Мәлім де беймәлім Балтабеков

Қаражал қалалық мәслихатының 2024 жылғы 17 қазандағы №201 шешімімен аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау бойынша белсенді қызметі, өскелең ұрпақтың бойында патриотизм мен азаматтық сезімін қалыптастыруға қосқаны үшін бірқатар азаматтарға «Қаражал қаласының Құрметті азаматы» атағы берілді. Солардың қатарында Жаңатай Балтабеков те бар.

Қазыналы Қаражал өңірі талай таутұлғаларға тұғыр болған мекен. Осы жерде еңбек жолын бастап, елге танымал азамат атанған жандар аз емес. Тіпті, бұл өңірде туып өспесе де еселі еңбегінің арқасында ел қадірлеген жандар да жетіп артылады. Солардың бірі біздің бүгінгі кейіпкеріміз отставкадағы полковник – Жаңатай Көшенұлы Балтабеков.
Осы жерде оқырмандарымыздың тарапынан «Егер Балтабеков елге танымал тұлға болса, неге ол мәлім де беймәлім болып тұр» деген заңды сұрақ туындары анық. Иә, Жаңатай Балтабековтың танымалдығына еш шүбә жоқ. Бірақ, оны кешегі кеңес дәуірінің, дәлірек айтқанда тоқсаныншы жылдарға дейін еңбек еткен жандар ғана жақсы біледі. Ал, кейінгі ұрпақ Жәкеңді «жыға танымауы» әбден мүмкін.
Әрбір адам жеке тұлға деп қарар болсақ, әрбір тарихи кезең сондай қайталанбас тұлғаларын өмірге әкеледі. Сол тұлғаларға қоғамдағы тарихи орнына, атқарған еңбегіне орай әрқилы баға беріледі. Оларды біржақты бағаламай, қоғамдағы шынайы бейнесін тану күрделірек мәселе. Өйткені, тарихтың даму белестері кезінде кейбір ірі саяси тұлғалардың өзі саясаттың ықпалына орай, идеологиялық шеңбердің аясында бағаланды. Десек те, қоғам дамуын тұлға дамуынан бөле қарау әсте мүмкін емес. Ендеше Жаңатай Балтабеков те біздің өңіріміздің мақтанышы болуға лайықты тұлға.
Хоош. Сонымен, біз дәріптеп отырған Балтабеков кім? Енді сол жайында әңгіме қозғайық. Жәкең Сарыарқаның жасыл аралы атанған, аңыздар мекені – Көшетаудың тумасы. 1940 жылы 1 наурызда Көкшетау облысы, Щучинск ауданында дүниеге келді. «Бір кезде қоныс болған Абылайға», – дейтін, тарлан тарихтың талай-талай оқиғасына куә болған қарт Көкшенің қасиеті бала Жаңатайға ана сүтімен, әке тәрбиесімен дарыса керек. Ол жастайынан зерек болып өсті. 1957 жылы мектепті аяқтаған соң колхозда еңбекке араласты. Екі жыл еңбекпен шыңдалып, оң мен солын жақсы танып алған Жаңатай жігіт 1959 жылы талай жастың арманын орындаған ару Алматыға келіп, шет тілдері институтына оқуға түседі. Оны ойдағыдай аяқтап, ұстаздық еңбек жолын Семей облысының Маканчи ауданына қарасты Кировка селолық орта мектебінде ағылшын тілінің мұғалімі болып бастады. Бұл – 1964 жыл болатын. Сол жылы Отан алдындағы азаматтық борышын өтеу үшін Түркімен КСР-і, Кушка қаласында әскер қатарында болды.
Әскер қатарынан оралғаннан кейін 1965 жылдан 1971 жылға дейін Көкшетау облысы Щучинск қаласындағы №3 орта мектепке ағылшын тілінің мұғалімі болып еңбек етті. Ісіне мығым, талапшыл, тәртіпті қашанда бірінші орынға қоятын Жаңатай Балтабеков сол кездегі партия комитеті басшыларының назарынан тыс қалмады. Қазақстан Компартиясы Щучинск аудандық бюросының жолдамасы бойынша оны мемлекеттік қауіпсіздік органдарына қызметке ауыстырды.

Сөйтіп, 1971 жылдың мамыр айынан 1973 жылдың қазанына дейін Көкшетау облысы бойынша ұлттық қауіпсіздік комитетінің Щучинск аудандық бөлімшесінде жедел уәкілетті қызметін атқарды.
1973 жылы Қазақстанда жаңа облыс құрылды. Ол Үлкен Жезқазған өндірісінің орталығы – Жезқазған облысы еді. Жаңатай Көшенұлы 1973 жылдан 1980 жылғы мамыр айына дейін осы Жезқазған облысы бойынша ҰҚКБ 2-бөлімінде аға жедел уәкілетті қызметін атқарды.
Жаңатай Балтабековтың қазыналы өңірдегі еңбек жолы 1980 жылдың мамыр айынан басталды. Осы жылы оған Жезқазған облысы бойынша Мемлекеттік Қауіпсіздік комитеті басқармасының Қаражал қалалық бөлімінің басшысы қызметіне ұсынылды. Осы қызметте 13 жыл абыроймен тер төкті. Аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауда өзінің айшықты қолтаңбасын қалдырды. 1993 жылы жасына байланысты ҚР ҰҚК запасына шықты.
Мемлекеттік қауіпсіздік органдарына қызмет еткен кезең ішінде бірнеше мәрте шетелдік іссапарларға – Англияға, Германияға, Данияға, Норвегияға, Индияға барып қайтты, өзіне жүктелген міндеттерді табысты атқарды. Он жыл бойы Қазақстан Компартиясы Қаражал қалалық комитетінің бюро мүшесі және халық депутаттары қалалық кеңесінің депутаты болды.
«Сүйген істің сүйініші көп» дейді дана қазақ. Бір ғана мемлекеттік қауіпсіздік қызметінде еткен еңбектерінің өзі оның мерейін көтеріп, абыройын аспандатты. Бүгінде оның омырауына тағылған «70 лет ВЧК — КГБ» төсбелгісі мен КСРО-ның 6 медалі, «Ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін» естелік медалі, Қазақ КСР Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің грамоталарымен және бағалы сыйлықтары, өзге де марапаттары соның айқын айғағы. Ол, небір белсенді іс-шаралар өткізуге қатынасып, Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің және ҚР ҰҚКБ басшылығының оң бағасын иеленді.
Жәкең запасқа шыққан соң да қол қусырып қарап отырмады. Зейнеткерлікке шыққан соң өзі туып-өскен Көкше өңіріне қайыра көшіп барып, Көкшетау облысы, Щучинск ауданының әкімдігінде жұмыс істеді. Жұбайы Бадиша Оралбайқызымен бірге екі бала өсіріп, 3 немере сүйіп отыр. Ұлы Қазбек – салық қызметі басқармасы бастығының орынбасары, қызы Гүлнар – жоғары білімді педагог, қазіргі уақытта балаларын тәрбиелеумен айналысуда.
Міне, біреуге мәлім, біреуге беймәлім Жаңатай Балтабековтың өнегелі өмір жолдары осындай. Үстіміздегі жылы Ұлттық мереке – Республика күні қарсаңында Қаражал қалалық мәслихатының шешімімен Жаңатай Көшенұлы «Қаражал қаласының Құрметті азаматы» атанды. Бұл құрметті атақты Қаражал қаласының әкімі Айқын Елеусізов пен ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Қаражал қалалық басқармасының басшысы Марат Таскумбаев Щучинск қаласына арнайы барып, иесіне салтанатты түрде тапсырып қайтты.

Ізтай БеЛГІБАЙҰЛЫ