Шибөрі шабуылы күшейіп тұр. Осыны айтып Қаражал, Жәйрем, Жеңіс, Қылыш, Ақтай елді мекенінің тұрғындары дабыл қағуда. «Бұл аңды атуға рұқсат жоқ. Алайда, қолға алмаса, малды қойып, адамға шапқанды шығарды» деседі тұрғындар.
– Таңертеңгілік үйдегі балалардың мініп отырған тай-құнандарын біраз шалдырайын деп, қала сыртына шықтым. Аттарды тұсап, өзім алаңсыз отырғанымда желке тұсымнан бір ит келіп, ала түсті. Өзімде аң-таң болып, басында қимылсыз қалдым. Әлгі ит киімге тісі батпаған соң мойныма, жалаңаш денеме қарай тұмсығын тықпақ болып, одан сайын әкетіп барады. Жан-дәрмен етіп, омырауынан тіреп, ұрып, теуіп, әйтеуір, орнымнан тұрдым. Сөйтсем, ит емес, шибөрі екен. Тұра, жерден тас алып лақтырып, бар дауысыммен айғайлап, біраз бастырмаладым. Мен үстіне бармайынша қашпайды. Қайта шаппақ ойы бар. Содан шегініп-шегініп қалаға қашып келдім, – дейді қаражалдық тұрғын Киікбай Мұхметов.
Бұл жуырда ғана болған оқиға. Көрген туыстарының сөзіне сүйенсек, білегі, қолының сырты, бәрі жараланған. Оны өзі сезбепті. Тез арада ауруханаға тексертіп, әлдебір ауру жұқтырмауының алдын алып, екпе салдырған. Сол күні тұрғындар топталып, итпен, көлікпен маңайды сүзіп, шибөріні соғып алған екен. Расында, аңшылардың айтуынша, адамнан қорықпайтын секілді. Көбі оның «құтырма» ауруына шалдыққанын алға тартады. Бірақ, егер шибөрі құтырған болса, зардап шегуші де ауырар еді ғой…
Деректерге жүгінсек, қасқырдың бұл тұқымдасы бұдан біршама жылдар бұрын тек Сырдария өзенінің шығысын ғана мекендеген. Ондағы қалың нулы қамыс түз тағысының жұмақ мекені іспеттес. Шибөрі негізгі мәлімет бойынша, ауыл-аймаққа іргелес жерді мекендейді. Борсықтың, түлкі, қарсақтың ескі інін апан етіп, күн көреді. Жеміс-жидектен бастап, қоян, түлкі, қарсақ, дала тышқаны, ұсақ малдың төлі, үй құстарымен қоректенеді. Жалпы бұл аңның үй жануарына келтірер зиянынан бөлек, ең жаман аң ауруын тарататыны тағы бар. Ол – «құтырма» ауруы. Бұл аурумен еліміздің әр өңірінде 2017 жылдан бері 19 оқиға тіркелген. Оның 7-і өліммен аяқталған. Тағы бірі – 2019 жылы Түркістан облысында 8 жасар баланың ауырып қайтыс болуы. Оған ай-күннің аманында шибөрі шауып, бетін тырнап кеткен. Бұл – індетке шалдыққан аңның небәрі тырнағының өзі өлімге әкелетінінің айғағы.
Ал, шибөрі атаулының жаппай популяциясына һәм Орталық Қазақстанға дейін өтуінің себебіне келсек, бұл туралы «Охотзоопром» ӨБ республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорын маманы Ким Антон былай дейді:
– Кез келген жыртқыш аңның жем табар мекені болады. Олар сол мекенді жемі таусылмайынша, не қолайлылығын жоғалтпайынша тастамайды. Шибөрілер де бастапқыда Жамбыл облысы, Қызылордадан бері Бетпаққа, Балқаш маңына өтті. 2019 жылғы табиғат апаты, яғни, түрлі өрттің салдарынан қамысты мекен еткен аң атаулы жайылымын күшейтті. Шибөрілер тым еркінсіді. Оның бір себебі — қазір сайын далада қасқырдың көп жортпауы. Оған түрткі – аңшылардың қасқырды жаппай қырып салуы. Жабайы жануарлар бірімен-бірі селбесіп, тепе-теңдікте өмір сүруі тиіс. Мына жағдайда шибөрілерді де жаппай қырып салуға тыйым салынады. Олар егер ауылға шауып маза бермесе, тұрғындардың оларға «аңшылық қылу керек» дегені – қате байлам. Оқиға тіркеліп, адамға, я малға шабуыл жасалса, алдымен жергілікті билік өкілдері арқылы құзырлы мекендерге өтінім жіберілуі шарт. Оған зардап шеккен әр тұрғын қол қойып беруі керек. Осы арнайы құжат арқылы біз оқиға орнына барып оны анықтаймыз. Тұрғындардың құзырлы органдар рұқсатынсыз шибөріні атқаны үшін 30 мыңнан бастап айыппұл салынатынын және қаруы тәркіленетіні де ескерілуі керек.
Сонда тұрғындар қасқырдың әр шапқанында құжат реттеп, оны жергілікті әкімдікке тасуы керек пе?! Қарап тұрсаңыз, ақылға сияр дүние емес. Бұл өзі зардап шегіп, ит-құсқа таланған елге жығылған үстіне жұдырық секілді.
– Ауылға келіп азын-аулақ қой-ешкімді көбейту бар еді ойда. Көктемгі төлдің 100 пайызынан тек 60 пайызы ғана ерді биыл. Шибөрілер төлдеп жатқан қой-ешкінің төлін суырып жеп кетеді. Қалаберді өздерін тартып, қан-жоса қылып жібереді. Бағып отырған жерімізде көзімізше шабады. Тіпті, кешқұрым ауыл маңында жас баланың жылаған дауысындай ұлып, күндіз төккен жуындыға дейін жалап-жұқтап жүреді. Осыдан сескеніп, малда жүргенде қаруланып жүрсек, жергілікті аң-құсты қорғау қызметкерлері маза бермейді. Сонда біз қалай күн көреміз? «Былай тартсақ, арба сынып, былай тартсақ, өгіз өлетін» болса, – деп налиды Қылыш ауылының тұрғыны Оңғарбай Сағынжанов.
«Ұялы аңның ұяты жоқ» деуші еді. Әр тіршіліктің табиғатқа бір себі бар. Ал, осынау қатер мен қауіпті арқалаған шибөрі салған ойранның орнын кім толтырмақ? Жалманған төл мен қабылған қолдың ақысын кімнен сұрамақпыз?! Ендігі жерде шибөрі шапса, қансыраған қолмен қағаз толтырып жүргеніміз қалай болар екен?!
Жансая СӘРСЕНБАЙҰЛЫ.
(«Ortalyq Qazaqstan» газетінен).