі халықты баспанамен қамту мәселесі де қала басшылығының тұрақты назарында екенін айтты. 2025 жылдың қорытындысы бойынша 15 778 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Биыл тағы да 15 800 шаршы метр баспананы іске қосу жоспарланып отыр.

Қаражал қаласының әкімі Айқын Елеусізов өз есебінде өңіріміздің болашағына серпін беретін маңызды жаңалықтарды атап өтті.

Облыс әкімі Дастан Рыспековтің Қытай Халық Республикасы Шэньси провинциясының губернаторы Чжао Ганмен өткен ресми кездесуі қаламыз үшін жемісті болмақ.

Осы тарихи келісімдердің нәтижесінде Қаражал қаласы мен Жәйрем кентіндегі тұрғын үйлерді қайта жаңғырту, яғни реновация жұмыстары қолға алынып, халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға басымдық берілмек.

Сонымен қатар, қаламызда қуаты 30 МВт болатын күн электр станциясын салу жоспарланып отыр. Бұл жобалар тек өңірдің инфрақұрылымын жаңартып қана қоймай, жаңа жұмыс орындарын ашуға және «жасыл» энергетиканы дамытуға жол ашады.

Халықаралық ынтымақтастықтың нәтижесінде туған өлкеміз жаңа кейіпке еніп, өркендей бермек.

– Қаламыздың көлік инфрақұрылымын дамыту бағытында биыл ауқымды жұмыстар атқарылды. Атап айтқанда, жалпы ұзындығы 15,265 шақырым болатын автомобиль жолдары жөндеуден өтті: оның ішінде Қаражал-Қылыш бағытындағы 13 шақырым жолға 0,9 млрд теңге, ал Ақтай шағын ауданы мен Жыланды көшесіндегі жолдарға 111,7 млн теңге жұмсалды.

Сонымен қатар, республикалық бюджет есебінен бөлінген 0,8 млрд теңгеге Атасу-Қаражал тас жолындағы көпір құрылысы 100 % аяқталды.

Алдағы 2026 жылы Қаражал қаласында тағы 7,2 км жолды орташа жөндеу жоспарланып отыр, қазіргі таңда облыс басшылығымен қажетті 780 млн теңгені бөлу бойынша келіссөздер жүргізілуде.

Жәйрем кентінде де оң өзгерістер аз емес: 2025 жылы 13 көше жөнделсе, 2026 жылы Мақатаев, Ынтымақ, Ералиев бастаған тағы 6 көшені ретке келтіру көзделуде.

Бұған қоса, Жәйрем кен байыту комбинатынан 5 шақырымдық ГРЭ жолын әкімдік теңгеріміне алу жұмыстары басталып кетті.

Бұл жобалардың барлығы өңіріміздегі жол қатынасын жақсартып, тұрғындардың жайлылығын арттыруға бағытталған.

2025 жылы Тәуелсіздік көшесі бойындағы саябақты абаттандыруға 118,1 млн теңге бағытталып, сәтті жүзеге асырылды.

Ендігі кезекте 2026-2027 жылдарға жоспарланған Рафаэль Гацинбиллер атындағы саябақты жаңғырту жұмыстары тұр.

Мұнда тас төсеу, тартан жүгіру жолдары мен заманауи кіші архитектуралық нысандар орнатылып, қала алаңы толық асфальтталады.

Ерекше атап өтерлік жайт, «Qarmet» АҚ басшылығымен жүргізілген келіссөздер нәтижесінде Қаражал қаласының 25-орамында Д.Қонаев атындағы аллея бой көтермек.

Қазіргі таңда қалалық қоғамдық кеңес пен «Ұлытау» ӘКК қатысуымен бұл демалыс аймағының эскиздік жобасы дайындалды.

Сонымен қатар, Жәйрем кентіндегі «Кентті алғаш ашқандар» саябағын абаттандырудың екі кезеңнен тұратын ірі жобасы бастау алады.

Осы бағытта ұлттық қор 3,4 млрд теңге, облыстық бюджет 1,9 млрд теңге және жергілікті бюджеттер 1,6 млрд теңге көлемінде қаражат қарастырған.

Бөлінген ауқымды қаржы қаламыздың инженерлік жүйелерін нығайтып, жаңа құрылыс нысандарының іргетасын қалауға мүмкіндік береді, – деді қала басшысы өз сөзінде.

Қаражал қаласының әкімі Айқын Елеусізов халық алдындағы есебінде қала тұрғындарын көптен бері мазалап жүрген электр желілерінің жай-күйіне қатысты өзекті мәселені көтерді.

Қала басшысы бұл түйткілдің шешу жолдары бар екенін және нақты жұмыстардың басталып кеткенін жеткізді.

Қала әкімі мәлімдемесінде:

– Бүгінгі таңда электрмен жабдықтау желілерінің тозуы – өте күрделі мәселе. Қазіргі уақытта иесіз деп тіркелген электр желілерін коммуналдық меншікке қайтару бойынша іс-шаралар әзірленді.

Желілер мемлекет меншігіне өткен соң, оларды кезең-кезеңімен толық жаңартамыз.

Қазіргі уақытта кез келген апатты жағдайды әкімдік қызметкерлері мен «Өркен» ЖШС мамандары бірлесіп, жедел қалпына келтіруде.

Сондай-ақ, демеушілік қаражат есебінен жаңа жабдықтар алынып, трансформаторларды жөндеу және кабельдерді ауыстыру жұмыстары жүріп жатыр, – деді қала басшысы.

Көшелерді жарықтандыру: 18 көшедегі 197 жарық бағанасының айналасындағы жер телімдерін рәсімдеуге бюджеттен 20 млн теңге бөлінген.

Бұл бағаналар енді жай ғана темір емес, мемлекеттік жүйеде координаттары нақ көрсетілген ресми нысанға айналады.

Қаражал қаласы бойынша 119 жер учаскесін, яғни электр желілері өтетін аумақтарды рәсімдеу үшін Жезқазған мен Қаражалдың үздік жерге орналастыру мамандары жұмылдырылған.

– Қазіргі уақытта «Жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастры» жүйесіне өтінімдер берілді. Бұл — үлкен процесс. Жалпы қажетті қаражат көлемі 91,4 млн теңгені құрайды, — деді қала басшысы өз есебінде.

Халық үшін ең маңыздысы — құжаттардың реттелуі емес, сол жұмыстың нәтижесінде жарықтың өшпеуі мен көшелердің жарқырап тұруы.

Бұл жоба аяқталған соң, Қаражалдың электр желілері «иесіз нысан» мәртебесінен құтылып, толықтай мемлекеттік бақылауға алынбақ.

Қаражал қаласының тұрғындары үшін жаз айларындағы ең өзекті мәселе — техникалық су тапшылығы. Жылдар бойы қордаланған бұл түйткілдің түйіні биыл біржола шешілгелі тұр.

Қала әкімі өзінің есепті кездесуінде жұртшылықты қуантқан маңызды жаңалықты жария етті: Қылыш-Қаражал су құбырының құрылысы биыл толық аяқталады.

Қала тізгінін ұстаған сәттен бастап тұрғындар тарапынан жиі көтерілген бұл сауал аяқсыз қалмады.

Әкімдік ұсынған мәліметке сүйенсек, Қылыш-Қаражал су құбырының құрылысы екі кезеңнен тұрады.

Жоба аясында жалпы ұзындығы 23,3 шақырымды құрайтын су тарту желісі салынады.

Әрқайсысының сыйымдылығы 100 текше метр болатын 3 резервуары бар заманауи сорғы станциясы бой көтереді.

Бұл нысандар іске қосылғанда, қала халқы жазғы маусымда техникалық судың зардабын тартпайтын болады.

Ең бастысы, 2026 жылы жұмысты іркіліссіз аяқтау үшін қаржыландыру мәселесі толық шешілген. Әкімнің айтуынша, биылғы жылы жобаны жүзеге асыруға қажетті қаражат толық көлемде қарастырылған.

Бұл — мердігер мекеменің жұмысты кешіктіруіне ешқандай негіз жоқ деген сөз. Құрылыс жұмыстары 2026 жылдың соңына дейін толық аяқталып, пайдалануға берілуі тиіс.

– Бұл жоба — тек құрылыс емес, бұл — халықтың тұрмыстық жағдайын жақсарту жолындағы біздің басты міндетіміз, — деп атап өтті өңір басшысы.

23 шақырымдық су құбыры Қаражалдың шөлдеген жеріне жан бітіріп, бау-бақша егіп, тіршілік қылған жұрттың жүгін жеңілдетпек.

Ендігі кезек — мердігердің жауапкершілігі мен биліктің қатаң бақылауында.

Қала әкімі өңірдің әлеуметтік-экономикалық келбетін түбегейлі өзгертетін 8 ірі инвестициялық жобаны таныстырды.

Қаланың 25-орамындағы № 20 үйдің тұрғындары үшін жақсы жаңалық бар. 2024-2026 жылдарға жоспарланған жоба аясында бұл үйдің инженерлік-коммуникациялық желілері толық жаңартылады.

Қаржыландырудың негізгі бөлігі, яғни 90 пайызы республикалық бюджеттен бөлінбек, бұл жұмыстың маңыздылығын айқындап отыр.

Қаражал қаласындағы № 1 және № 3 көппәтерлі үйлердің де инфрақұрылымы назардан тыс қалмады.

2026 жылға жалғасатын бұл құрылыс тұрғындардың коммуналдық мәселелерін түбегейлі шешуге бағытталған.

Жәйрем кентінің жеке тұрғын үй құрылысы аймақтарына жайлылық келеді.

Қазіргі таңда жобаның 2-ші және 3-ші кезеңдеріне қаржы бөлініп, 2026 жылға дейін кенттің жаңа аудандары қажетті коммуникациялармен толық қамтылады деп күтілуде.

Қаланың кәріз желілерін қайта құрудың 2-кезеңі – өзекті мәселелердің бірі.

2024 жылы Ұлттық қор мен облыстық бюджеттен 2,3 млрд теңгеден астам қаржы бөлініп, толық игерілді.

2026 жылы жобаны аяқтау үшін тағы 650 млн теңге жұмсалмақ.

Жәйремдегі кәріз желілерін жаңғырту жұмыстары да соңғы кезеңге таяп қалды.

«Теміртау реттеу орталығы» жүргізіп жатқан жұмыстар 99,5 пайызға орындалып, жоғары көрсеткіш көрсетуде.

Қаражалдықтар үшін заманауи көпфункционалды орталық бой көтереді. 2025-2027 жылдарға арналған нысан қала жастары мен тұрғындарының бос уақытын тиімді өткізетін басты мәдени ошаққа айналады.

Спорт десе ішкен асын жерге қоятын қауым үшін хоккей кортының салынуы – үлкен тарту.

Аталған кешеннің құрылысы 2027 жылға дейін аяқталады. Енді қаражалдық спортшылар жылдың кез келген мезгілінде мұз үстінде жаттыға алады.

Ең басты әрі ауқымды жоба – Қаражал мен Жәйремді газбен қамту.

226 шақырымнан астам газ желісі мен автоматтандырылған станция салу жоспарланған.

Бұл тарихи жоба аясында биылдың өзінде Ұлттық қордан алғашқы 805,3 млн теңге бөлінді.

Бұл өңірдің экономикалық әлеуетін арттырып, халықтың тұрмыс сапасын жаңа деңгейге көтермек.

Өңір басшысы қала халқының денсаулығы – басты назарда екенін баса айтты.

Бүгінде аймақта Қаражал қаласының ауруханасы мен Жәйрем кентінің ауруханасы тұрғындарға үздіксіз қызмет көрсетіп келеді.

Биыл бұл мекемелердің материалдық-техникалық базасы айтарлықтай нығайды.

2025 жылы қос аурухананың қажеттілігі үшін 12 заманауи медициналық техника сатып алынды.

Бұл диагностика мен емдеу сапасын жаңа деңгейге көтермек.

Ұлытау облысының денсаулық сақтау саласын дамытудың Жол картасы аясында Қаражал ауруханасының инфекциялық бөлімшесіне ауқымды жаңғырту жұмыстары жүргізілді.

Ақ халатты абзал жандардың жетіспеушілігін шешу бағытында жүйелі жұмыстар атқарылуда.

Қазіргі таңда медициналық ұйымдарда 31 дәрігер мен 117 орта буын қызметкері еңбек етіп жүр.

2025 жылдың ішінде өңірге 11 жас маман тартылды.

Ең бастысы, келген дәрігерлердің барлығы қызметтік тұрғын үймен қамтамасыз етілді.

Бүгінде өңірде 6 бейінді маманға сұраныс бар.

Дәрігерлерді ынталандыру мақсатында «Өркен» ЖШС-мен жасалған меморандум аясында 5 дәрігерге ай сайын 200 мың теңге көлемінде қосымша үстемақы төленіп келеді.

Мамандарды тарту және оларға қолайлы жағдай жасау жұмыстары әкімдіктің тікелей бақылауында қала бермек.

Балалардың жайлы әрі қауіпсіз ортада оқуы үшін Жәйрем кентіндегі екі ірі білім ошағында ауқымды жұмыстар басталды.

№ 10 мектептің күрделі жөндеу жұмыстарына 530,8 млн теңге бағытталды.

№ 30 мектептің екі жылға жоспарланған жаңғырту жұмыстарының құны 1,4 млрд теңгеден асады.

Бұл нысандардың құрылысы 2026 жылы толық аяқталып, оқушылар үшін есігін айқара ашады.

Тұрғындар үшін ең маңызды жаңалықтың бірі – Вокзал шағын ауданында жаңа білім ордасының бой көтеруі.

80 орынға лайықталған жаңа мектеп құрылысы биыл басталып, ағымдағы жылдың соңына дейін пайдалануға берілмек.

Қаланың табалдырығы саналатын теміржол вокзалы ғимараты да танымастай өзгереді.

2025-2026 жылдарға жоспарланған қайта жаңғырту жұмыстарына 345 млн теңге бөлінді.

Бұл тек қасбетті жаңарту емес, жолаушылар үшін барлық қолайлы жағдайды жасауды көздейтін ауқымды жоба.

Жиын соңында өңір жұртшылығы көкейде жүрген сауалдарын қойып, қала басшысынан тұщымды жауаптар алды.

Тұрғындар вокзал маңындағы жарық пен абаттандыру жұмыстарының кешігуіне алаңдаушылық білдірді.

Қала әкімі қазіргі уақытта нысанда жөндеу жұмыстары жүріп жатқанын, ол аяқталған соң жарықтандыру жүйесі мен вокзалдың сыртқы келбеті толық қалпына келтірілетінін айтты.

Көкорай подхозы елді мекендегі су, жол және жарық мәселелері бойынша сұрақтар көтерілді.

Қала басшысы бұл мәселелерді алдағы жұмыс жоспарына, яғни күн тәртібіне енгізіп, бақылауға алатынын жеткізді.

25-квартал, 15-үй, яғни ардагерлер үйі маңына асфальт төсеу мәселесі көтерілді.

Әкімнің айтуынша, бұл жұмыстар газификациялау мен кәріз жүйелерін жүргізу толық аяқталғаннан кейін қолға алынбақ.

Газ желісіне қосылу кезінде есептегіштерді кім орнататыны туралы сауалға бұл сұрақпен мердігер мекеме айналысатыны айтылды.

Жәйрем кентінде инклюзивті мектеп ашу туралы ұсыныстар алдағы уақытта күн тәртібіне енгізілетінін атап өтті.

Площадка шағын ауданынан оқушыларды тасымалдайтын көлік мәселесі де талқыланды.

Әкім бұл сұрақтың заң аясында қарастырылатынын, егер балалардың қатынауында қиындықтар болса, шешім қабылданатынын айтты.

Бейнебақылау, қаладағы қауіпсіздік камераларына қатысты мәселе өте өзекті.

Өкінішке орай, бұрын орнатылған камералардың 80 пайызын халық әдейі істен шығарған.

Алдағы уақытта бейнебақылау жүйесін қайта жаңғырту жоспарлануда.

Тойымбеков көшесі, 12, 14, 16 үйлер бойынша қойылған сауалға аталған мекенжайлар бойынша қазандық мәселесі шешімін таппақ.

Жұмыстарды бастау үшін тұрғындардың дайындығы маңызды.

Ал әлеуметтік осал топтағы азаматтарға демеушілер есебінен көмек көрсетілетін болады.

Сонымен қатар, Рысқұлов көшесінің шетіндегі заңсыз қоқыс үйінділері мәселесі бойынша тұрғындарға үндеу тасталды.

Қала тазалығын сақтау үшін қоқысты арнайы полигонға апару қажеттігі ескертілді.

Өз қаламыздың тазалығы өзіміздің қолымызда екендігі баса айтылды.

Барлық қала жұртшылығын «Таза Қазақстан» акциясына қосылып, өңіріміздің көркеюіне үлес қосуға шақырды.

Кездесу соңында қала басшысы әрбір өтініш назардан тыс қалмайтынын және жұмыстардың орындалу барысы халыққа ашық түрде жарияланып отыратынын атап өтті.

Ол өз сөзінде тек бюджеттік жұмыстарды орындап қана қоймай, қала мәдениетін бірге қалыптастыру керектігін баса айтты.

Есеп беру кездесуі нәтижелі деп танылып, халықтың ұсыныс-тілектері алдағы даму жоспарына негіз ретінде қабылданды.

Жазира СЕЙДҒАБИҚЫЗЫ